Accessibility links

Мұқағали Мақатаев: «Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім...»


Алматыда ақын Мұқағали Мақатаевқа қойылған ескерткіш.
Алматыда ақын Мұқағали Мақатаевқа қойылған ескерткіш.

Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Бұл күні Алматы мен Астананың, басқа да қалалардың жыр сүйер қауымы, ақын рухына өз жырларын арнап, мүшәйралар өткізеді. Ақиық ақынның тұңғиық әлемін оқырмандары алдына ақтарыла жайып салған дүниесінің бірі – «Менің мақсатым» атты жыры.


Бағамдап қарасаңыз, мынау жарық жалғанды «тұтас бір үйім» деп есептеген ақын сол отаудың әр керегесі басында ойнаған ән-әуезден де, түндігін желпіген ерке самалдан да терең сыр ұғып, күй тыңдамаққа әуес болған. Сондықтан да «дүниенің мынау қабағын бағып тұратын» сырбаз ақын сол табиғат жарықтықтың тылсым сырларына өзінің түйсік көзімен зер салмаққа ұмтылады.

Әсте, адуынды ақын өлеңді ұйқас құру үшін жазбаса керек. Ақынның жан әуенін, жүрекжарды сырын оқырманына жеткізе алса ғана өлең өзінің киелі міндетін орындамақ. Ал, ондай жыр сөз жоқ, ақынның ішкі шамырқанысқа толы сезім иірімдері арқылы дүниеге келетіндіктен тұтас адамзат баласының мұңын мұңдап, жоғын жоқтар шежіре бір дастанға айналады.

Оң жақта отырған жас жігіт – Мұқағали Мақатаев. Отбасылық мұрағаттағы сурет.
«Мен жырламаймын,

Сырласамын.

Сыры бар замандаспен мұңдасамын».

Шынтуайтына келгенде ақынның шынайы ғұмыры бүкіладамзаттық дәрежедегі осындай жырлар жаза алған сәттерімен өлшенсе керек. Ондай кезде уақыттың өзі бір сәт саябыр тауып, демін алып, ақынға қызығушылықпен қарайтындай.

«Асыққан уақытпен

Адымымды,

Абайлап, анда-санда бір басамын».

Бәлкім, Уақытпен осындай шынайы сырласулары тұсында ғана ақын өзінің қайталанбас ғұмырын кешіп жататын болар. Ал күйкі тірлік соңында жырсыз өткен күндерін ақын шіркін «Миымның ине көзіндей тесігінен уақыт құм сағаттай өтіп барады» (Бауыржан Момышұлы) деп бағалап, көкірегі өртене өкінер... Себебі, Уақыт дегеніңіз Алланың пендесіне сыйлаған сансыз нығметтерінің бірі ғой!

Ішкі бір мінәжаттай өз-өзінен туындамаған жырды дарынды ақын (өзін де, өзгені де алдаусыратпас үшін) ақ қағаз бетіне түсіре де қоймас-ау... Сондықтан:

«Көгендеп жыр қосағын,

Келмейді жыр жасағым.

Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,

Өзінше емін-еркін туласа ағын», дейді Мұқаң.

АҚЫН МҰРАТЫ РУХАНИ МЕРЕЗ АТАУЛЫМЕН КҮРЕСУ

Әсте, мынау жұмыр жер бетіндегі тәтті тірлік, алдамшы да күйбең тұрмыс кімдерді алдаусыратпады десеңші! Майлы ас пен әсіреқызыл дүние атаулы ерік-жігері шамалы адамды Жаратылыстың тылсым сұлулықтарын көре алмайтындай соқыр, тіршілік атаулының жан әуенін тыңдай алмас таскерең, мүсәпір күйінде өмір бойы сүйрелеп өтеді емес пе!

Ал дара туған ойшыл ұлдардың міндеті – өз замандастарын, бәлкім небір келер ұрпақтарды, әлгіндей қатерлерден сақтандырып қана қоймай, қос дүниенің тылсым сырларына олардың рухани көзін ашып, Жаратушы Иеміздің пендесіне берген осыншама нығметтерін бағалай білуіне оларды үндеу болмақ. Сондықтан базбір замандасының бойындағы әлгіндей мүсәпір қасиеттерді өз болмысындағы кемшіліктей қабылдап, сол үшін күйінеді пәруана ақын.

«Улатып май таңдайын,

Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.»

Ал «май таңдайлы» оқырманының жүрегіндегі тоқмейілсу пердесін түріп тастауы үшін сол қалам иесі Ақиқатты тану жолындағы қатаң талапты өзгеден бұрын ең әуелі өзіне қойып, өзінің дара болмысы сол сын тезіне шыдай алған жағдайда ғана өзгелердің май сіңген таңдайларын «тазалап», адамзат болмысындағы мерезді көлеңкелермен күресуге хұқылы болады емес пе! Олай болмаған жағдайда жырыңыз жыр емес, жай әншейін құрғақ ақыл айту болып шықпақ.

Сол себепті «шындықтың ауылындағы қазынаны шыр айнала іздеумен» және мынау жалған дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы күресумен өткен Мұқағали ақынның жүрегі ең әуелі өз болмысына маза берместен, сезім мен ой арпалысында рухани ғұмыр кешкен.

Мұқағали Мақатаев бір топ жас ақын-жазушылармен бірге. Отбасылық мұрағаттағы сурет.
«Жанынан жалындаған өрт кетпеген,

Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.

О, жүрегім!

Орныңнан қобалжыма,

Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!»

«Тіптен де мен емес-ті,

«Мен» дегенім,

Сендірмеймін,

Сенбеңдер сенбегенің.

Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,

Өзімді зерттегенді жөн көремін».


«АДАМДЫ АДАМ ТҮСІНУ – БІР АҚЫРЕТ»


Бағамдап қарасаңыз, ойлы жандар өзін қоршаған әлемнің қыры-сырына үңілмес бұрын өзінің жан-дүние әлемінің қалтарыс-бұлтарыстарын мейлінше түсінбекке ұмтылады. Өз жан-дүние қалтарыстарына тереңірек үңілген сайын өзін-өзі түсінудің қаншалықты қиын екенін олар мойындайды.Сол себептен де «өзгені түсінген жан-ақылды, ал өзін-өзі түсіне білген жан – ғұлама» деген қорытындыға келіскен олар. Осы бір терең үйлесім сыры аса шебер Алла-Тағаланың жасаған Жаратылыс әлеміндегі ұлы Бірлік заңына келіп сайса керек.

Ислам шарттары бойынша, жүрегіне Иман дәні түскен әрбір жан өз-өзінен күніне, болмаса аптасына, әйтпесе, айына бір рет қатаң түрде есеп алып отыруы тиіс. Демек, ішкі жан-дүниеңді жайып салу дегеніміз өзіңді-өзің артық бағалап, әсте дандайсу еместігі бесенеден белгілі.

«Мендегі бар,

Сенде бар, онда да бар.

Демек, сенің

«Менің» де сонда қалар...

Өз жаныңды алдымен жайып таста,

Жақсылықтың көкесі сонда болар», дейді Мұқағали ақын.

Иә, Мұқаң айтқандай, әрбір иманды көкіректердегі «мендер» біріге келіп, айдынына көз жетпес, түгесіліп болмас тұтас адамзаттық рухани ұлы «Менге», яғни «Бізге» айналар еді.

Сондықтан өзгені жете түсіну үшін өзін-өзі аяусыз азапқа салып, өз жүрегіндегі «Мені» арқылы мынау жалпақ әлемдегі ақаулық атаулыны түзетпекке ұмтылып жүрген осынау пәруана жанның рухани ерліктерін қандай өлшеммен өлшесек жөн болар екен?!

Себебі мынау жалған дүниедегі шынайы ерлік өзгені жеңу емес, ең әуелі жасаған күналарыңды мойындап, өз болмысыңдағы кемшіліктер мен қайшылықтарға қарсы күресіп, соларды жеңе білу болса керек.

«Не шығады бәрін де сүйем деуден!

Бәрін де сүйемін деп, иемденген.

Бәрін де мен де сүйем,

Айтпан бірақ,

Отырып оңашада күйер кеудем...

Күйер кеудем...

Сондықтан күйінемін,

Жасырман, жырымда сол жиі менің,

Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар!?

Ақын болу-

Неғылған қиын едің!!!»

Демек мынау жарық дүниенің әрбір сызаты, жарақаты сол «бәрін де сүйген» жүрек арқылы өтіп, жүрек иесін толассыз толғаныстарда қалдырмақ. «Өзім үшін» деп емес, «өзгенің бақыты үшін» деп қиямет қиындықтарға төзген, «көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым», деп алдына биік шығармашылық талап қойып, сол сертінде тұруға мейлінше ұмтылып өткен Мұқағали ақынның жүрегінен сондықтан да «өзінше емін-еркін тулап ағын» жыр төгілген, нұр шашылған.

Осынау адуынды ақынның Ақиқатты тану жолындағы алапат ширығысқа толы шамырқаныстары әрбір жырында атойлап алдыңнан шығады.

Ал, Ақиқат деген - Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі.

Дәл сол себепті де Мұқағали шығармашылығындағы ақынның әрбір «Менінен» оқырман ретінде сен өз Меніңді жазбай танып, қансыраған жүрегің мен сансыраған санаңның аңсаған дауасын жазбай танисың.

Бүгін біз сөз еткен «Менің мақсатым» атты ақынның бір ғана жырынан көкірек көзі ояу қаншама оқырман өз жүрегін мазалаған қаншама сауалдарға жауап алды десеңізші! Алғы күндерде де солай бола бермек.
XS
SM
MD
LG