Алматы қаласының мемлекеттік «Су каналы» мекемесі егер суды үнемдеуге қатысты осындай шұғыл шаралар қабылданбаса, қалада су дағдарысы күшейе беретіндігін хабарлап отыр.
- Қазір су тапшылығына байланысты дағдарыстық жағдай байқалуда. Су құбырларының 70 пайызының тозығы жеткен. Алматыда ауыз сусыз қалып отырған тұтас аудандар бар. Мысалы, «Көктөбе», «Бағанашыл», «жоғарғы Қалқаман», «Самал» шағын ауданының кейбір бөлігі, «Таугүл», «Алмагүл» ықшам аудандары ауыз суға өте зәру. Біз қала мүлдем сусыз қалмауы үшін кейбір аудандарға су беруді доғарып, басқа аудандардың су қорын толтырып алуына жағдай жасаудамыз, - дейді «Су каналы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз-хатшысы Ерлан Назаров.
Ерлан Назаров егер жағдай өзгермесе, Алматыда төтенше жағдай қалыптасып, оның арты эпидемияға ұласуы ықтимал екендігін жоққа шығармайды. Сондықтан, күндізгі уақытта суық суды пайдалануды шектеу бойынша былтыр Алматы қаласының арнайы қаулысы қабылданыпты.
Ерлан Назаровтың айтуынша, биыл суық су мәселесі ушыға түскендіктен, оның орындалуы қатаң қадағалана бастаған:
- Алматы қаласында 2004 жылы бір адамға 700 мың текше метр су жұмсалса, қазір бұл көрсеткіш миллионға жеткен! Оның бәрі шын мәнісінде адам мұқтаждығын өтеуге ғана жұмсалмай, мүлде басқа мақсатқа пайдаланылып жатыр. Мысалы, ауыз сумен кейбіреулер бау-бақшаларын, иттерін, тауықтарын суғарады.
Сол себептен, «Су каналы» жанынан арнайы шұғыл топтар құрылып, олар Алматы қаласы әкімшілігі қаулысын бұзғандарды анықтауды қолға алған. Тәртіп бұзушыларға 2 айлық есеп көрсеткіш (1 айлық есеп көрсеткіш – 1168 теңге) көлемінде айыппұл салып, су беруді тоқтатуға дейін шара қабылданады.
Ерлан Назаровтың мәліметтеріне қарағанда, соңғы кезде 10-ға жуық үй, яғни, 1 мыңдай алматылық әкімшілік жауапкершілікке шақырылған. Алайда, соған қарамастан, әлі де Алматыда күндіз бау-бақшаларын суғарушылар табылады. Мысалы, Алматы қаласының орталығындағы Төлебаев көшесінде орналасқан төрт қабатты үйдің тұрғыны Сергей есімді азамат үйдің айналасына әр түрлі әсем өсімдіктер, гүлдер егіп қана қоймай, шағын фонтан орнатқан:
- Мен мұндағы кейбір өсімдіктерді арнайы катологпен шет елден алдырдым. Әркім үйінің маңының әдемі, жасыл-желекті болғанын қаласа, қаламыздың да шырайы ашыла түседі. Күнделікті суғармасаң, бұл өсімдіктер өліп қалады. Суғаруға қалай тыйым салуға болады? Қаланы көгалдандыру ісі қайда қалады? Онда «Су каналы» басты үлкен арықта, қаланың басқа арықтарында судың мол болғанын қадағалауы тиіс.
Су үнемдегісі келсе, мемлекеттік мекеме Алматының үйлері құлатылуға жатқызылған аудандарындағы ауыз судың ысырап болып жатқандығына назар салсын. Мысалы, Горный гигант ауданына барып көріңіз, тұрбалар жарылып, қанша ауыз су далаға атқылап, жерге сіңіп жатыр?! Оны жабуға «Су каналы» дәрменсіз», - дейді алматылық тұрғын Сергей.
Су каналы» мекемесінің қызметкері Ерлан Назаров ауыз суды пайдалануды шектеуге байланысты қаулы қаланы көгалдандыру ісіне еш қайшы емес екендігін айтып отыр. Оның пікірінше, «жасыл -желекті күндіз қанша суғарса да, қуарып, кеуіп қалады. Оларды түнде суғарған дұрыс. Бұл уақытта жер тынығып, суды жақсы сіңіреді».
Медеу аудандық «Зеленстрой» мекемесінің қызметкері Ерболат Жамбыл мен Қонаев көшелері маңындағы аллеялардағы көгал мен гүлдерді суғарады:
- Біз күндіз суғарамыз. Түнде қалайша суғару керектігін түсінбеймін. Гүлдерді күндіз әрең суғарасың, түнде оларды қалай баптайсың? Олар сынып қалмай ма? - дейді «Зеленстрой» қызметкері.
«Зеленстрой» жалпы көпшілік пайдаланатын (коммуналды және мемлекет меншігіндегі) аумақтардағы жасыл-желектерді ғана суғарады. Ал «Зеленстрой» мекемесінің бұған дейінгі түсіндірмелерінде жеке компаниялар, жеке меншік пәтер иелері кооперативі, жеке тұлғалар қызмет орындары мен үй маңындағы учаскелерге өздері қарауы тиіс екендегі айтылған.
Қазақстанның жасыл-желекті, көрікті қалаларының бірі болып есептелетін Алматы қаласында 1,5 миллион адам тұрады. «Су каналы» мекемесінің деректеріне қарағанда, 2012 жылға дейін Алматы қаласының су жүйесін жөндеу және жаңартудың негізгі бағыттары бойынша бағдарлама бекітіліп, мемлекеттен 164 миллион теңге бөлінеді.