Accessibility links

Мінәжат үйлеріне кісі есімін беруге қатысты қоғамда ортақ пікір жоқ


Ержан Тәтішев атындағы мешіт. Жітіқара қаласы, Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.
Ержан Тәтішев атындағы мешіт. Жітіқара қаласы, Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.

Қостанай облысында жаңадан салынған діни мінәжат орындарына қазіргі заманғы белгілі тұлғалардың жақын-туыстарының есімдерін беру үрдісіне байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып отыр.

Кейінгі жылдары облыс аумағында жаңадан салынған мінәжат үйлеріне Қазақстанға белгілі лауазымды шенеуніктер мен кәсіпкерлердің жақын-туыстарының есімдерін беру үрдіске айналды.

Қостанай өңіріндегі мешіттердің арасында аймақтың тарихымен байланысты адамдардың сойымен аталатындар бұрыннан бар. Мәселен, облыс орталығындағы Ақ мешіт Марал ишанның есімімен аталады. Ол кезінде осы өңірге ислам дінін таратуға еңбек сіңірген діни қайраткер ретінде мұсылман қауымына жақсы таныс тұлға.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін облыс аудандары мен қалаларда жаңадан салынған мешіттерге дін жолында еңбек еткендермен бірге, мемлекеттік лауазымды қызметтің құлағын ұстаған немесе үлкен қаржылық топтарды басқарып отырған адамдардың туған-туыстарының есімдері беріле бастады.

Өткен жылы Қарабалық ауданы орталығында зәулім бой көтерді. Жергілікті мұсылман жамағаты арасында мұндай көрікті мешітті осы ауданмен іргелес орналасқан Троицк қаласында кезінде дүрілдеп тұрған Зейнолла хазірет есімімен атау туралы ұсыныстар да айтылып жатты.

Әйткенмен, жаңа мешітті оның құрылысына қаражат бөлген ағайынды кәсіпкерлер – Жақсыбековтердің отбасының мүшесінің есімімен
Ғашура ана мешіті. Қарабалық ауданы, Қостанай облысы, шілде, 2009 жыл.
атау ұйғарылды. Сөйтіп, бұл мешітке қазіргі қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың марқұм шешесінің есімі берілді. Бүгінде ол Ғашура ана мешіті деп аталады.

«Әділбекке және оның әкесі Рыскелдіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мешіт кімнің атында болса да бізге бәрібір.Тек жақсы жұмыс істеп тұрса болды», –дейді намазға келген қариялардың бірі.

Жітіқара қаласында осыдан бірнеше жыл бұрын мұсылмандар қауымының бастамасымен ашылған мешітке Мұстафа қажының есімі берілген еді. .

Бұл адам атеистік саясаттың дәурені жүрген Совет Одағы кезінде Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтқан діндар ретінде танымал-тын.

Арада бірнеше жыл өткеннен кейін осы Мұстафа қажы мешіті орналасқан алаңда жаңадан мешіт ғимараты салынды. Оған 2004 жылы қаза болған банкир Ержан Тәтішевтің есімі берілуін жергілікті тұрғындар бұл діни ғимараттың марқұмның інісі, кәсіпкер Еркін Тәтішевтің қаражатына салынуымен байланыстырады.

«Ержан да абыройлы азаматтардың бірі болды. Бірақ, оның есімін демеушілік жасаған інісі Еркінді және басқаларын айтып, қажет болса, алтын жалатқан әріптермен жазып, Алланың нұры жаусын деген тілекті қоса айтып, мешіттің қабырғасына ескерткіш тақта орнатса да жетіп жатқан жоқ па? Ал Мұстафа қажының есімі бір берілгеннен кейін, оны қайтадан алып тастау ақылға сыймайды», – дейді зейнеткер Жұмаш Қалабаева.

Әйткенмен, Жітіқара мешітінің имамы Сейітбаттал қажы: «бұл мәселені мешітті салған құрылтайшылар шешті, олар осы уақытқа дейін бізге көмек жасап отыр, әркім сыйлағанның құлы» деген уәж айтады.

Мінәжат үйін демеушінің жақын туысының құрметіне атау Қазақстанда тек мұсылман ғана емес, өзге де діни конфессиялар арасында бар құбылыс.

Биылғы шілде байының басында Қостанай қаласында жаңадан еврейлердің мінәжат үйі ашылды. Аумағы 0,3 гектар жерге орналасқан синагоганың сметалық құны 170 миллион теңге. Аталмыш құрылыстың бас демеушісі – Еуразия еврей Конгресінің және Қазақстандағы еврей Конгресінің президенті, Еуразия табиғи ресурстар корпорациясының акционері, белгілі миллиардер Александр Машкевич.

Оның ашылуына Қазақстан мен Израильдің бас раввиндері, Израиль мемлекетінің дін істері жөніндегі министрі, Қазақстанның басқа
«Бейт Рахель – Хабад Любавич» синагогасы. Қостанай қаласы, шілде, 2009 жыл.
қалаларындағы раввиндер мен еврей Конгресінің өкілдері қатысты, Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Өз сөзінде облыс әкімі Рудный қаласында биылғы жылы ғана жаңадан ашылған мешіттің негізгі демеушісі де А.Машкевич болғанын, ол мешіттің ашылу салтанатына Қостанай облысына сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқанын айта кетті.

Ал Қостанайда жаңадан ашылған синагога Александр Машкевичтің анасы Любовь Машкевичтің құрметіне «Бейт Рахель - Хабад Любавич» деп аталатын болды.

Айта кетейік, 2004 жылы қыркүйекте Астана қаласында ашылған үлкен синагога да құрылысқа демеуші болған тағы да сол миллиардер Александр Машкевичтің анасының құрметіне «Бейт Рахель - Хабад Любавич» деген атқа ие болған еді.

Бұған дейін Өскемен қаласында ашылған синагога «Оэль Элиэзер - Хабад Любавич» деген ат алған. Бұл синагоганың ашылу салтанатында оның демеушісі бизнесмен Шломо Геллердің әкесі Элиэзер Геллердің құрметіне салынғаны сөз болды.

Қостанайдағы еврей қауымдастығы жастар қанатының жетекшісі Владимир Алексанин синагогалар – діни орталықтар ғана емес, оларда еврейлердің жексенбілік мектептері жұмыс істеп, еврей тойлары өтетінін, сондықтан оның еврей мәдениеті мен дәстүрін сақтаудағы маңызы өте зор екенін айтады.

«Ал олардың кімнің атымен аталуын сол құрылысты салушылардың шешуі әбден орынды», – дейді ол.

Қостанай облысында 17 діни конфессиямен қатар 180-нен астам діни бірлестік жұмыс істейді. Соңғы бес жылдың ішінде ғана облыс орталығында собор, Жітіқарада храм салынған, Денисов және Сарыкөл аудандарында шіркеулер салынып жатыр.

Алтынсарин ауданында салынады деп жоспарланған шіркеудің де жобасы дайын. Осы уақыт ішінде облыс аумағында 6 мешіт пайдалануға берілген. Әулиекөл және Таран аудандарында, Қостанай қаласында мешіттер салынып жатыр.

Әйткенмен, діни ғимараттарға адам есімін беруге байланысты жергілікті тұрғындардың арасында әртүрлі пікірлер айтылып келеді.

«Жалпы, діни ғимаратқа ат қойғанда оны салған кісінің емес, сол жерде тұрған кісілердің пікірлерін негізге алу керек. Өйткені, мешіт атауы да ел мен жер тарихына байланысты болғаны орынды», - дейді жергілікті қажылардың бірі Бақытжан Қарсақбаев.

Қостанай қаласының тағы бір тұрғыны Абдолла Қасымбеков мешіттерге кісі есімі мүлде берілмеуі керек деп санайды.

«Олар сол жердің атымен аталса жетіп жатыр. Мәселен, Қостанай мешіті, Сарыкөл мешіті, Әулиекөл мешіті деп атаса жарасып тұрған жоқ па? Әйтпесе, әр пенде өз жақынын есте қалдыру үшін барын салады, сүйтіп күлкіге қалады», – дейді ол.

Бірақ, діни ғимараттарға кісі атын беру мәселесіне қатысты арнаулы заң жоқ. Ал ономастикалық комиссияның жер-су және елді мекендер атаулары туралы тұжырымдамасында бұл жағдайлар мүлде қарастырылмаған.
XS
SM
MD
LG