Accessibility links

Қазақстан үкіметі ашаршылық құрбандарынан басқаларының барлығына өтемақы береді


Леонард Цой, совет билігі кезінде Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпағы. Алматы, 12 желтоқсан 2008 ж.
Леонард Цой, совет билігі кезінде Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпағы. Алматы, 12 желтоқсан 2008 ж.

Қазақстанға ССРО-ның көптеген халықтары жер аударылған. Қазақстан үкіметі репрессия құрбандарына, жер аударылып келген халық өкілдеріне өтемақы төлейді. Бірақ осы тізімде 1930 жылы болған аштық құрбандары жоқ.

КӘРІС ЛЕОНАРД ЦОЙ ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНІҢ ӨТЕМАҚЫСЫНАН БАС ТАРТТЫ

Азаттық радиосының сайтында жарияланған 1930 жылғы аштыққа байланысты жарияланымдардан соң редакцияға ұлты кәріс Леонард Цой телефон шалып, Азаттық радиосының тілшісімен кездескісі келетінін айтты.

Леонард Цой Екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі жылдарда Қазақстанға жер аударылған халықтар туралы әңгіме қозғады. Оның ойынша, көптеген халықтардың Қазақстанға жер аударылғанына қазақтар кінәлі емес. Сондықтан бұл халықтардың Қазақстан үкіметінен өтемақы талап етулері дұрыс емес.

Сонымен бірге, оның ойынша, кәрістермен бірге бірқатар басқа халықтар да басына қиындық түскен кезде баспана беріп, жылытқан, қамқор болған қазаққа риза болулары керек. Осыған қатысты Леонард Цой былай дейді:

- 1997 жылы қазақстандық кәрістер жер аударылғандарына 60 жыл толғанын атап өтті. Сол кезде Қазақстан үкіметі жер аударылып келген кәрістерге зейнеткерлікке шыққан соң респрессия құрбандары ретінде өтемақы беруге шешім қабылдаған болатын. 2003 жылы мен жасым келіп зейнеткерлікке шықтым. Сол кезде зейнетақы төлеу орталығында маған: «Өтемақы ақшасын аудару үшін барлық құжаттарыңызды алып келіңіз» деді. Мен зейнетақымен ғана өмір сүрсем де, басқа қосымша табысым жоқ болса да ол ақшадан бас тарттым. Әрине, ол ақша маған аса көп болмағанмен әжептәуір көмек болатын еді. Соған қарамастан мен одан бас тарттым.

- Неге бас тарттыңыз?

- Мен өзім де соны түсіндірмекпін. Менің әкем көзі тірісінде маған үнемі айтатын еді: «Ұлым, біздің отбасымыздың аман қалуы, осылайша өмір сүруіміз қазақтардың арқасы. Осыны үнемі есіңде сақта. Олар бізбен ең соңғы нанын да бөліп жеді, бізге баспана да болды». Мен 1940 жылы Көкшетау облысында дүниеге келгем, менің бала санамда осының бәрі жатталып қалды. Бір үйде қазақтармен бірге тұрғанымыз да есімде. Бір қазаннан Алланың жіберген несібесін бірге жегенімізді де ұмытқан жоқпын.

Леонард Цой кәрістер репрессия үшін өтемақыны Ресей үкіметінен талап етулері керектігін айтады:

- Мен Қазақстанда жақсы өмір сүрдім. Жоғары білім алдым. Үйлендім. Тамыр жайдым. Бала-шағам, немерелерім бар. Білім беру саласында жауапты қызмет атқардым. Қазір зейнеткермін. Бай тұрмасам да өкпем жоқ. Ең бастысы — басымда баспанам бар, зейнетақымды уақытылы алып тұрамын. Қазақстан үкіметі репрессия құрбандары ретінде кәрістерге өтемақы төлеп, оны менің отандастарымның алып жатқанын естігенімде онша қуана қоймадым.

Мен оны түбірімен қате әрі әділетсіз деп есептеймін. Мен өзіме таныс көптеген кәрістердің өздеріне де айттым: «Егер сендерге өтемақы керек болса, Ресей үкіметіне айтыңдар. Қазақстанның қандай қатысы бар. Сендерді қоныстарыңнан қуған қазақтар емес» деп.

Біздің сұхбаттасымыз осы өтемақыны жұмсаудың жолын да айтып берді:

- Сосын мен соқыр емеспін ғой, көріп отырмын. Көптеген қазақ отбасылары кедейшілікке шыдап отыр. Олардың не үйлері жоқ, не күйлері жоқ. Үкімет солардың мұқтажын өтесін. Солардың мәселесін шешіп берсін. Оның үстіне олардың осындай хал-жайларын көре тұрып, өтемақы ақшасын алуға менің қандай моралдық құқығым бар? Маған менің кәрістерім реніш білдірмесін, мен дұрыс шешім қабылдадым деп есептеймін.

Леонард Цойдың көтеріп отырғаны шынымен, жай мәселе емес. Сондықтан да ол салмақты талдау мен ой толғауды, пікірлесуді талап етеді.Осыған орай бұл мәселені біз саясат, заң және этика мәселелерімен айналысатын құзіретті адамдардың алдына тарттық.

Бірақ, біз алдымен ресми орындардан саяси репрессия құрбандарына өтемақы төлеу жөніндегі мәселелердің кейбір тұстарын анықтап алуды жөн санадық: өтемақыны қанша адам алады, бұл тізімде қай халықтың өкілдері көптеп саналады. Аштық құрбандары болған адамдар мен олардың балалары осындай өтемақыдан үміт ете ала ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі басқармасының бастығы Ардақ Шамиева былайша түсініктеме берді:

- Иә, біз Қазақстанға жер аударылған, артынан ақталған халықтарға репрессия құрбандары ретінде өтемақы төлейміз.Өтемақы тиісті құжаттарды өткізгеннен кейін төленеді. Ал, 1930 жылғы Қазақстанда болған аштық құрбандарына өтемақы бермейміз, себебі оны зұлмат деп тану туралы арнайы үкімет құжаты жоқ.

Алматы қаласы зейнетақы төлеу орталығы директорының орынбасары Біржан Жүнісов репрессияға ұшырағандарды ұлтқа бөлмейтінін атап айтты. Кімнің қолында өзі немесе ата-анасы репрессия құрбаны болғандығы туралы құжаты болса, олар өтемақы алуға құқылы. Ол туралы Біржан Жүнісов былай дейді:

- Республика бойынша есеп қандай екенін білмеймін. Бірақ Алматы бойынша бүгінгі күні саяси репрессия құрбандары ретінде 2427 адам өтемақы алады. Өтемақының ай сайынғы көлемі 1168 теңге (10 АҚШ доллары шамасында). Атап айтсақ, бір айлық есептік көрсеткіш. Біз өтемақы алатындарды ұлтына қарап бөлмейміз. Егер тізімдегі фамилияларға көз тоқтатып қарасақ, кәрістердің көп екенін көруге болады. Басқа да халықтардың өкілдері бар. Араларында қазақтар да, орыстар да жоқ емес.

ВАЛЕРИЙ МИХАЙЛОВТЫҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРІ

Жазушы, «Хроника Великого джута» атты кітаптың авторы Валерий Михайлов тілшіміздің сұрағынан Қазақстанның жер аударылғандарға өтемақы төлейтінін білгенде қатты таңданып:

- Ұлы Отан соғысының алдында және соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылған кәрістер мен тағы басқа халықтардың Сталин кезіндегі саяси репрессия үшін Қазақстан үкіметінен өтемақы алатындықтарын бірінші рет естіп тұрмын. Менің білетінім, Қазақстанда еңбек Армиясында болған Германиядағы бұрынғы советтік немістердің совет режимінде зардап шеккендіктері үшін неміс үкіметінен өтемақы алатыны. Ал енді кәрістер мен басқалар туралы білмейді екенмін. Ол шынымен солай ма өзі?

Өтемақы алатындардың бірі де, бірегейі де бірінші кезекте 1930 жылдың бас кезінде сұмдық аштықты бастан кешкен біздің азаматтар болуы керек еді. Аштық пен аяз бірдей қысқан сол адамдар сүйектерін сүйретіп жүріп индустрия алыптарын тұрғызды, колхоздарды, темір жолдарды, жаңа қалаларды салды.

Кәрістер Қазақстанға қай кезде жер аударылды? Соғыстың алдында, 1930 жылдың соңына таман. Ол кездерде республиканың өмірі де, шаруасы да біршама түзеліп қалған. Оларды қаншама зорлап, күштеп жер аударса да, олардың көргені 1930 жылдың басында Қазақстан жеріндегі қазақтар мен Ресей, Украина және тағы басқа сол сияқты елдерден арнайы жер аударылып келгендер көрген қиындықтар мен зорлықтың жанында түк те емес.

Мысал үшін, демографтардың мәліметін алайық. Қазақстанға соғыс алдында және соғыс кезінде жер аударылған — кәрістер, немістер, ингуштар, карачайлар, тағы басқалары тек жан сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар Қазақстанда тұрған 30-40 жыл аралығында саны жағынан да өсті. Ал қазақтардың өзі 1926 жылғы санына тек 1970 жылдың ортасына қарай ғана қол жеткізді.

Енді басқа мәселеге көшсек. Кімнен өтемақы сұрамақ? Совет үкіметі де, Советтер Одағы да құлап, жоқ болды емес пе?

Сіз қазақстандық кәріс ақшалай өтемақы туралы білгенде одан теріс айналды деп отырсыз. Меніңше, оның ісі дұрыс. Ол басқа көптеген отандастарына қарағанда – олардың көбінің көзі тірі – бұл әділетсіз іс екенін түсінген.

ҚАЗАҚТАР РЕПРЕССИЯҒА ТӨРТ МӘРТЕ ҰШЫРАДЫ

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлі Қазақстан репрессияға қатысқан жоқ, сондықтан ол совет империясының күнәләрі үшін жауап беруге тиісті емес деп есептейді. Сонымен бірге, Жасарал Қуанышәлі бірінші кезекте қазақтар өз жерінде отырып, мүмкін болған барлық эксперименттер мен репрессиялардың құрбаны болды, жеріне күштеп қоныстанғандар мен жер аударылып келгендерден зұлмат пен қорлықты көп көрді дейді.

Жасарал Қуанышәлі қазақ халқы көрген зұлмат пен репрессия туралы былай дейді:

«Қазақстанға репрессияға ұшыраған адамдарды орналастырған кезде, қазақтарға да сондай репрессия болды деуге болады. Ол туралы, неге екенін қайдам, ешкім жақ ашпайды. Қоныс аударып келгендер үшін дайын үй, дайын тамақ болмады. Сондықтан әрбір қазақ отбасы өздері қысылып-қымтырылса да соларға төрінен орын берді, бәрінен айрылса да бүкіл қиындықты өз мойындарына алды. Аштықтан еңсесін көтере алмай жатқанда оларға жаңа қиындықтар жамала берді. Аштықтан жарты қазақ қырылып қалса да әлі күнге дейін ол не репрессия, не зұлмат деп есептелмей келеді.

Тағы бір айта кететінім, жалпыға белгілі жайт болғанымен, зерттеушілер аз айтатын мәселе — аштық өз алдына, қазақ көрген зұлматтың бірі: барлық қазақты ел ішінде ығыстырып, қайта қоныстандыруы. Оларды өздері мекендеген құнарлы, шүйгін жерлерінен айырып, шөл және жартылай шөлейт жерлерге тықсырып тастауы. Көбі сол жерлерде күні бүгінге дейін отыр. Бұл дегеніңіз нағыз зұлмат, өз жерінен қуу емей немене? Олардан алынған құнарлы жерлерге Ресей мен Украинадан жер ауып келгендерді қоныстандырды.

Міне сонымен өз жерінде екі зұлматты – қонысынан бездіру мен жер ауғандарды қабылдауды бастан кешірген қазақтарды репрессияға ұшырағандар қатарына қосып, мойындамауда. Бұл — адам нанғысыз әділетсіздік, қатігездік. Бұған халық мұқтажынан тыс, бөлекше өмір сүріп жатқан бүгінгі билік кінәлі.

Репрессияға ұшырағандарға өтемақы туралы айтсақ, оны ең бірінші қазақтар алуы керек еді. Ал, басқа Қазақстанға күштеп жер аударылып келгендер өз өтініштері мен талаптарын Ресейге айтқаны жөн, себебі қазіргі Ресей бұрынғы ССРО-ның мұрагері болып табылады. Оны ресейліктер заң деңгейінде қабылдап алған. Сондықтан олар бұрынғы Советтер Одағының барлық міндеттемелері мен күнәләрі үшін жауап беруге міндетті.

РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАНДАРҒА ӨТЕМАҚЫ БЕРУ — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТӘЖІРИБЕ

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтистің пікірі басқаша. Оның ойынша, Қазақстан бұрынғы Советтер Одағының басқа да мемлекеттері сияқты өз елінде болған оқиғалар үшін бірдей жауапты. Сондықтан да саяси репрессия құрбандарына өтемақы төлеу қалыпты жағдай деп есептейді. Әлемдік тәжірибеде осыған ұқсас жайттар болған, дегенмен ССРО қайталанбас империя болды, - дейді Евгений Жовтис.

Сондай-ақ, Евгений Жовтис күштеп қоныстандырылған азаматтарға өтемақы беру әділетті іс деп есептейді:

- Репрессияның түрі көп. Бір халық түгелімен, жекелеген адамдар немесе олардың туыстары репрессияға ұрынды. Кейіннен, ақтала салысымен оларға өтемақы белгіленді. Советтер Одағының құрамында көптеген республикалар болды. Одақ 1991 жылы ыдырады. Репрессияланған-қудаланған адамдардың біраз бөлігі бұрынғы орындарында қалып қойды. Барлық жерлерде оларға өтемақы беріле бастады. Себебі, осы республикалар бұрынғы біртұтас елдің бөлшегі еді.

Иә, тегінде, мұндай талаптарды Ресейге қою керек, себебі репрессияның ордасы сол арадан басталды. Ресми түрде бұрынғы ССРО-ның мұрагері болып табылады. Дегенмен, құқық талабымен сараласақ, әрбір республика жалпы өткен күнәләріне жауап беруі керек. Біз Ресейдің де репрессияны бастан кешкенін білеміз. Сондықтан қазір Қазақстанның өтемақы беруі тарихи әділеттілікті орнатудың бір шарасы болып табылады.

- Ал бұл туралы халықаралық тәжірибе не дейді?

- Советтер Одағы әлемде теңдесі жоқ ғажап империя. Сонда да, аса сәтті теңеу болмаса да мысал ретінде айтуға болады. Мысалы, ССРО-ны Африка және Шығыс Азияда колония ұстаған Нидерланды және Ұлыбританиямен салыстырып көріңізші. Міне, кезінде колонияда болған осы елдердің тұрғындары бұл күндері бірнеше ғасырлар өтіп кетсе де, бүгінгі голландықтардың ешқандай қатысы болмаса да, ата-бабалары жүз жыл бұрын жіберген қателіктерінің өтеуі ретінде сол бұрынғы империядан жеңілдіктер алады.

Сондай-ақ, Германияда да еврейлерге қатысты жеңілдіктер бар. Дегенмен, қайталап айтсақ, кешегі ұлтшыл Германияға бүгінгі Германия басшылығының ешбір қатысы жоқ. Бірақ, бүгінгі немістер өздерінің жауаптылығын құқықтық негізде сезінеді. Сол сияқты қирап қалған Совет Одағының қалдықтарынан құрылған жаңа мемлекеттер де ақталғандар алдында ғана емес, сондай-ақ, репрессияға ұшыраған халықтар алдында да өздерінің құқықтық, моральдық жағынан жауапкершілігін сезінеді.

Қымбатты оқырмандар, алматылық зейнеткер Леонард Цойдың бұл көтерген мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан біз сіздерді осы пікірталасқа шақырып, сіздердің ой-пікірлеріңізді күтеміз.

XS
SM
MD
LG