МІНДЕТТЕМЕЛЕРГЕ КЕРЕҒАР
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселесі жөніндегі комиссия америка конгресінде – АҚШ-тың Хельсинки комиссиясы деген атпен де белгілі. Комиссияда сенат пен өкілдер палатасынан тоғыз мүшеден, сонымен бірге, мемлекеттік департаменттен, қорғаныс министрлігінен және сауда министрлігінен бір-бір өкілден бар.
АҚШ-тың Хельсинки комиссиясы адам құқы, демократия мәселесімен, сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ның 56 еліндегі экономикалық, әскери және табиғат қорғаудағы ынтымақтастық мәселесімен айналысады.
Өткен аптада АҚШ-тың Хельсинки комиссиясында Қазақстан бойынша тыңдаулар болды. Комисияның тең төрағаларының бірі конгрессмен Элси Хастингс, 2007 жылдың өзінде-ақ, ЕҚЫҰ-ға мүмкін болар төраға ретінде Қазақстанның кандидатурасын қолдаған.
«Америка дауысы» радиостансасына берген сұқбатында Элси Хастингс Қазақстанға қатысты ұстанымын былайша түсіндірді:
«Сол кезге қарай, 2007 жылы мен ЕҚЫҰ-мен 12 жылдай ынтымақтаса жұмыс істегенмін. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын мен бұл ұйымдағы Парламенттік ассамблеяның президенті болдым. Олар тәуелсіздігін алған соң, алты-жеті жыл шамасында мен орталықазия мемлекеттерімен тығыз жұмыс істедім.
Қазақстанның орасан ресурстары бар, олар Қытайға және Шанхай тобына бағытталған. Оның Ресеймен байланысы өткеннің тәжірибесіне құрылған. Оның ресурстары, сонымен бірге, Батысқа, Еуроодаққа және Құрама Штаттарға бағытталған.
Батыс мемлекеттері, Хельсинки келісіміне қол қойылғаннан бастап ұзақ уақыт бедерінде ЕҚЫҰ ұйымының басшылығында, төрағалықты қоса алғанда, басымдау болып тұрғанын түсінгенмін.
Менің пікірімше, Орталық Азиядағы және өзге де аймақтардағы постсоветтік елдер үшін басшылық деңгейіне көтерілетін мезгіл жетті. Мен Қазақстаннан кейін бұл орынға келетін, ЕҚЫҰ-ға Литваның төрағалық жасауын да барынша қолдадым. ЕҚЫҰ жүйесінде бұл елдердің проблемалары бар. Бірақ олар ұйым алдындағы міндеттемелері деңгейінде өмір сүре алады деп ойлаймын.
Қазақстанның сыртқы істер министрі төрағалыққа өтініш білдіргенде мен Мадридте болғанмын. Қазақстан сол кездері барлық міндеттемелерге сай келді деп есептемеймін. Бірақ, қазір алғашқы қадам жасалған кезде, Қазақстан өзіне жауапкершіліктен де үлкен міндет арқалағандығына сенімдімін».
ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕР
«Мен Қазақстандағы сайлауларды бақылау мүмкіндігіне ие болдым және олардың не істеп жатқандарын көрдім. Мен сынадым да, қолдадым да. Мен сынау мен қолдауды жалғастырып келемін, – деді АҚШ-тың Хельсинки комиссиясының тең төрағасы Элси Хастингс «Америка дауысы» радиосына берген сұқбатында.
«Жиырма жыл – демократияны құру үшін өте аз уақыт. Біз, Батыстағылар, бұны бір түнде жасап тастауға болатындай айтамыз. Құрама Штаттардың өзі осы жұмыстарды жүргізу процесінде деп ойлаймын.
Және, менің ойымша, Қазақстанда да шешімін күткен, мысалы, Жовтистің ісі сияқты, өзінің ішкі мәселелері бар.
Мен олар бұны шеше алады деп үміттенгім келеді. Олар үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарды қолдау жөнінде жақсы қадамдар жасайды деп үміттенемін. Олар Интернет туралы заң айналасында жағдайды айқындайды деп есептеймін.
Президент Назарбаев, егер ол шынында да демократияға ұмтылатын болса, өмірлік президенттік туралы идеяны басынан шығарып тастайды деп ойлаймын. Және мен бұл жайында барлық жерде айтумен боламын.
Мен президент Назарбаевпен талай мәрте кездестім. Елде салауатты оппозицияның болуының қажеттігін оның толық түсінетіндігіне өте сенімдімін. Бұл оппозиция, әлемде жалғыз ғана пікірден бөлек, өзге де көптеген пікірлер бар деген идеяда өсіріліп, жеміс беруі керек. Бұл – ішкі мәселелерге қатысты.
Парламенттік ассамблеяның да, ЕҚЫҰ жанындағы адам құқы жөніндегі кеңсенің де араласы бар, маған жақын тағы бір мәселе, бұл – сайлауды бақылау мәселесі. Қазақстанның төрағалық кезеңінде әртүрлі елдерде 15-ке жуық сайлау болады. Мен осы бір толассыз проблемада үлкен батыл қадам жасалынады деп үміттенемін».