Accessibility links

Оппозициялық саясаткерлер мен журналистер Алматыда наразылық шарасын өткізбек


Болат Әбілов, "Азат" партиясының төрағасы.
Болат Әбілов, "Азат" партиясының төрағасы.

Қазақстандық баспасөз күні қарсаңында оппозициялық саяси қайраткерлер мен журналистер елде қудалауға түскен әріптестері мен ақпарат құралдарына қолдау білдіру үшін наразылық акциясына шығатындарын мәлімдеді.


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҚ ЕРКІНДІГІНІҢ АХУАЛЫ

Қазақстандағы «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева елдегі сөз бостандығының жағдайы жылдан жылға нашарлап бара жатқандығын айтады.

- Мен кеше әдетте көрмейтін, оқымайтын республикамыздағы «тәуелді» басылымдарды шолып шықтым. «Біздің елде бәрі тамаша» деген ұранмен жүретін ақпарат құралдарын бейжай бақылауға болмайды. Ол сонда жұмыс істейтін журналистер мен операторлардың кесірінен емес, ол елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарын жаншудың кесірінен, – деді Тамара Калеева маусымның 23-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Тамара Калеева (сол жақта) және Юрий Мизинов. Алматы, 23 маусым 2009 ж.
Заңнамалық жаншу, одан қалды әкімшілік қысым. Маман осының кесірінен елде еркін ойды айтатын кеңістік азайып барады деп баға берді.

- Журналистерге қатысты миллиард пен миллиондаған талаптармен қылмыстық істердің ашылуы – елдегі тәуелсіз баспасөзді тұншықтырып жатыр, - деді Тамара Калеева.

Мамандар қисынға келмейтін моральдық өтемақыларды талап ету бірқатар ақпарат құралдарының жұмысын тоқтатуға алып келгендігін айтады. Соның бірі депутат Ромин Мадиновқа 30 миллион теңгені қайтара алмай жабылып қалған «Тасжарған» басылымы еді.

Басылымның «бас оқырманы» Ермұрат Бапи, «Тасжарғанды» басқа басылымдардың ішінен шығару жолдарын
Журналистерге қатысты миллиард пен миллиондаған талаптармен қылмыстық істердің ашылуы – елдегі тәуелсіз баспасөзді тұншықтырып жатыр.
қарастырып жатқандығын айтады. Алайда қара бұлт «Тасжарғанның» ғана басына емес, журналистің де басына төнгенге ұқсайды.

- Осыдан жарты ай бұрын істі бас прокуратура өздеріне қайтарып алыпты. Содан кейінгі шешім бойынша, маған қарсы қылмыстық іс қозғалған екен. Бірақ мен ол жөнінде әзірге ресми түрде хабарсызбын. Естуімше, қылмыстық іс «соттың шешімін орындамау жөніндегі» Қылмыстық кодекстің 362-шы бабы бойынша қозғалған көрінеді, – дейді Ермұрат Бапи.

БАС КЕСПЕК БОЛСА ДА, ТІЛ КЕСПЕК ЖОҚ

Елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарының жағдайына назар аударту мақсатында қазақстандық бір топ қоғам қайраткерлері мен журналистік ұйымдардың өкілдері осыған дейін бірнеше наразылық акцияларын ұйымдастырған болатын. Алайда олар еш нәтиже бермеген еді.

Ермұрат Бапи (сол жақта) және Раушан Есіргепова - Таразда сотта айыпталып отырған журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Алматы, 23 маусым 2009 ж.
Соған қарамастан олар маусымның 24-інде тағы да өздерінің проблемаларына назар аударту мақсатында шеру өткізбек. «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов билік тарапынан бұл шеруге бірнеше рет рұқсат берілмегендігін айтады.

- Біздің елде тәуелсіз БАҚ-тарға қысым мен сот процестері кең етек алуда. Осыған өз көзқарасымызды білдіру мақсатында осы айдың 20-сы мен 27-сінде шеру ұйымдастырмақ болып әкімшілікке өтініш берген едік. Алайда бізге рұқсат берілмеді. Алғашқысында біз көрсеткен алаңда түлектердің салтанатты кеші өтетіндігі айтылды. Ал екіншісінде, дәл сол күні ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді екен, – дейді ол.

Дегенмен олар маусымның 24-інде бәрібір бас қосып, өз көзқарастарын білдіріп, шара өткізбек ниетте.

Болат Әбілов елдегі журналистерге кәсіби мерекесіне орай өз наразылықтарын білдіруге арналған митинг өткізуге тұңғыш рет рұқсат берілмей отыр дейді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАСПАСӨЗДІҢ ЖАРТЫ ЖЫЛДА БАСЫНАН ӨТКЕРГЕНДЕРІ

30 миллион теңгенің талабы «Тасжарған» газетінің жабылуына әкелді.

Басылымның «бас оқырманы» Ермұрат Бапиге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Время» газетінің редакциясының үстінен берілген арыз-шағымның негізінде басылымнан 1 миллиард 150 миллион талап етілді.

«Свобода слова» газеті қатарынан 3 талап бойынша сотқа тартылуда.

Таразда «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есіргеповке қатысты жабық сот процесі өтуде.

«Zonakz» интернет басылымына электронды шабуылдар жасалынып, «Жас алаш» газетінің электрондық басылымы кілттеніп тұр.

Екі журналист қамауға алынып, екеуі темір торға тоғытылды.

Журналистер мен БАҚ-тарға қатысты 72 азаматтық-құқықтық талаптар болған.

Сондай-ақ, 7 журналистке шабуыл жасалынып, 2 бұқаралық ақпарат құралы өз жұмысын тоқтатты.

Бұл 2009 жылдың алты айының ішінде Қазақстандағы тәуелсіз баспасөз құралдары мен журналистердің басынан өткен жағдайлардың кейбірі ғана.
XS
SM
MD
LG