Accessibility links

Нүкістегілердің көліктері тәркіленіп, ал өздері 10 мың доллардан айыппұл төлесе ғана Қазақстанға қайтады


Айыпты деп табылған қазақстандық азаматтардың көбінде осындай "Камаз" машиналары болған.
Айыпты деп табылған қазақстандық азаматтардың көбінде осындай "Камаз" машиналары болған.

Сәрсенбі күні Нүкіс соты Қазақстанның 27 азаматының әрқайсысына 600 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 10 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды. Ал олардың ауыр жүк көліктері қылмыс құралы ретінде тәркіленді.

Сот үкімі маусымның 24-інде шығарылды. Мемлекеттік айыптаушылар соттан 27 азаматтың екеуін ұйымдастырушы ретінде 15 жылға, қалғандарын 13 жылға бас бостандығынан айырып жазалауды сұраған еді. Бірақ, Нүкіс соты айыппұлмен шектелді. Оның үстіне олардың автомашиналары тәркіленетін болды.

Қарақалпақстанда сотқа тартылған ақтөбелік 27 жүргізушіге «өзге республикаға заңсыз өту», «ұрлық» және «кеден заңдылығын бұзу» баптары бойынша айыптар тағылған еді.

Сот процесінің басы-қасында болған айыпталушылардың жақындарының бірі Жанар Сағынбаева, аталған айыптар сотта дәлелденген жоқ дейді.

- Сотта біздің азаматтар жазық далада шекараның ешқандай белгілерінің болмағандығы себепті боранды күні адасып кеткендіктерін айтты. Одан бөлек, жүргізушілерді ұстаған Өзбекстанның шекара қызметкері азаматтарды Нүкіске апарар жолда өздері адасып Арал маңынан бір-ақ шыққан. Ал сол кезде біздің шекара қызметкерлері қайда қарағаны белгісіз, – деді Жанар Сағынбаева.

Одан өзге сотқа ұсынылған Қарақалпақстанның арнайы маманы жүргізген сараптаманың қортындысында, қылмыстық іс бойынша ұрланған деп саналған құбырлар 20 жылдай жер астында, содан кейін 25 жылдай жердің үстінде жатқандығы анықталған.

- Тот басқан, шіріген, тесік-тесік құбырлар не ауыл шаруашылығына, не басқа да жұмыстарға пайдалануға келмейтіндігі айтылды. Алайда оған құлақ асқан ешкім болмады, – дейді Жанар Сағынбаева.

Соған қарамастан, адвокаттар мұндай шешім - Өзбекстанның сот өндірісінің тарихында алғаш рет болып отырғандығын атап өтуде.

- Өзбек заңдарының қаталдығы соншалық; мәселен, бір көлік ұрлығы үшін 15 жыл бас бостандығыңнан айырылуың мүмкін. Сондықтан, қазақстандықтардың бас бостандығынан айырылмай, тек айыппұлмен шектелуі бұдан бұрын болмаған жағдай екендігін айтты бізге адвокаттар, – дейді Ақтөбе қаласынан айыпталушылар туыстарының бастамашыл тобының жетекшісі Айдос Садықов.

Енді жүргізушілердің жақындары сот кескен айыппұлға төлейтін қаржы іздестірумен жүр. Жанар Сағынбаева өз отбасы үшін ол едәуір ақша екендігін айтады.

- Менің әке-шешем зейнеткерлер. Біз інім екеуіміз ғана жұмыс істейтінбіз. Інім банктен несие алып КАМАЗ жүк көлігін сатып алып жұмыс істемек еді. Енді міне, не көлік жоқ, жұмыс та жоқ, інімнің өзін шығарып алу үшін 10 мың доллар табуым қажет. Мен соттың бұл шешіміммен келіспеймін, бізге ең болмағанда көліктерді қайтарып берсін! – дейді Жанар.

Жүргізушілердің туған-туыстары Қазақстан үкіметінен қандай да бір қадамдар жасалғанда бұл істің нәтижесі әлде қайда жақсы болар еді деп санайды. Олардың сөзіне қарағанда, қоғамда бұл сот процесі туралы қызу пікірталас тууына бұқаралық ақпарат құралдары маңызды роль атқарған. Ал Нүкістегі сот процесіне Қазақстанның Ташкендегі консулы Бабур Дәуренбектен өзге ешқандай ресми өкіл қатыспаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров, өздерінің бұл іске араласуын міндетті емес екендіктерін мәлімдеді. Оның пікірінше, жауапқа тартылып жатқан Қазақстанның азаматтары болғанына қарамастан, өзге елдегі жүріп жатқан сот процесіне еш ықпал жасай алмайды.

- Халықаралық құқықтардың нормаларына сәйкес, өзге мемлекеттің заңын бұзған азамат, сол елдің заңдары бойынша жауапқа тартылады. Бұл жағдайда қазақстандықтар Өзбекстанның заңын бұзды. Сондықтан сол елдің заңы бойынша жауап берсін. Сыртқы Істер министрлігі аралсып, Қазақстанның азаматтарын қорғауға құқы жоқ, – дейді Ілияс Омаров.

Өзбек мемлекеті тағайындаған адвокаттар енді өзбек жағынан сотталғандардың көліктерін қайтаруды талап етіп, жоғары деңгейдегі сот орнына апелляциялық шағым түсірмекші. Заң бойынша, олардың 10 күннің ішінде шағым беруге мұрсаты бар.
XS
SM
MD
LG