Accessibility links

Сахан Досова жедел жәрдем келгенше бақилық болды


Сахан әжей 130 жасқа толған күні. 27 наурыз 2009 ж.
Сахан әжей 130 жасқа толған күні. 27 наурыз 2009 ж.

130 жасқа толған қарағандылық Сахан Досова билік тарапынан бөлініп, бірақ құжаттары дайындалып үлгермеген пәтерде 19 күн жатып, дүниеден өтті. Жақындарының айтуынша, алғаш келген дәрігерлер тек ине салып кетсе, екінші рет олар жеткенше әжейдің демі үзілген.


ЖАҢА ҮЙГЕ КІРГЕНДЕ ЖАМБАСЫН ЗАҚЫМДАҒАН САХАН ӘЖЕ СОДАН ОҢАЛА АЛМАДЫ

Сахан Досова әжей биыл қала әкімдігі өзіне берген пәтерге кірген күні дәретхана ішінде құлап жамбасын мертіктірген болатын. Содан бері төсек тартып жатқан кейуана күнделікті дәрігерлердің бақылауында болып келді. Мамырдың 8-і күні әдеттегідей дәрігерлердің қарауынан кейін кешкі сағат 10-дар шамасында әженің тынысы тарылып, қинала бастаған соң үйдегілер дереу жедел жәрдем шақыртқан.

Үйге келген жедел жәрдем қызметкерлері Сахан Досоваға укол салып, тынысы тарылуын оның орнынан тұрмай жатуына байланысты жұтқыншағына қақырық толып қалғанымен түсіндірген. Сонымен қатар олар дереу дәріханаға барып, сол қақырықты соратын арнайы құрылғы сатып әкеп, әлсін-әлсін осы процедураны қайталап тұруларын айтып кеткен.

- Содан түнде барлығымыз шарқ ұрып, әлгі дәрігерлер айтып кеткен «грушаны» іздедік. Ол құрғыры барлық дәріханаларда болмайды екен. Аяғымыздан таусылып іздеп, іздесін деп барлық туыстарымызға да телефон шалдық. Олар да таба алмапты. Содан қайтадан жедел жәрдемге хабарлассақ, ондағылар: "дәрігерлер қарады ма? Не деді? Десе сол айтқандарын неге істемейсіңдер?" деп миды ашытты. Мен оларға "сендерде сол груша болмай ма" десем, "жоқ" дейді. "Енді онда келіңдер" десем, "келе алмаймыз, сендерге келіп кетті ғой" деп жауап берді. Содан ашуланып полицияға қоңырау шалып барлығын айтып соларды шақырттым, - дейді әжейдің немересі Нүкен Әлкешова.

Қария қатты қиналып бара жатқан соң, Нүкен жедел жәрдемге тағы қоңырау шалып, барынша аттанға басыпты. Алайда дәрігерлер бірінші келіп қарап, жақсы болады деп кеткен уақыттан соң 1 сағаттың ішінде Сахан әже жан тапсырған. Содан кейін біршама уақыттан соң жәдел жәрдем келген, олардың артынан екі полиция қызметкері жетіпті.

- Басында келгенде қандай дәрі ектіңдер деп сұрасам айтпайды. Содан олар кеткен соң полиция дәрігерлерге арыз жазасың ба деді, жазам дедім, жаздым да. Олар арызды қабылдап алған соң, іс қозғау үшін әжейді моргқа апарып сараптама жасау керектігін айтып, мәйітті сол жаққа алып кетті, - дейді Нүкен Әлкешова.

Ал, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Төлеген Сәдуақасов, мамырдың 11-і күні Азатыққа берген түсініктемесінде былай деді:

– Мамырдың 8-і күні жедел жәрдем қызметі науқасқа екі рет барған. Жергілікті уақытпен сағат 21.50-де түскен алғашқы шақырту алысымен сағат 21.52-де кезекші бригада жолға шыққан. Олар барғанда науқастың тыныс алуы қиындап жатқанын көріп, қан қысымын түсіріп, тынысты қалпына келтіретін дәрі егіп кеткен. Соның алдында, яғни сәуірдің 20-сында әжей үйде құлап жығылғанда жамбасының басын сындырып алып, төсекте танылып жатқандықтан оны ешқайда қозғамаған. Ал, екінші шақырту жедел жәрдем қызметіне сағат 23.28-де түскен, бригада 23.40-та аттанған. Бірақ, олар барғанда әжейдің қайтыс болып кеткенін көрген.

Мамырдың 9-ы күні Қарағанды жеңіс күнін тойлап жатқанда, Сахан әжейдің жаңа пәтерінің есігі ашық тұрды. Кіре берістегі зал бөлмеде зар жылаған Нүкенді қоршаған 4-5 адам отырды. Ал Сахан әжейдің осы пәтерге кіргелі бері таңылып жатқан төсегі үстінде оның балдағы ғана жатыр.

ӘЖЕЙГЕ ПӘТЕРДІ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ЖАЛҒА БЕРГЕН

Туыстарының айтуынша, қайтыс болардан екі күн бұрын ғана Нүкен жаңа пәтерді жалдап тұруға хұқық беретін құжатқа қол жеткізген. Құжатта аталған пәтерді жалдап тұру мерзімі 2009 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетіліпті.

Заң бойынша осы мерзім аяқталғанда жалдап тұрушы тағы да сол тұрғын үй қоры мемлекеттік мекемесін жағалап жүріп әлгі рұқсатты бір жылға ұзартуы тиіс. Ал мына жағдайда оны кімнің барып ұзартатыны белгісіз. Себебі, ол құжат бойынша Нүкен немесе оның екі бауыры ол пәтерге тіркеліп үлгермепті.

Бұл оқиғаның жалғасы қалай боларын біле алар емеспін дейді қайғыдан сынып отырған Нүкен. Бұл туралы түсінік алмақ болып тұрғын үй қоры мекемесіндегі бас маман Сырым Камалиевтың телефонына 2 күн бойына қоңырау шалғанымызбен, арғы жақтан тұтқаны ешкім көтермеді.

Туыстарына Сахан Досованың денесі моргтан мамырдың 12-сі күні берілетіні айтылыпты. Алғашында өзінің тұрған жері Қарқаралыдағы Қасым Аманжолов атындағы ауылға қарасты Ақбай-Қызылбай атты бөлімшеге апарып қоямыз деп отырған олар, шешімдерін өзгертіп кейіннен тұрған жері Майқұдықтың маңындағы зиратқа жерлейміз деді.

Марқұмның мәйіті мамырдың 13-і күні Майқұдықтағы Бала-Қажы атындағы мешіттен шығарылмақшы.
XS
SM
MD
LG