Accessibility links

Үш жылғы жұт Моңғолия қазақтарының Қазақстанға көшін қайта жандандырды


Қой қайырып келе жатқаен шопан. Моңғолия, 1 қазан 2009 жыл.
Қой қайырып келе жатқаен шопан. Моңғолия, 1 қазан 2009 жыл.

Моңғолиядағы қатты қыс ондағы жұрттың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығын тұралатып тастады. Баян-өлгийдегі қазақтар арасында Қазақстанға қоныс аударуға ниет еткендер саны арта түсуде, бірақ көпшілігінің өз күшімен көшіп келуге мүмкіндігі жоқ.


МЫҢДАҒАН АДАМ КӨШУГЕ ДАЙЫН ОТЫР

Соңғы үш жылда қыс мезгілінің кәрлі, жұтты болуы Баян-Өлгийдегі қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуына түрткі болуда. Азаттық радиосына берген сұқбатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы өкілі Хабсатор Омарұлы Қазақстанға көшуге ниет білдіргендердің саны артып отырғандығын айтады.

– 2009 жылдың ортасынан бастап, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша көшуге ниет білдірушілердің саны күрт өсті. Олар Қазақстанға көшу ниетімен тіркеуден өтіп, тізімделіп жатыр. Қазіргі есепке жүгінсек, 3300-дей адам, немесе 650-ден астам отбасы тізімделіп, оның 250-дейі Қазақстанға көшіп те кетті.

Олар Ақмола облысының Красный Яр ауылына, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласына, Өскеменге қоныс аударып үлгерді. Жаңа жылдан бергі бір жарым ай ішінде бұл бағдарламаға жазылғандардың саны 70-отбасыдан асып кетті. Бұған соңғы үш жылдағы қатты аяз бен жұт әсер етіп тұрған болуы керек, – дейді Хабсатор Омарұлы.

Ақмола облысының Красный Яр ауылында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 248 үй тұрғызылған. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев оған қоныстануға ниет білдірушілер саны жоспарлағаннан да көп екендігін айтады.

– 248 отбасы қазір комиссиядан өтіп тұр. Олардың ішінде 143 отбасы 2009 жылы, ал қалғандары 2006-2008 жылдары келген. Былтырғы жылдың аяғында 2006-2008 жылдары келген, бірақ әлі тұрақ таппаған оралман отбасыларын осы бағдарламамен қамтамасыз ету жайында қаулы қабылдадық.

Осы қаулының негізінде, тіпті Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған азаматтарды да «Нұрлы көш» бағдарламасына енгіздік. Сөйтіп, Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылына мекен етуге ниеттілердің саны 248-ге жеткен еді. Алайда, оған қоныстанғысы келетіндер әлі де көп. Демек, біздің жоспарлағанымыздан асып түсетін түрі бар.

ҮКІМЕТ ЖӘРДЕМІНЕ МҰҚТАЖДАР

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша көшуге ниетті баян-өлгийлік Кагбат Соңғыбай үй-жаймен қамтамасыз етіп, жұмысқа орналастырады дегенге әлі көңілі күпті екендігін айтады.

Кагбат Соңғыбай баспананың тегін емес екендігінен хабардар және банкіге жылына 5 пайыз өсіммен қарыз қайтаратындығын біледі. Әрі өзімен бірге көшуге жиналғандардың көшіп баруға мүмкіндіктері жоқ екендігін айтады.

– Біз 5-6 отбасы жиналып көшуге дайындалып отырмыз. Біріншіден, онда жұмысы дайын, баспана тұрғызылған және квота бірден үлестіріледі дегенге сене аламыз ба? Әрине, біз баспананың тегін емес екендігінен хабардармыз. Бірақ, оны төлеп тұру үшін екі қолға бір жұмыс қажет қой. Бұл жағы қаншалықты шешімін тапқан? – деген сауал қояды ол.

Кагбат Соңғыбай Қазақстан үкіметі көші-қон шығынын өздері көтерсе деген тілек айтады.

– Бізде үш жыл қатарынан жұт болып, шаруашылығымыз тұралап қалды. Көшуге ниет етіп отырғандарымыздың басым көпшілігі – ауылда мал шаруашылығымен айналысатын адамдар. Олардың өз күшімен көшуге мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті де, бізді осы бағдарлама аясында үкімет өзі көшіріп алса деген тілегіміз бар, – дейді ол.

Ал, Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында келетіндерге жұмыс немесе жеке шаруашылығын жүргізу мақсатында ауылшаруашылығы нысанындағы жер берілетіндігін жеткізді.

Биылғы жоспар бойынша, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Қазақстанның 6 облысында 1488 отбасын қабылдау көзделіп отыр.
XS
SM
MD
LG