КАЗАК ӘСКЕРІНЕ 15 ЖЫЛ
«Қазақстанның орыс қауымдастығы» Ресейдің бас консулдығымен бірігіп жақында Алматыда мерекелік шара өткізді. Оған Азаттық радиосының тілшісі де қатысты.
Осы жиындағы сөзінде Қазақстан казактарының Жоғарғы атаманы, әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары (Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев) Юрий Захаров мерекеге жиналғандарды жеке өзінің және Қазақстан казактарының Құрметті Жоғарғы атаманы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан өткен Жеңіс күні мейрамымен құттықтады.
Бұдан соң казактарға Орталық казак әскерлерінің (ОКӘ) 15 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табыс етілді. Мұндай әскер 1994 жылдың 10 желтоқсанында Ресейде құрылған екен.
Қазақстандық казактардың не үшін Ресей казактарының медалімен марапатталғанын Юрий Захаров кейінірек түсіндіріп берді.
– Жалпы алғанда, Ресейде 20 шақты казак әскерлері бар. Орталық казак әскері Ресейдің Орталық федералдық округінде құрылды. ОКӘ-мен біз тығыз қарым-қатынастамыз, соның ішінде мәдени салада да байланысымыз бар. Біздің ұйымдардың арасында ынтымақтастық жөнінде келісім жасалған. ОКӘ қатарында Қазақстаннан шыққан казактар да көп. ОКӘ әскери атаманы Валерий Налимовтың өзі де бұрын Қазақстан тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген адам. Сондықтан да бізге бірнеше мерейтойлық медаль жіберулері жөнінде оларға қолқа салған едім. Олар менің өтінішімді орындады, – деді Юрий Захаров Азаттық тілшісіне.
Бұл жолы Орталық казак әскерлерінің мерейтойлық медалімен марапатталғандардың арасында актер, режиссер және әнші Пулат Маликов (Хамзеев) да бар екен.
НАЗАРБАЕВТЫҢ КРЕСІНДЕГІ ГАУҺАР ТАСТАР
Бүгінде кейбір сарапшылар қазақтар мен казактарды жақындастырғысы келіп, «бұлар бір кездері тығыз байланыста болған, тіпті олардың атауларының өзі де бір түбірден шыққан» дейтіндер де бар. Қалай дегенмен, бүгінгі Қазақстанда казактардың жаңа, жанжалсыз қарым-қатынас кезеңі қалыптасып келеді.
1991 жылы Оралда болған текетірестер жайында баспасөзде мүлдем жазылмайды десе болады. Оның үстіне, сол оқиғалардан соң Қазақстан президенті Қазақстанның казактар қауымдастығын бақылауына алды.
– Бұған дейін біз Құрметті Жоғарғы атаманымыз Нұрсұлтан Назарбаевты алтын қанатты Күміс креспен марапаттаған болатынбыз. Ол кресті осыдан үш жыл бұрын, оны осы бір құрметті қызметке сайлаған кезде, оған казак билігінің символын тапсыру кезінде табыс еткенбіз. Оның Күміс кресі дәл менікіндей. Бірақ оның гауһар тастары көбірек, – дейді Юрий Захаров.
Ол сондай-ақ биылғы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Күміс креспен екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, отставкадағы полковник Ғаббас Жұматов есімді қазақтың да марапатталғанын жеткізді. Ол, сонымен бірге, бүгінде казактар қатарында қазақтардың аз еместігін, ал патша тұсында олардың тіпті көп болғанын айтты.
Юрий Захаров, сонымен бірге, өздерінің Құрметті Жоғарғы атамандарының 70 жылдық мерейтойына арнап Қазақстанның казактар қауымдастығының қандай марапат даярлап жатқандығын да құпия сыр қылып айтты. Захаров бір орденді көрсетіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған орден осының негізінде жасалады деді.
– Құрметті Жоғарғы атаманға арналған орденнің түпнұсқадан айырмашылығы – оған ірі-ірі бес гауһар тас бекітіледі. Оның біреуі дәл ортасында тұрса, қалған төртеуі крестің төрт тармағында болады, – деді Юрий Захаров.
НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҚАРА ЖҮЗДІГІ»
Биылғы жылы марапатталғандардың арасында Құрметті Жоғарғы атаман Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Құрметті казак жүздігінің екі казагы – Николай Винников пен Максим Вагнер де болды.
– Құрметті жүздік дегеніміз – бұл патшалық Ресей Жоғарғы атаманының «Қара жүздігі» іспетті құрылым. Біздің Құрметті жүздіктің
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Құрметті казак жүздігінің казактары Николай Винников (сол жақта) пен Максим Вагнер. Алматы, мамыр, 2010 жыл.
казактары арнайы тәсілдерді біледі. Егерде Қырғызстанның биліктен құлатылған президенті Құрманбек Бакиевтің өзінің «Қара жүздігі» болғанда ол биліктен айрылып қалмайтын еді, – дейді Юрий Захаров.Қазақстан казактарының Жоғарғы атаманы Юрий Захаров Қазақстанның казактарын мемлекет туының астына жинай алуын өзінің басты еңбегі деп біледі.
– Олар мемлекеттің тірегі болсын деген ниетпен тәуелсіз Қазақстан Республикасының казактығын жандандырып жатырмын. Казактардың ұлы әскери рухын қалпына келтіргім келеді. Егер советтік кезеңдегі насихатты ысырып қоятын болсақ, патша тұсында Қазақстан аумағындағы казактардың 20 пайызы қазақтар болған. 28 панфиловшы-батырлар, жалпы гвардиялық Панфилов дивизиясының 70 пайызы казактардан құралған, – деді ол.
– Біздің казактық ұйымымыз ресейлік ұйымдарға бағынбайды. Біз енді Құрметті Жоғарғы атаман Нұрсұлтан Назарбаевқа бағынамыз. Ал ресейлік казак ұйымдармен тек ынтымақтасып жұмыс істейміз, – дейді Юрий Захаров.
МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚ
Юрий Захаровтың амбициясы наполеондыкінен кем емес.
– Біз Бүкіләлемдік казактар қоғамын құру идеясын ұсындық. Ал оның штаб-пәтері қайда болады – АҚШ-та ма, Ресейде ме, әлде Қазақстанда ма? Бұл – казактардың әлемдік ұйымын құруда кім табысты жұмыс істейтін болса, соған байланысты, – деді ол.
Әңгімесінің соңында Қазақстан казактарының Жоғарғы атаманы Юрий Захаров «Қазақстанның орыс қауымдастығы» мәдени орталығының құрылысына шенеуніктер кедергі келтіріп отыр деп шағынды.
– Бізге осы жерде орыс мәдени орталығын салу мәселесіне президент Нұрсұлтан Назарбаев түсіністікпен қарайды. Ал шенеуніктер бұған бөгет жасап отыр. Тіпті қытайлардың өзі мәдени орталықтарын салып алды. Ал «Қазақстанның орыс қауымдастығы» әлі сала алмай отыр, – деді ол.
– Біз көмек сұрап отырған жоқпыз, біз тек Орыс мәдени орталығының салынуына рұқсат сұрап отырмыз, – деді сөзінің соңында Қазақстан казактарының Жоғарғы атаманы Юрий Захаров.
Мұндай пікірді бұған дейін «Қазақстан орыс қауымдастығының» жетекшісі Юрий Бунаков та бірнеше мәрте айтқан болатын.