БӘЙБІШЕ МЕН ТОҚАЛ
Неке институты негізінен ерлі-зайыптылардың жұбайлық өмірі берік және жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған деп саналады. Бірақ Орталық Азиядағы шариғатқа мойынсұнған мұсылмандар арасында көбейіп отырған көп әйел алу мәселесі ұзақ жылдардан қалыптасқан отбасылық өмірді өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс аймақтағы көптеген әйелдерге теріс әсер етуде.
Қырғызстан астанасы Бішкекте тұратын 58 жастағы Айнагүлдің 4 баласы мен бірнеше немересі бар. Ол осыдан 34 жыл бұрын тұрмыс құрған. Совет дәуірі кезінде менеджер болып жұмыс істеген оның күйеуі өз бизнесін бастап, діндар мұсылманға айналған.
Бірақ Айнагүлдің отбасылық өмірі осыдан екі жыл бұрын күрт өзгерді. Оның күйеуі үйіне келмейтінді шығарды, кейде тіпті 10 күн бойы жоғалып кететін. Айнагүл күйеуінен қайда болдың деп сұрағанда ол үн қатпайтын. Бірақ кейінірек ол өзінің екінші әйелге үйленгенін мойындады.
«Менің күйеуім иманы бар кісі. Ол күніне бес рет намаз оқиды, шариғат заңдарына бағынады. Ол қажылыққа да барып келген. Бірақ кейін
Менен рұқсат сұрамастан өз балаларымен жасты екінші әйел алды. Оның айтуынша, олардың некесін молда қиыпты...
Ислам бойынша неке қию қазіргі кезде Орталық Азияда кеңінен таралған. Бірақ некенің бұл түрі заң жүзінде әйелдерге қорғау бола алмайтындықтан, қоғамда оның кері әсері сезілуде.
ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖӘРДЕМІ
Айнагүл күйеуінің екінші әйел алғанын балалары мен достарынан және туыстарынан жасырып отыр. Себебі, бұл жаңалық оған төбесінен жай түскендей әсер етті. Айнагүлдің ұйқысы қашып, жүйке дертімен ауыра бастады.
Айнагүлдің қолдары дірілдей бастағанын көрген оның сіңлісі әпкесін Бішкектегі «Сезім» деп аталатын әйелдердің дағдарыс орталығына алып барған.
Аталмыш орталықтың директоры Бүбүсара Рысқұлова Қырғызстандағы әйелдердің құқықтарын қорғаушы жетекші белсенділердің бірі. Оның айтуынша, Айнагүл сияқты көптеген әйелдер қазір психолог мамандардың көмегіне сүйенуде.
«Мұндай жағдайда біз былай жаса, олай жаса деп айта алмаймыз. Біз тек олармен сөйлесіп, өз өмірлерін талдауға және болашаққа ұмтылуға көмектесеміз. Айнагүл бізге келген кезінде өте ауыр жағдайда болған еді. Ол ұйықтап жатқан күйеуіне ыстық су құйып жібергісі келгендігін айтты. Ол күйеуін жек көре бастаған. Оның қолдары дірілдеп, «былай өмір сүргенше, өлгенім жақсы» деп айта беретін», - дейді Бүбүсара Рысқұлова.
Айнагүлдің Бішкектегі орталыққа келгеніне бірнеше ай болды. Эмоциялық тұрғыдан оның жағдайы сәл жақсара бастағандай. Бірақ күйеуінің әрекеттері Айнагүлдің өміріндегі басқа да өзгерістерге түрткі болды.
Әрбір айының жартысын Айнагүлмен бірге бір үйде тұрса да, оның күйеуі оған ақша беруді тоқтатты. Өмірінің басым бөлігін бала-шағасын тәрбиелеумен өткізген Айнагүл енді 60 жасқа таяп қалған кезінде жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр.
ТОҚАЛ БОЛУДЫҢ ТҮЙІТКІЛДЕРІ
Қырғызстанның зайырлы заңдары ресми түрде көп әйел алушылыққа тыйым салады. Бірақ Совет одағы ыдыраған соң бұл елде ислам дінін ұстанатындар көбейіп, қырғыз ер-азаматтары өз мүмкіндіктерінен пайдаланып көп әйел алып жатыр дейді Бүбүсара Рысқұлова. Оның айтуынша, бұл үдеріс отбасылық өмірге қатты әсер етуде.
Бұл өзгерістер тек ер адамдарға ғана қатысты емес. Елдегі жас қыз-келіншектер жағдайы жақсы ер адамдармен неке құруды қалайды себебі, олардың тоқал болудан басқа таңдауы жоқ дейді Бүбүсара Рысқұлова. Соңғы жылдардағы экономикалық қиындықтарға байланысты мыңдаған қырғыз ер-азаматтары шетелде жұмыс іздеуге мәжбүр. Осының нәтижесінде қыз-келіншектердің тұрмыс құру мүмкіндіктері одан сайын азайып отыр.
Мәселен, 27 жастағы Гүлнара Бішкекте білім алып, ірі компанияға жұмысқа орналасқан қыздардың бірі. Осыдан 3 жыл бұрын Гүлнара бұрынғы бастығымен некеден өтіп, оның екінші әйелі болды. Қазір Гүлнараның 2 жастағы ұлы бар.
Гүлнараның анасы Қайыргүл «Сезім» орталығына қайрылып, күйеуінің ашуынан қорқып, басқаларға өз проблемаралын айтқысы келмейтін қызына көмектесуді сұрады. Қайыргүлдің айтуынша, оның қызы жиі сарыуайымға салынады екен.
«Олардың некесі заңды түрде тіркелмеген. Егер ол күйеуінен кетіп қалса, күйеуінің түгі де кетпейді. Менің қызым ұлымен бірге күйеуі
Олардың некесі заңды түрде тіркелмеген. Егер ол күйеуінен кетіп қалса, күйеуінің түгі де кетпейді.
Ислам бойынша мұсылман ер азаматтарға 4 әйелге дейін алуына болады, бірақ ол үшін олар бірінші әйелінен рұқсат алуы тиіс және барлық әйелдері мен балаларына бірдей жағдай жасап беруі керек. Алайда, Қырғызстанда шариғат бойынша қиылған некенің заңды негізі жоқ. Сондықтан ерлі-зайыптылар ажырасқанда немесе күйеуі қаза тапса, әлгіндей некедегі әйелі мен балалары қолдаусыз қалады.
Қырғызстандағы беделді діни тұлғалардың бірі, Мысырда оқыған молда Әбдішүкір Нарматов шариғат бойынша некеге отыру жайлы өз ойын былай айтады:
«Исламда ер азаматтар екі, үш немесе төрт әйел алуға міндетті емес. Мұсылман ер кісі тек салмақты себебі болса ғана, мәселен, оның әйелі ауырса немесе бала көтере алмаса және сол сияқты басқа да маңызды себебі болса, үйіне басқа әйелді алып келе алады. Бірақ, ер адам бірінші әйелінен рұқсат алуға міндетті емес. Қандай әйел бұған келісімін береді?»
ПОЛИГАМИЯ ҚҰРБАНДАРЫ
«Сезім» мен басқа да дағдарыс орталықтары Қырғызстанда жедел көмек сұрап жатқан әйелдердің саны өсіп бара жатқанын айтып отыр. Өткен жылы олардың саны 40 пайызға өскен. Бұл әйелдердің жартысынан астамы көп әйел алушылар мен қыз ұрлаушылардың құрбандары.
Дағдарыс орталықтарының өкілдері наурыздың 6-да Бішкекте жиын өткізіп, 2009 жылы елде көмек сұрап келген әйелдердің саны 8 мыңнан асты деп мәлімдеді.
Бүбүсара Рысқұлова Қырғызстандағы мұсылман ұйымдары ислам бойынша әйелдерге пайдалы болатын аспектілерге көбірек назар аударады деп үміттенетінін айтып отыр.
«Құдайға сенім деген өте жақсы нәрсе. Бірақ, өкінішке қарай, молдаларымыздың білімі төмен болуы әйелдерге теріс әсер етуде», - дейді Бүбүсара Рысқұлова.
Бұл пікірге молда Әбдішүкір Нарматов та ішінара қосылып, мойындап отыр. «Өкінішке қарай, білімі төмен болған кейбір молдалар өзі некесін қиған отбасылардың алдында жауапкершіліктерін сезінбейді. Кейбір молдалар өздерінен не сұраса да орындай береді. Бірақ тек осыларға бола барлық молдалар туралы біржақты пікір қалыптаспауы керек», - дейді Әбдішүкір Нарматов.
(Бұл мақаланы әзірлеуге «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Қырғыз редакциясының тілшісі Элеонора Мамбетшакирова үлес қосты.)