Accessibility links

Алтын орда дәуірінің асыл жәдігері


Алматыдағы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген «Махаббатнама» кітабының мұқабасы. Алма Қыраубаева аударған.
Алматыдағы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген «Махаббатнама» кітабының мұқабасы. Алма Қыраубаева аударған.

Түркі әлемінің, Алтын орда дәуірінде дүниеге келген, түркі әлемінің рухани жауһарларының бірі «Мұхаббат-наме» дастаны. Хорезмидің қалдырған жыр жолдары кейінгі ұрпаққа

Алтын орда мемлекетінде негізгі ресми тіл қыпшақ тілі болды десек, «Мұхаббат-наме» осынау ата-бабалар тілінің әдеби, көркемдік мүмкіндіктерін талай ғасырларға мейлінше тереңінен аша білген жәдігер еді.

Қазақ түрколог ғалымдарының көпшілігінің еңбегінде бұл шығарма «Мұхаббат-наме» деп айтылғанымен, «Жалын» баспасынан 1985-жылы жарық көрген аударма жинақ «Махаббатнама» деп аталған екен. Оны филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубаева аударған.

Осындай дыбыстық, әріптік өзгерістеріне қарамастан шығарманы «Мұхаббат-наме» деп аталған күйінде талдағанды жөн көріп отырмыз.

«ҚҰДАЙСЫЗ ҚУРАЙ СЫНБАЙДЫ»

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың пікірінше, «Мұхаббат-наме» 1353-жылы Сыр, яғни Сырдария бойында жазылған.

Хорезмидің өзі шығарманың жазылуы турасында былай деп жырлайды:

«Мұхаббат нама сөзін мұнда айттым,
Барлығын Сыр жағасында жаздым».

Жалпы алғанда аутордың өмірбаянына қатысты, осы жыр жолдарынан басқа, нақты сақталған деректер жоқтың қасы. Хорезми – оның лақап аты. Ал шын аты-жөні турасында деректер сақталмаған. Ол Алтын орда ханы Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген екен.

Мұхаммед Қожабек деген кісі сол Алтын орда дәуірінде Сыр бойындағы көп әкімдерінің бірі болған екен. «Мұхаббат-наме» дастаны осы әкімнің тапсырмасымен, 1353-жылы жазылған көрінеді.

Сондықтан болар, дастанның кіріспесінде осы әкім Қожабектің артықшылықтарын көтере мадақтауға көп орын берілген.

Аутор шығарманың кіріспесінде Алла-Тағалаға сансыз мақтаулар айтып, оның адамдарға, яғни жұмыр басты пенделеріне көрсетіп, олардың ішіндегі саналылары аңғаратындай күйде қалыптастырып қойған ғажайып белгілеріне тоқталып өтеді.

Жаратушының шексіз шеберлікпен пенделеріне түрлі нәсібе таратып, сан қилы тағдырға ие ететініне қайран қалады. Бұлт екеш бұлттың өзі тек Алланың қалаған аймақтарына ғана жаңбыр боп жауатынын зор махаббатпен жырлайды.

Жазатын шығармаларын бір Алланың атымен бастап, табысқа жетудің кілтін бір Жаратушыдан сұрау Алтын орда дәуірінде және одан бұрын өмір сүрген шайырларға тән шығармашылық үрдіс болатын.

МАХАББАТ ДАСТАНЫ

«Мұхаббат-наме» дастаны он бір бәйіттен тұрады. Шығарма желісі сұлу қызға өлердей ғашық болған жас жігіттің жүрек жарды сырлары ретінде берілген. Ғашық болған қызының сұлулығын сипаттау үшін жігіт байқұс оның көркін мына дүниедегі барлық әсемдік атаулыға шендестіруге әзір.

Дастанда қыздың пікірлері яки жігітке қайтарған жауабы берілмейді. Оны тек жігіттің толғауларынан ғана аңғаруға болады. Қыз өзіне ынтық жігіттің баяндаулары арқылы ғана оқиғаға араласып отырады.

Дей тұрғанмен тәкаппар сұлу қыз өзін құлай сүйген жігіттің осынау терең сезімін бағаламайды, оның қадіріне жете алмаған. Бұл жайында жырда терең қынжылыспен баяндалған екен.

«Мені саған деген ғашықтығым өлтірді,
Енді сенің есігіңнен аулақ кетемін, қош бол!»

Поэмадағы ғажайып махаббат осылайша аяқталады. Жігіт сөз арасында «Өзіңді сыйлағанды сыйла», деген пікір айтады.

Поэманың тілі – көркем. Аутор оқиғаны қызғылықты түрде жеткізу үшін теңеу, шендестіру тәсілдерін және синоним сөздерді сәтті қолдана білген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев «Мұхаббат-наменің» композициялық құрылымын талдай келіп: «Хорезми осы поэмасында дінді, о дүниені мадақтамайды. Осы дүниенің тәттілігін жырлайды. Аз ғана күндік тіршіліктің қызығын о дүниеден, ұжмақтан артық санайды. Тәңірге тіл тигізеді», деп қынжыла ой түйеді.

Дастанды зерттеуге әлемдік деңгейде белгілі түрколог ғалымдар атсалысқан екен. Солардың бірі А.М.Щербактың пікірінше, «Мұхаббат-наме» ескі өзбек тілінде жазылған-мыс.

Ал көрнекті түрколог Э.Н.Нәжіп болса, өзінің «Кипчакско-Огузский литературный язык Мамлюкского Египета» деген еңбегінде «...Алтын орда ескерткіштері тек бір халық, бір тайпа ғана емес, түркі халықтарының бәріне ортақ игі мұра...» деп тұжырым жасаған екен.

«Мұхаббат-наме» дастанын бір елдің қоржынына апарып теліп қоюға болмайды деген сөз. Бұл оймен қазақ түрколог ғалымдары да келісетіндерін өз еңбектерінде білдірген екен.

Қорыта айтқанда, «Мұхаббат-наме» түркі тектес халықтар әдебиетінде «намешілдік» әдеби ағымға жол салып берген бірегей шығарма.
XS
SM
MD
LG