Accessibility links

Мұхтар Әблязов Тимур Құлыбаевты әшкерелейтін құжат көшірмелерін Қытай билігіне жолдады


Қытай төрағасы Ху Цзиньтао.
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао.

Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қатысты әшкерелеуші құжаттарды Қытайдың мемлекеттік орындарына жолдаған Мұхтар Әблязов өз хатында ресми Бейжіңнен «Құлыбаевқа пара берді» деп таныстырған қытайлық корпорациялардың басшыларын жазалауды сұраған.

«БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов Қытай билігіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың қытайлық корпорациялардан пара алған делінген фактіні тексеруін сұрады. Әблязовтың хаты Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоның, сондай-ақ сол елдің бірқатар мемлекеттік органдары басшыларының атына жазылған.

Дүйсенбі күні жарияланған жолдауында Мұхтар Әблязов «Қазақстан үкіметі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы акцияларының тұйықталған пакеті сатылатындығын жариялаған соң CNPC оффшорлық CNPC International (Caspian) Ltd кәсіпорынын құруға мәжбүр
Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
болды, оның 49 пайыз үлесі кейін Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы оффшорлық Darley Investment Services Inc компаниясына бар болғаны 49 долларға сатылды» деп жазды.

Әблязовтың мәліметі бойынша, «кейін бұл 49 пайыз үлесті CNPC және оның құрамдас бөлімдері сатып алды, екі келісімшарттың аясында Darley Investment Services Inc жалпы көлемі 165,9 миллион доллар төледі».

Сондай-ақ, Мұхтар Әблязов Қытай басшылығының әділдігіне сенім білдіре отырып, мәлімдемеде көрсетілген «қытайлық компаниялардың бірқатар басшыларының заңды және моралдық-этикалық ережелерді өрескел бұзғандығын айғақтайтын құжаттардың көшірмесін» жолдағандығын мәлім еткен.

Бұдан бөлек, топ-менеджер қытайлық компанияларды айыптауды мақсат тұтпағандығын баяндай келе, «бұл қылмысты жекелеген тұлғалар өзінің корпорацияларының Қазақстан аумағындағы бизнес-мүдделерін ілгері жылжыту мақсатында жасады» деп есептейтіндігін, сондай-ақ «Қазақстан президентінің күйеу баласы ретінде республикада зор ықпалға ие Тимур Құлыбаевтың қысымына қарсы тұра алмаған» деп атап көрсеткен.

Мәлімдеме соңында Әблязов «құжаттардың көшірмесі ҚХР-ның құқық қорғау органдарына пара берушілерді анық және қатаң жазалап», осы әрекеті арқылы Қытай басшылығының сыбайласқан жемқорлықпен күрес саласындағы бағытын тағы бір дәлелдейтіндігіне сенім білдірген.

Бұған дейін Әблязов сөз болып отырған құжаттардың көшірмелерін Қазақстанның билік органдарына жолдағандығын жариялады.

Топ-менеджер осы жылы қаңтар айында Азаттық радиосына берген сұхбатында «қазір менің қолымда, сөз жоқ, анық, сенімді деректер бар. Егер Құлыбаев мырзаның күмәні болса, қазақ банкі сияқты мені Англияда сотқа беруі керек» деп мәлімдеген болатын.

Алайда Қазақстан билігі Әблязовтың компраматтарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тимур Құлыбаевтың хатшылығына хабарласқанымызда, кеңседегілер оның екі аптаға жұмыс бабымен шетелге шығып кеткендігін және 8 ақпанға дейін Қазақстанда болмайтындығын айтты, сол себепті Құлыбаевқа қояр сауалдарды алдын-ала жазбаша түрде жолдауын сұрады.

Қытай басшылығы Мұхтар Әблязовтың ашық хатына байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл мәселеге қатысты ресми Бейжіңнің ұстанымын білмек болып Астанадағы Қытай елшілігіне бірнеше мәрте телефон соққанымызбен, бұл әрекетімізден нәтиже шықпады.

Қазақстан полициясы 2009 жылы Әблязовқа халықаралық іздеу жариялады. «БТА Банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасына ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деп айып тағылғандығы хабарланды. Алайда Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG