Accessibility links

Он жыл бұрын Өскеменде жұмбақ «төңкеріс» жасалмақ болған еді


Осыдан он жыл бұрын Өскеменде төңкеріс жасауға және «Орыс жері» мемлекетін құруға әрекет болған-мыс. Бұдан соң шулы сот процесі болып, 14 адам сотталды. Бұл даулы әрекеттің бас кейіпкері аталған істі арнаулы қызмет қолдан ұйымдастырған дейді.


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕМЕЛЬЯН ПУГАЧЕВ

Осыдан дәл он жыл бұрын, 1999 жылдың 19 қарашасында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері 22 адамды ұстаған, олардың 12-сі Ресей азаматтары болатын. Оларға «Русская земля» мемлекетін құру үшін жергілікті орыс тұрғындарының арасында көтеріліс ұйымдастырып, жергілікті әкімшілікті басып алмаққа даярланған» деген айып тағылды.

Сол кездері кеңінен танымал болған «Интерфакс-Время» апталығының хабарлауынша, бұл жаңадан пайда болған «Қылыш пен соқаның одағын» сақалы қауғадай, «Пугачев» деген лақап атқа ие Виктор Казимирчук басқарған. Сол кездері ҰҚК 3-департаменті бастығының бірінші орынбасары болған Серік Бейсековтің республикалық биліктің басты газеті «Казахстанская правдаға» берген түсініктемесінде, Казимирчук «білімді, саяси жағдайды бағдарлай алатын, Ресейдің саяси қайраткерлерімен тікелей таныс адамның» әсерін қалдырды дейді.

«Казахстанская правда» газетіндегі «Шақырылмаған қонақтар қолдау таппады» деген мақалада «листовкалардың, бұйрықтар мен даярланып жатқан төңкеріс құжаттарының ауторы екендігінен бас тартпайды және бұны «Қазақстандағы орыстардың жағдайы үшін жаны жай таппай жүргенімен түсіндіреді» деп жазды.

Серік Бейсеков сонымен бірге, журналистерге басқа да ақпаратты айтып берді. Яғни, Казимирчук пен оның пікірлестері «бірқатар лаңкестік шаралар мен мемлекеттік билік және басқару өкілдерінің (28 адамнан тұратын бұл тізім төңкерісшілер ұсталған түні алынған) көзін жою» туралы жоспар жасаған.

Биліктегілердің айтуларынша, тұтқындалған кезде ұсталғандардан халыққа қолдан жазылған үндеу және бірқатар қару-жарақтар: лимонка-гранаты, халық арасында «Молотов коктейлі» аталып кеткен, ішіне жанармай құйылған 14 шөлмек алынған. Бұлардың жасырылған жерін аңшы мылтығымен қаруланған ер адам күзеткен.

ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі Виктор Куниннің айтуынша, бұл күдікті топ заң құрылымдарының назарына қазан айында Новосібірде шығатын «Новая Сибирь» басылымының бетінде жарияланды делінген «Орыс лаңкестерінің сыры» атты мақаладан соң-ақ ілінген.

Онда әлдебір Виктор Пугачев дегеннің Приднестровьеде, Шешенстан мен Тәжікстанда әскери шыңдалудан өткен тәжірибелі содырларды жинағандығы айтылады-мыс. Оларды Қазақстанның солтүстігі мен шығысында лаңкестік шаралар өткізу үшін пайдаланбақ болған-мыс.

ШУ ШЫҒАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА ЕДІ?

Казимирчуктің тобы ұсталып, сотталған соң «қазақстанша пугачев бүлігінің» дақпыртын сан-саққа жүгірте бастады. «Орыс лаңкестері туралы» аңызды сол кездері Шығыс Қазақстанның әкімі болған Виталий Метте, содан соң Қазақстанның президент әкімшілігін басқарып отырған Сарыбай Қалмырзаев іліп әкетті. Қазақстанның Италиядағы елшісі, назарбаевшыл ақын Олжас Сүлейменов те өз сөзін айтты:

– «Мен түсінемін, бұл кенеттен бола салған жоқ, пісіп-жетілген дүние. ...Қоғамдық сананың мұндай жағдайы мемлекет үшін қауіпті, ол азаматтардың санасын іштен ірітеді. ... «Жер – халыққа» деген конституциялық, мемлекеттік идеяны жеделдетіп қолға алудың қажеттілігіне барған сайын көзім жетіп келе жатыр. Әлі кеш болмай тұрғанда бұл процеске барлық халықты жұмылдыра отырып, жан-жақты жетілдіріп, жүзеге асыру керек. Әйтпесе, ауру асқынып кетеді».

Бірақ, Қытайда ресми сапармен жүрген Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменде болған оқиғаны «ешқандай саяси астары жоқ таза қылмыстық іс» деп атады. Ресей билігі Казимирчук-Пугачевті «сәл есінен ауысқан адам», ал «Өскемендегі болған оқиға ауқымды шара емес, сол себепті назар аударуға тұрмайтын дүние» деп атады.

Содан бері 10 жыл уақыт өтті. «Пугачев» деген лақап аты бар Виктор Казимирчук 7 жыл түрмеде отырып, 2006 жылдың қыркүйек айында бостандыққа шықты. Ол Ресей газетіне сұхбат беріп, «төңкеріс жасалмақ болды» делінген әрекетті қазақ арнаулы қызметтерінің ұйымдастырғаны деп атады.

Бұдан кейін Шығыс Қазақстанда «пугачев бүлігі» сияқты оқыс оқиғалар болған жоқ. Бірақ, өзге бір мәселе назар аудартады. Қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, бүгінде Қазақстан билігі қоғамның бағытын басқа арнаға бұрып, жағдайды арандатып отыр. Бұл, шындап келгенде, өте қауіпті ойын.

– Бүгінгі жағдайды осыдан 9-10 жылғымен салыстыра отырып мен ешқандай ілгерілеу болған жоқ деп ойлаймын. «Ұлт бірлігі» доктринасы, Қытайға миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға беру туралы сыбыстар қоғамды барынша дүрліктіріп тұр. Бұдан соң қарсылық шараларының толқыны басталуы да мүмкін. Жоғарыда бұның барлығын ұсынып жатқандардың кім екендігі түсініксіз. Бір ғана жай айқын. Бұлардың барлығы қоғамдық санаға, мемлекет қауіпсіздігіне, елдің ішкі саясатына кесірін тигізеді, – дейді «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам.

Сонымен бірге, өзге де пікірлер айтылып отыр. Тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың көзқарасы бойынша, Өскемендегі «пугачев бүлігі» дәл бүгінгі сияқты саяси шара болған. Сергей Дувановтың айтуынша, жағдай ешқандай өзгермеген. Және билік те бұрынғысынша күрделі әлеуметтік-саяси кезеңде ұлттық мәселені өзіне тиімді түрде қолдана қояды дейді журналист.

– Бұл – менің көзқарасым. Әдетте мұндай оқиғалар ол жайында баспасөз біліп болғанша жылдам жабылып қалады. Ал, бұл жерде барлығы керісінше, жоспар бойынша дамыды. Біздің көпұлтты мемлекетімізде ұлттық мәселе ең мықты боп саналатындығын ескерсек, билік әрқашан бұның ебін табады. Сондықтан, бүгінгі болып жатқан оқиғаларды мен қоғамды биліктің айналасына топтастырғысы келген Ақорданың кезекті жүрісі деп есептеймін. Өйткені, қоғамда айтылып жатқан ұлтшылдық мәлімдемелердің және күрделі жағдайдың жанында Ақорда елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі болып көрінеді. Бұл өте сауатты саяси жүріс және бұның барлығы билік тарапынан жасалып жатқандығына сенімдімін, – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Сергей Дуванов.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, егер Қазақстан билігі жағдайды бақылауда ұстап тұратындығына және елдегі азаматтардың басым көпшілігі тұрақтылықты қалайтындығына сенімді болмаса, билік мұндай тәуекелге бармас еді дейді. Бір таңқаларлығы, сол тұрақтылықты дәл осы авторитарлы билік жасады.
XS
SM
MD
LG