«БАСҚА ЖУРНАЛИСТ ТУРАЛЫ АЙТҚАН ЕДІК..»
Сәрсенбі күні түс кезінде Геннадий Павлюкке қатысты жаңалықтар агенттіктері арқылы таратылған ақпарат былтырғы жылдың соңында Алматыда қаза болған қырғыз журналисінің ісі жайлы дүдәмал ой туғызды. Бірнеше сағат бойы ақпарат агенттігінің интернет сайтында тұрған бұл мәлімет сәрсенбі күні түстен кейін алынып тасталынды.
Десе де, бұл мәлімет әлемдік ғаламторға кеңінен тарап кеткен еді. Ал, Қазақстанның ішкі істер министрлігіне мұндай мәліметті күні бойы жоққа шығаруына тура келіпті.
– Бұл дұрыс емес. Біз басқа журналист туралы айтқан едік, – деді Азаттық радиосына Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысының орынбасары Олег Иващенко.
Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк өткен жылы 16-желтоқсанда Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, Алматы ауруханасында ауыр жарақаттың салдарынан 22-желтоқсанда көз жұмды. Қайғылы оқиғадан төрт күн өткенде, 26-желтоқсанда stan.tv бейнепорталының тілшісі Саят Шүлембаевтың өлі денесі Алматыдағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде табылды.
Алматы полициясы осы екі оқиғаға қатысты кісі өлімі мәліметі бойынша екі бөлек қылмыстық іс қозғады. Бүгінгі жанжал бір жетінің ішінде қаза болған екі журналисті шатастырудан туындап отыр деп түсіндірді министрліктегілер.
– Журналистің сұрақтарына жауап берген баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов қырғыз журналисі Павлюкке қатысты «қазіргі таңда ішкі істер министрлігі, тергеу ісі жүріп жатқандығына байланысты, жасалған қылмыстың мән-жайын, сондай-ақ күдіктілер туралы мәлімет бере алмайды. Бірақ барлық тергеу жұмыстары аяқталған соң біз қылмыстық іске қатысушылар туралы ақпаратты толық жариялайтын боламыз» деп хабарлады.
Келесі сұрақ stan.tv журналисі туралы қойылды. Бұл сауалға баспасөз хатшысы «Алматы қаласының ішкі істер департаментінде Шүлембаевтың ісі бойынша арнайы шұғыл-тергеу тобы құрылды. Қазіргі таңда тергеу бірнеше болжам келтіріп отыр. Бұл болжамдарының ешқайсысы журналистің кәсіби қызметіне байланысты емес» деп хабарлады, – деді Олег Иващенко сәрсенбі күні Азаттық радиосына.
«БҰЛ – САЯСИ КІСІ ӨЛТІРУШІЛІК»
Қырғызстанның бірлескен халық қозғалысы журналист Геннадий Павлюкке жасалған қастандықты «арнайы ұйымдастырылған террорлық акт» деп бағалады. Қазақстандық саясаткерлер де бұл қылмыстың саяси астары бар деп біледі.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағасының жеке өкілі, қазақ сенаторы Әділ Ахметов те осындай пікірді ұстанады.
– Бұл - саяси кісі өлтірушілік дегім келеді. Біреудің жолына ол «кедергі» болған. Адал журналист өз ісін атқарған. Қолдан келер не шара? Қылмыс тіркелді. Айыптылар ұсталды. Әрине, тиісті іс-шаралар қабылданады, – деді Әділ Ахметов Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету салтанаты кезінде «К+» телеарнасына берген сұхбатында.
Бұған дейін қазақ полициясы «Павлюкті өлтіру оқиғасы бойынша қылмысқа қатысы бар Қырғыз республикасының бірнеше азаматы анықталды» деп жариялаған болатын. Қазақ және қырғыз полициялары бұл істі бірлесіп тергеп жатқандарын хабарлап отыр.
Қырғыз журналистері үшін былтырғы желтоқсан «қаралы айға» айналды. Геннадий Павлюктің өлімі алдында ғана Бішкекте ресейлік журналист және саясаттанушы Александр Князевті соққыға жығып кетті. Одан соң Росбалт ақпарат агенттігінің тілшісі Александр Евграфов та дәл осындай жағдайға тап болды.