Accessibility links

Шетел сарапшылары Қазақстанда тұрғындардың наразылығы күшеюі мүмкін деп болжайды


"Азат" партиясының белсенділері Кәрім Мәсімов басқаратын үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп митинг өткізді. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.
"Азат" партиясының белсенділері Кәрім Мәсімов басқаратын үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп митинг өткізді. Алматы, 21 ақпан 2009 ж.

Халықаралық баспасөз құралдары Қазақстанда экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты елдің наразылығы күшеюі мүмкін деп жазады.


АҚТАЛМАҒАН ҮМІТТЕР

Халықаралық жаңалықтар агенттіктері Қазақстан экономикасының даму қарқыны бәсеңдегені жайында хабарлайды. DW-WORLD.DE сайты Астанада өткен үкіметтің селекторлық кеңесі кезінде болған әңгімеде экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов ұлттық экономиканың даму қарқыны екі пайызға төмендегені туралы мәлімдегенін жазады.

Әйткенмен, өткен жылдың қараша айында үкіметтегілер 2009 жылы әлемді шарпып отырған дағдарысқа қарамастан ішкі жалпы өнімнің өсімі (ІЖӨ) жылына 2-3 пайыз болатындығына күмән келтірмеген деп жазады сайт.

Алайда, кейінірек, әлем базарларында Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бағасы түсіп кеткен соң, Астана өз болжамының жоғарғы деңгейін төмендетуге мәжбүр болды. Осыдан соң ІЖӨ-нің өсуі туралы нақтыланған жаңа цифрлар жарияланып, 2009 жылы бұл көрсеткіш 1 пайыз деп белгіленді.

Қазақстан үкіметі жағдайды тұрақтандыру үшін ұлттық қордан халық шаруашылығының жүйелерін қолдауға 15 миллиард АҚШ долларын бөлген. Қазақстан үкіметінің әлемдік дағдарыс жағдайында ІЖӨ-нің өсуі туралы үміті осы көмекпен байланысты еді деп еске салады DW-WORLD.DE сайтында.

ЖАҒДАЙ ҚИЫНДАП БАРАДЫ

Сарапшылар осы жақында ғана «Жаңа дамушы базарлар» клубының көшбасшы елдері (Қытай, Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және т.б.), өз мүмкіндіктерінің арқасында, дағдарыс соққысынан қорғайтын қалқан, әлемдік экономиканың қайта өрлеуі үшін уақытша ес жиятын плацдарм болады деген оптимистік көзқараста болатын.

Бірақ, нақты жағдайдың ауылы одан алыс болып шықты. Қорытындысында, дамушы елдер – G20 форумының мүшелері, жаһандық дағдарыстың ауыр қысымын көріп, онымен қиын күрес жүргізуге мәжбүр болуда.

Осының салдарынан Қазақстан экономикасында, тіпті ІЖӨ-нің 1 пайыздық өсімі де болмауы мүмкін. DW-WORLD.DE деректеріне қарағанда бұл фактіні 2009 жылдың бірінші тоқсанындағы экономиканың даму қарқынының төмендеуі жайында мәлімдеген министр Бақыт Сұлтанов мойындауға мәжбүр болған.

Бұл цифрды Қазақстан үкіметі ресми түрде әлі жарияламағанымен, ел экономикасының өте қиын жағдайда тұрғанын жанама түрде дәлелдейтін бірқатар факторлар бар дейді жоғарыда аталған сайт.

РЕЦЕССИЯДАН ҚАШЫП ҚҰТЫЛАР ЖОЛ ЖОҚ ПА?

Әдетте, ел экономикасында ІЖӨ-нің өсім көрсеткіші екі тоқсан қатарынан төмендесе, мұны рецессия дейді. Бұл дегеніңіз, егер осы жылдың екінші тоқсанында ел экономикасындағы ІЖӨ-нің өсім көрсеткіші төмендеген болса, онда Қазақстанның экономикасы рецессияға ұшырады деген сөз. Яғни, дағдарыстың нағыз ортасына түскені.

DW-WORLD.DE
елдегі жағдайдың қиындағаны айқын байқалады дейді. Шағын және орта бизнестің көптеген өкілдері оларды несиелендіруге мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының оларға жетпейтініне шағымданады. «Экономика дамуының негізгі қозғаушы күштері» болып табылатын банктердің өздері қиындық көруде.

Осыған байланысты Қазақстандағы жүйеқұраушы төрт банктің қатарындағы БТА банк пен Альянс банкті мысалға келтіруге болады. Басқа ірі банктердегі жағдай да соншалықты жақсы емес. Екінші деңгейдегі басқа банктердің қатарында тәп-тәуір көрінетін Халық банктің өзі биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында шығынмен жұмыс істеді деп мойындады осы банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова. Ал осы уақытқа дейін салынып бітпеген, елдегі жүздеген тұрғын-үй кешендері мен бизнес орталықтары жағдайдың қиын екендігін байқатады.

Қазақстанның шетелдік кредиторлар алдындағы қарызы өткен жылы 11 пайызға өсіп, 108 миллиард АҚШ долларына жеткен деп хабарлайды Silkroadintelligencer. Алайда сайт мына жағдайға назар аударады: қиын жағдайда отырған екінші деңгейдегі банктер халықаралық кредиторлар алдындағы қарызын 15 пайызға азайтқан. 2007 жылдың соңындағы қарыз 46 миллиард доллар болса, 2008 жылдың соңындағы қарыз 39 миллиард долларға дейін төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, халықаралық несиелерді қайтару елге оңайға түспейді.

Венгрияның Вudapesttimes газеті Қазақстан экономикасының жоғарыда аталған жағдайына байланысты қызықты деректер келтіреді. Басылымның жазуынша, халықаралық Fitch агенттігі Қазақстан мен Венгрияны «Еуропаның дамушы базарлары» кеңістігінде әлемдік сауданың, халықаралық ақша ағымдары мен несиелеу көлемінің төмендеуінен болатын теріс ықпалға барынша бейім елдер деп бағалаған.

РЕСМИ АСТАНА ЖАРИЯЛАНҒАН ЦИФРЛАРДАН БАС ТАРТЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ

Бір қызығы, ІЖӨ өсіміне қатысты болжамын Астана әзірге өзгерткен жоқ. Silkroadintelligencer интернет-басылымының жазуынша, ол 2009 жыл бойынша әлі плюс бір пайыз шамасында белгіленген қалпы тұр. Ал өткен жылы ІЖӨ-нің жылдық өсімі 3,2 пайыз болған.

Соған қарамастан, Лондонда шығатын танымал Еconomist журналы, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, биылғы жылы Қазақстанның экономикасы 0,2 пайызға төмендеуі мүмкін деген болжам айтады. 2 пайыз шамасындағы оң көрсеткіш тек 2010 жылы халықаралық базардағы мұнай бағасының өсуімен ғана мүмкін деп жазады басылым.

Сонымен бірге, бұл көрсеткіштер осы онжылдықтың басындағы өсім индикаторынан анағұрлым төмен болады деп атап өтеді Еconomist. Осыған байланысты, халықтың табысы азайып, экономиканың өсімі тежелгендіктен, халық арасында наразылықтың күшеюі мүмкін дейді басылым.
XS
SM
MD
LG