Accessibility links

Қызылжарда тірілер мен өлілер "жерге таласып жатыр"


Новопавловка селосындағы христиан моласы. Петропавл, шілде, 2010 жыл.
Новопавловка селосындағы христиан моласы. Петропавл, шілде, 2010 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Новопавловка селосындағы христиан зираты сол маңайдағы саяжайшыларға үрей туғызып отыр. Қала тұрғындары сол маңнан саяжай сатып алған кезде ат шаптырым жерде орналасқан зират күн өткен сайын жақындап келеді. Саяжайға баратын жол да әбден тарылды.


Петр мен Галина Кунгурцевтер Новопавловкадан осыдан жиырма жыл бұрын саяжай сатып алған екен. Петр Кунгурцевтің айтуынша, ол кезде мола айдалада болатын, қазір таяқ тастам жерде.

«Бұлай жалғаса берсе, жақында жолға адам жерлейтін болады. Жанымызға мола жететінін білсек, бұл жерден саяжай алмас та едік. Ал күтіп-баптаған бақшамызды, қанша күш кетіріп салған үйімізді енді тастап кетуге қимаймыз», дейді ол.

Галина Кунгурцева, Новопавловка селосы, шілде, 2010 жыл.
Саяжайшы Галина Кунгурцеваның айтуынша, бұл аздай мола қызметкерлері сол маңдағы суды да саяжайға қарай ағызады екен.

«Ол суды да таза дей алмаймыз», деп налиды әйел. Шынымен де бұл маңайда санитарлық нормалар сақталып жатыр ма, жоқ па, оны да тексеріп жатқан тірі жан жоқ.

Александр Пашков бұл маңнан он жыл бұрын саяжай сатып алыпты. Ондағы ойы – демалыс күндері бала-шағасымен келіп демалу. Бірақ енді сол ойын жүзеге асыру құр қиялға айналған.

«Демалайық деп келсек, айналасы үш метр қашықтықта адам жерлеп жатады. Соны көргеннен кейін адам сияқты сергіп, көңіл көтеру мүмкін емес», – дейді ол.

Саяжай мен мола арасы айналдырған он метр. Ережеге сәйкес бұл ара қашықтық 150 метрден кем болмауы тиіс. Новопавловка тұрғындарының айтуынша, бұл моланың қырық жылдық тарихы бар. Ұзынқұлақтан естулерінше, зиратта орын болмағандықтан, оны баяғыда-ақ жауып тастаған көрінеді.
«Петроспецобслуживание» кәсіпорны директоры Виктор Скоробогатов. Петропавл, шілде, 2010 жыл.


Бірақ жерлеумен айналысатын «Петроспецобслуживание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виктор Скоробогатовтың түсіндіруінше, бұл зиратта әлі бірен-саран орын бар.

«Моланың жалпы аумағы – 50 гектар. Әзірге зират жұмыс істеп тұр. Бірақ таяуда оны жабу туралы мәселе көтермекпіз. Өйткені бос аумақ азғантай ғана. Орын жоқтың қасы», дейді В.Скоробогатов.

Саяжайшылардың дабылы оның да құлағына жетіпті. Бірақ бұл ретте ол саяжайшылардың өздерін кінәлі санайды.

«Бұл жерде молалар саяжайларға емес, керісінше саяжайлар молаларға қарай жайылып бара жатыр. Біз олардың аумағына шығып кетуіміз мүмкін емес. Өйткені о баста зиратқа жер бөлінгенде оның айналасынан ор қазылған болатын. Біз сол ордан бір аттам шыққан
Қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Тілеубай Есжанов. Петропавл, шілде, 2010 жыл.
емеспіз», – дейді ол.

Зират аумағы қандай екенін қалалық әкімдіктен сұрап білмек болғанбыз. Алайда олар бұл жайттан бейхабар екен.

«Шындығын айтқанда, ұятымызға қарай болар бәлкім, бұл мәселемен ешкім айналысқан емес. Біздің басқа, бұдан маңыздырақ шаруаларымыз болды. Бұрын мұндай мәселелермен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысатын. Олардан сұрасақ, бұл аумақ ол бөлімге бекітілмепті. Әрине, мола саяжайға жақындап қалды. Санитарлық нормалар бар. Мұрағаттан төлқұжаттарын тексереміз. Содан кейін бір шешім шығарамыз», – дейді Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Тілеубай Есжанов.

Билік басындағылар бір шешім шығарғанға дейін, өлілер мен тірілер арасындағы жер дауы жалғаса бермек.
XS
SM
MD
LG