Accessibility links

Назарбаев жеке өмірге қол сұққандарды қылмыстық жазалайтын заңға қол қойды


Қарашаның 8-күні президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке өмірдің құпиясын ашқандарды қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды. Бұл заң бойынша қылмысты деп танылғандарды 5 жылға дейін түрме жазасына кесу көзделген.

Жаңадан енгізілген заң өзгерістері өзгенің жеке басы мен отбасылық құпияларын, сондай-ақ жинақтары мен салымдары, хат жазу, телефон әңгімелері секілді жеке өмірге қатысты деректерді жария еткендігі үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді.

Және де бұл заңға сәйкес, жедел-іздестіру материалдарын бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, азаматтардың жеке өміріне қатысты қол сұғуға болмайтын деректерді жария жасамауға байланысты жедел-іздестіру қызметкерлеріне қойылатын шектеулер ауқымы кеңейтілді.

Сонымен бірге, байланыс желілеріне заңсыз қосылу ұғымы қолданысқа енгізіліп, ондай іспен айналысуға тыйым салынды.

Бұдан өзге, парламент депутаттарының бастамасы бойынша прокурорларға жедел-іздестіру қызмет субъектілерінің арнайы шараларды жүргізген кездегі, соның ішінде телекоммуникация желілері мен байланыс арналарындағы іс-әрекеттеріне қадағалау жасау өкілеттігі берілді.

Бұл жаңа заңның жобасын бұған дейін Қазақстан парламенті қысқа мерзімнің ішінде қарап, көпшілік дауыспен қабылдап үлгерген болатын.

Журналистер, адам құқығын қорғаушылар мен оппозиция өкілдері бұл жаңа заңды елдегі сөз бостандығын шектеуге бағытталған кезекті қадам деп қабылдады. Олар жаңа заңда азаматтардың жеке өміріне қатысты деректерді жариялаушыға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделгенін сынға алған болатын.

Қазақстанда ақпарат жинауға қатысты жаңадан енгізіліп отырған бұл шектеулер ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның дұшпандары арасында «компроматтар соғысы» жалғасып жүріп жатқан кезде қабылданып отыр.

Қазақстанның жоғары билігін әшкерелеп «Өкіл қайын ата» атты кітап жазып шығарған Рахат Әлиев өзі жасырын түрде қолға түсірген телефон әңгімелерінің аудиожазбаларды Интернетте жариялап келе жатқанына жылдан асты. Ол әңгімелерде Қазақстан президенті мен оған өте жақын жүрген тұлғалар, оппозицияның кейбір жетекшілері мен ірі бизнесмендер жағымсыз қырынан көрінеді. Әйткенмен, Қазақстанның заң орындары ол аудиофайлдарға байланысты тергеу нәтижесі қандай екендігін осы уақытқа дейін хабарлаған емес.

Оқта-текте Рахат Әлиевтің өзін жағымсыз жағынан сипаттайтын оның жеке басына қатысты деректер де Интернетте және қазақстандық бірқатар газеттерде жарияланып келеді. Әйткенмен, дәл осы Рахат Әлиев Қазақстанда «компроматтар соғысын» жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, дау-дамайға негіз болған атышулы аудиожазбаларды «К-плюс» атты спутниктік жаңа телеарна арқылы көпшілікке өз қолымен таныстырды.
XS
SM
MD
LG