Азаттық радиосына сұхбат берген Алматыдағы мектеп оқушылары оқулықтарында қателердің жиі кездесетінін айтады:
Мақсат Таңатаров:
- Қазақстандағы пән оқулықтарынан қателіктің кеткені масқара. Мәселен, биология, Қазақстан тарихы, алгебра, адам және қоғам оқулықтарында қате көп.
Бекзат Бақытбекұлы:
- Сызу пәні оқулығында геометрияны қосып жіберген. Сызу бөлек қалып қалған. Алгебрада формулалардың орны ауыстырылып берілген. Оқулықтарда авторлар қатені көп жібереді.
Еңлік Тезекбаева:
- Менің ойымша, көбінесе тарих және алгебра пәнінен қателер көп кетеді. Бір айта кететіні, тарих пәнінен 11- сыныптың бағдарламасы 10- сыныпта беріліпті.
Ал, Ы.Алтынсарин атындағы №159мектеп гимназиясының директоры Аягүл Төреқызы сапасыз оқулықтар оқушылардың біліміне кері әсер етеді деген пікірде:
- Пән ұстаздары қандай оқулықта қандай қателік кеткенін жасырмай, әділ түрде министрлікке жазып жіберсе, онда бұл мәселе республикалық деңгейде қолға алынып, түзелер еді.
Осы Білім академиясының зертхана меңгерушісі, қазақ әдебиеті пәндерінің 6-шы және 10-шы сынып оқулықтарының ауторы Бақыт Айтуқызы жаңа буын оқулықтарының 2000 жылдан бері қолданыста келе жатқандығын айтты:
- Әрине, аударма кезінде, компьютерде тергенде қателер кетеді. Кейде адам болғаннан кейін қателіксіз болмайды ғой. Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясының зертхана орталығы оқулықтарды тексереді, зерттейді, авторларды жинақтайды. Сондықтан оқулықтарға қойылатын кінәнің бәрін мәселе ретінде қарастыру керек емес шығар. Себебі, оқулықтардың бәрі - жақсы оқулықтар.
Білім және ғылым министрлігі қате әрі сапасыз оқулықтардың мәселесін шешуді республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығына тапсырған. Орталықтың директоры, профессор Алма Есенбекқызы сапасыз оқулықтардың жазылуын бұл салаға кәсіби біліктілігі төмен мамандардың келуімен түсіндірді:
- Жаңа буын оқулықтары келгеннен кейін, 1996 жылы үкіметтің бекіткен арнайы бағдарламасы бойынша «жалпылама оқулықтардың бәрі қазақша жазылсын» делінген соң, ауторлар саны көбейіп кетті. Оны білетін аутор бар, білмейтін аутор бар дегендей. Жалпы қазақ тілінде жазылып жатқан барлық оқулықтардың сапасы төмен деп айтуға болмас. Бірақ, кейбір оқулықтарда кетіп жатқан қателер бар.