Accessibility links

Қарағанды прокуратурасы ұлтаралық араздықты қоздырды деп АРТ телеарнасын сотқа берді


«АРТ-ТВ» телекомпаниясының директоры Руслан Никонович. Қарағанды, 21 мамыр, 2009 жыл.
«АРТ-ТВ» телекомпаниясының директоры Руслан Никонович. Қарағанды, 21 мамыр, 2009 жыл.

Прокуратура АРТ телеарнасы эфирден ұлтаралық қақтығыс туғызатын мазмұндағы смс хабарлама таратты деген айыппен, оның қызметін тоқтатуды сұрап, сотқа жүгінді. Телеарна басшылығы даудың төркіні басқада деп есептейді.

ПРОКУРАТУРА ТЕЛЕАРНАНЫ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМДІ ӨРШІТПЕК БОЛДЫ ДЕП АЙЫПТАДЫ

Мамырдың 21-і күні Қарағандының ауданаралық экономикалық сотында іске қатысты бірінші тыңдалым өтуі тиіс еді. Алайда телеарна тарапынан қорғаушыға сенімхаттың дұрыс рәсімделмегендігінен істің қаралуы кейінге шегерілді.

Дегенмен, бірінші отырыстың басында айыптаушы жақ - прокуратура өкілі телеарнаға тағылған айыптарды оқып берді. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңына сүйенген айыптаушы жақ телеарнаны ұлтаралық қақтығыс тудыратын әрекеттерге барды, Ата заңда көрсетілген ережелерді заңсыз түрде бұрмалауға жол берді және терроризм мен экстремизмнің өршуіне әрекет жасады деп отыр.

– Прокурор айыптарды оқып келе жатып: «экстремизм мен терроризмді өршітуге қадам жасады» дегенде таң қалдым. Мен заңгер адам емеспін, бірақ, бұл жерде терроризмді қайдан көруге болады? Әлде мен қателесем бе? Сосын прокурор осы іске жаңағы смс жіберушінің ісін де қосып қарау туралы судьяға ұсыныс жасады. Экономикалық сотта жеке адамның қылмыстық ісі қалай қаралатыны да түсініксіз. Ал жалпы алғанда, сол күні эфирде болған адам – техникалық жұмыскер жазасын алуы тиіс. Ол үшін бүкіл ұжымның жұмысын тоқтату дегенге түсінбеймін, – дейді телеарнаның ақпараттар қызметінің бастығы Әлия Сыздықова.
Прокуратура өкілі Рүстем Дүйсенбаев. Қарағанды, 21 мамыр, 2009 жыл.

Сот ісіндегі мемлекеттік айыптаушы Рүстем Дүйсенбаев тағылған айыптарды оқи келе соттан телеарнаның жұмысын мүлдем тоқтатуды, оларға Мәдениет және ақпарат министрлігінен берілген есепке алу туралы анықтаманың күшін жоюды және осы арыз қаралып жатқан кезде меншік иесінің телеарнаны басқа біреудің атына аударып немесе сатып жіберуіне заңды тосқауыл қоюды сұрады.

ДАУЛЫ ІСКЕ ЕКІ СМС ХАТ ТҮРТКІ БОЛДЫ

Прокуратураның талабына биылғы жылы наурыздың 21-і күні түстен кейінгі АРТ телеарнасының эфирден берілген хабарында жүгіртпе жолмен шыққан 2 смс хаттың мазмұны түрткі болған. Олардың біріншісі бір ұлттың өкілдерін екінші ұлтқа айдап салуға шақырған сөздермен шықса, шамамен 15 минуттан кейін эфирден жіберілген екіншісінде әлгі шақыруды қабыл алатыны айтылған жауап жазылған.

Телекомпания өкілдері болса дәл сол күні телеарна эфиріндегі кезекшіліктегі техник маман қазақ тілінде жазылған әлгі сөздердің мән-мағынасын түсінбей, эфирге жіберген деп ақталмақ болады.
"АРТ-ТВ" қызметкері Әлия Сыздықова. Қарағанды, 21 мамыр, 2009 жыл.

– Ұлтаралық араздық тудыратындай дейтін емес, өйткені, бұл хаттар экраннан бір рет қана өтіп үлгерді сосын біз оны тоқтаттық қой. Кім біледі, әлгі техникті біреулер әдейі азғырып немесе басқалай әрекеттер істеп осы хаттарды қабылдатқан шығар. Оны біз қызметтен шеттеттік, бірақ жұмыстан шығарылған жоқ, себебі, ертеңгі күні тексерістерде мұндай жағдай анықталып жатса оның осы арнаның қызметкері ретінде жауап бергенін қалаймыз. Тағы бір түсініксізі – смс хат жолдаушыларды жауапқа тартып жатса, біздің үстімізден неге экономикалық сотқа арыз бергендігі, – дейді телеарнаның өкілі Әлия Сыздықова.

Ал полиция қызметкерлері осы даулы іске негіз болған сол екі смс хатты жолдағандардың кім екенін анықтаған көрінеді. Оның біріншісі – жас жігіт болса, екіншісі шенеунік деп хабарланып отыр.

– Біз хат жолдаған адамды қолға түсірдік, қазір оны психиатр мамандар қарап, ақыл-есінің дұрыстығын анықтайды. Ал екінші смс хатын жолдаушының мәтінінен заңға қайшы келетін әрекет көрмедік. Өйткені, бұл мәселелер бойынша арнайы филологиялық сараптама жүргізілді, – дейді облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары Василий Башинский.

Бірақ ол екінші адамның нақты қандай қызмет атқаратын шенеунік екенін айтудан бас тартты.

ТЕЛЕАРНА БАСШЫЛЫҒЫ ДАУДЫҢ ТӨРКІНІ БАСҚА ДЕП САНАЙДЫ

«Компания ТV-арт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Руслан Никонович бұл мәселенің түп төркіні басқада жатыр дейді.

– Мәселенің мән-жайы мынада. Жылдың басында облыс, қала көлемінде хабар таратушы ақпарат құралдарына мемлекеттік бюджеттен ақша қарастырылып, көптеген басылымдар арасында тендер ойнатылып, ұтқанына беріледі. Барлық құжаттарымыз қойылатын талаптарға сай болғанымен, біз бірінші айналымнан да өтпестен тендерден шығып қалдық. Бұл жылда қайталанатын нәрсе. Осыдан кейін біз тендердің әділетсіз өтуіне байланысты шағым жазып, облыс прокуратурасына жолдадық. Ондағылар болса бұл шағымды қаржылық бақылау агентігіне бағыттап жіберді. Соңғылардың шығарған шешімі бойынша тендер әділ өтті делінген. Осы дауласулардан кейін-ақ телеарнада барлық құзырлы орындардың бітпес тексерістері басталды. Алайда ешқандай заңға қайшы келетін әрекеттер табылмаған соң, олардың соңғы амалдары осы болды, – дейді телеарна директоры Руслан Никонович.

Келесі сот процесі Қарағанды ауданаралық экономикалық сотында маусым айының 5-і күні сағат таңертеңгі 10-ға белгіленді.
XS
SM
MD
LG