Accessibility links

АҚШ адам саудасына қатысты Қазақстанды сынады


Көршілес елдерден заңсыз келген мигранттардың балалары Алматы базарында жұмыс істеп жүр. 6 маусым 2007 жыл.
Көршілес елдерден заңсыз келген мигранттардың балалары Алматы базарында жұмыс істеп жүр. 6 маусым 2007 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті адам саудасы туралы дәстүрлі баяндамасын жариялады. Онда әлемдегі ерлер мен әйелдердің және балалардың еңбегін қанап, тәнін саудалау ісіне қатысы бар елдердің бірі ретінде Қазақстанға да сын айтылған.


ҚҰЛДЫҚТЫҢ ӘРҚИЛЫ ТҮРЛЕРІ

АҚШ мемлекеттік департаментінің адам саудасын бақылау және онымен күрес басқармасы өзінің жыл сайын шығарып отыратын адам саудасы туралы баяндамасының 2010 жылға арналған есебін жариялады. Құжатта 2009 жылы әлем үкіметтерінің адам саудасының ауыр түрлеріне және осы заманғы құлдық нысандарына қарсы күрес жүргізу бағытындағы жұмысына шолу жасалған.

Әлемнің 175 еліндегі адам саудасының ахуалы сипатталған осы баяндамада Қазақстанның мәжбүрлі түрде жұмыс күшіне айналғандар мен жезөкшелікке жегілген адамдарды әкелетін, тасымалдайтын және аралық көпір қызметін атқаратын елге айналып отырғаны жазылған.

Қазақстандық әйелдер мен балалар Қазақстанның ішінде де саудаға салынатыны, оларды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресей, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Грекия және Израильге жөнелтетіні айтылған.

Сол секілді Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина әйелдері мен жас қыздары Қазақстанда күштеп жезөкшелікке жегілетіні жазылған.

«Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолиядағы секілді қазақстандық ерлерді, әйелдер мен балаларді ел ішінде үй жұмысына, темекі және мақта алқаптарына, ет өңдеу кәсіпорындарының жұмысына күштеп салады», – деп жазған баяндама ауторлары.

МАҚТА АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ БАЛАЛАР

Қазақстанның оңтүстік өңірінде 2009 жылы мектеп жасындағы балалардың 25 пайызы мақта жинауға шығуға мәжбүр болған.

Былтырғы жылы Қазақстанның оңтүстік өңірінде 900 мектептен жеті мен он жеті жас аралығындағы балалар жергілікті шенеуніктердің бұйрығы бойынша мақта теруге шыққан.

Бұл іс бойынша жергілікті прокурорлар тергеу ашқанымен жергілікті шенеуніктердің ешбірі сотталып, істеген ісіне лайық қылмыстық жаза өтемеген. Мектеп әкімшіліктерінен 27 лауазымды адам сөгіс немесе ескерту алды, оған қоса балаларды мақта жинауға мәжбүрлеу тәжірбиесін жоюға қауқарсыз айыппұлдар салынған.

Құжатта мақта жинаудан бас тартқан бір оқушыға мектеп директорының орынбасары тап бергені айтылады. Мектеп басшылығы мақта теруге шықпаған жағдайда келесі бір оқушыларға емтиханда нашар баға қоятынын айтып, қорқытқан.

ҚҰРБАНДАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН КӨМЕК МАРДЫМСЫЗ

АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл жолғы баяндамасында Қазақстан үкіметінің адам саудасына қатысты жағдайларды жою жөнінен ең төменгі стандарттарды толықтай сақтамағанымен, есесіне ахуалды жақсарту мақсатында елеулі күш жұмсап жатқаны айтылған.

Алайда, соған қарамастан, қазақстандық билік күштеп жұмысқа салынған адамдарды немесе шетелдік құрбандарды анықтау және көмек көрсету ісінде айтарлықтай қажыр-қайрат жұмсай қойған жоқ деп жазады баяндама ауторлары.

Сонымен бірге Қазақстан үкіметі адам саудасына қатысы барларды, оның ішінде мәжбүрлеп жұмыс істетуге қатысы бар лауазымды адамдарды, шенеуніктерді сот тәртібінде қуғындау, соттау, жазалау ісінде де көзге көрінерліктей белсенділік танытпағаны айтылған.

Үкімет 2009 жылы мәжбүрлеп жұмысқа жегілгендерді анықтауға шамалы ғана қажыр-қайрат танытты. Үкімет тарапынан анықталған мұндай жайттар бойынша мәжбүрлі түрде жұмыс істеген адамдардың саны он екі кісі екені ғана белгілі.

Былтыр Қазақстан билігі үкіметтік емес ұйымдарға Астанадан адам саудасының құрбандарына арналған қабылдау орындарын ашуға және осы мәселеге қатысты қоғамның хабардар болуын арттыруға деп 55 мың доллар бөлген-ді.
XS
SM
MD
LG