Accessibility links

Астана Қазақстандағы ең ірі табиғи газ кенішінің 10 пайыз үлесін иемденеді


Қарашығанақ кеніші. Батыс Қазақстан облысы, 25 қыркүйек 2007 жыл.
Қарашығанақ кеніші. Батыс Қазақстан облысы, 25 қыркүйек 2007 жыл.

Ақорданың бірнеше айға жалғасқан қысымынан соң, Қарашығанақ кенішін игеру үшін құрылған KPO консорциумының үлескерлері үлестің бір бөлігін Қазақстан үкіметіне беруге келісті. Бұл уақытта Қытай Қазақстаннан өз жеріне бағытталған тағы бір мұнай құбырын салуды жоспарлап отыр.


ҚАЙТҚАН МАЛДА ҚАЙЫР БАР

Eni тобы Қарашығанақ кенішін игеру жөніндегі консорциумның үлесін Қазақстанның («ҚазМұнайГаз») мемлекеттік компаниясының қарамағына беру туралы шешім қабылдады деп жазады «Тренд – онлайн». Бұл көп уақыттан бері аталған топқа көрсетіп келе жатқан Астана қысымының нәтижесі болған. Астана екі жыл бұрын Қашаған кенішін игеру жөніндегі консорциумда да осылайша үлес иеленген болатын.

Қарашығанақ кенішіндегі табиғи газдың қоры шамамен 1,35 триллион текше метрді құрайды (бұл өзі табиғи газдың әлемдегі ең ірі кеніштерінің бірі деп саналады). Кеніш аумағында, сонымен қатар, мөлшермен 1,2 миллиард тонна мұнай жатыр. Аталған қазба байлық түрлерін өндіруге үлесші фирмалар әлдеқашан қарқынды түрде кірісіп кеткен.

Eni және BG компаниясының (Британияның мемлекеттік холдингі) әрқайсысы кеніштің 32,5 пайыздық үлесін бақылайды. Сонымен қатар, мұнда Chevron мен Lukoil да үлесші болып табылады.

Қысым көрсетумен бірге, Қазақстан үкіметі көмірсутек қазба байлығын экспорттауға қатысты баж алымын енгізді. Аталған шараны қолдану дағдарыстың кезеңінде тоқтатылған еді, деп түсіндіреді басылым.

Қазақстан үкіметінің Қарашығанақ кенішін игеру жөніндегі консорциумның қатысушылары қатарына енуге мүдделілігі баяғыдан бері белгілі болатын. Бұған байланысты келіссөздер көптеген ай бойы жүрді, деп жазады «Милано Финанца» басылымы.

Астананың қолына дәл қанша үлестің өтері белгісіз боп отыр. Бейресми дерек бойынша, ол он пайызды құрауы мүмкін.

Қазақстан үкіметі енгізіп отырған мұнай өнімдері экспортына салынатын баж алымының консорциумға қатысты күшін жою әрекетіне айырбас ретінде аталған он пайыздың тең жарымы, яғни бес пайызы Астана қоржынына түспек.

БҰҚАРА ҚАЗАҚ БҰДАН НЕ ҰТАДЫ?

Ал қалған бес пайыздың құнын Астана қолма – қол ақшамен төлейді, деп түсіндіреді «Милано Финанца».

«Біздің бағалауымызша, он пайыздық үлестің құны бір жарым миллиардтан бір миллиард 800 миллион долларға дейін баруы мүмкін», - деп мәлімдейді Intermonte компаниясының сарапшылары.

Қарашығанақ кенішінде Eni компаниясы өндіретін көмірсутектердің жалпы көлемінің 6,3 пайызы өндірілсе, мұнда аталған компания иелігіндегі көмірсутек қорының 10 пайызы жатыр, деп жазады басылым.

Кеніш үлесінің Астана қолына өтуі жөніндегі келісім – шартқа қол қойылуының мүмкін екені жайлы ақпарды «Рейтер» агенттігі де растап отыр.

Қазақстандағы Қарашығанақ кенішін игеру жөніндегі консорциумның төрт шетелдік қатысушысы мұндағы өз үлесін азайтуға келісіп, кеніш үлесінің он пайызын Қазақстан үкіметіне беруге келісті, деген хабардар адамның сөзін келтіреді «Рейтер».

Жүргізіліп жатқан келіссөздің егжей-тегжейінен хабардар бір адам «Рейтер» агенттігі тілшісіне Karachaganak Petroleum Operating Group (KPO) консорциумі құрамына енетін компаниялар шілде айының 19 жұлдызында акциялар пакетін сату мәселесін талқылады дейді. Алайда, бұл талқылау барысында түпкілікті шешім қабылданбаған. KPO консорциумі құрамына итальяндық ENI, британдық BG, Chevron мен LUKOIL компаниялары енетіні белгілі.

«Аталған компаниялар бес пайызды (Қазақстандық) үкімет қарамағына беретінін мәлімдеді. Алайда, үкімет мұның есесіне қайтадан енгізіліп отырған мұнай экспортына салынатын баж алымынан бас тартуы тиіс немесе жұмсалған шығынның көлемі 1 миллиард доллардан астам сомаға (жалған ақпар ретінде) асырылып көрсетілді деген айыптау негізінде жүргізіліп жатқан сот процесінен бас тартуы керек», деді агенттікке аталған хабардар тұлға.

Осы адамның айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасы үлестің қалған бес пайызын қолма – қол ақша төлеп, сатып алатын тәрізді.

МҰНАЙҒА АШҚАРАҚ ҚЫТАЙ


Ал Қытай, Қазақстаннан өз аумағына бағытталған жаңадан тағы бір мұнай құбырын салып алу үшін жоспарлар жасап жатқан көрінеді.

Энергия ресурстарына мұқтаждық көріп отырған Қытай Қазақстанмен өз аумағын қосатын тағы бір мұнай құбырын салып алмақ ниетте, деп жазады «ETaiwannews» басылымы.

Бұған Малакка бұғазы арқылы тасымалданатын мұнай жеткізіліміне тәуелділік себеп боп отыр, деп түсіндіреді «ETaiwannews» басылымы қытай тілінде жарық көретін Liberty Times басылымына сілтеме жасап.

Елдің мұнай импортына тәуелділігі Қытай үкіметіне қысым түсіріп отыр. 2008 жылы, мәселен, күн сайын Қытай шамамен 3,6 миллион баррель мұнай импорттап отырған.

2030 жылға қарай осыбір ел өзі тұтынатын мұнайдың 80 пайыздан астамын импорттап отыруға мәжбүр болатын көрінеді.

Импортталатын мұнайдың 80 пайызы, дүниежүзілік теңіз коммуникацияларының орталық торабы болып саналатын Малакка бұғазы арқылы тасылуы себебінен, Қытай тағы бір құрылықтық құбыр салуды ұсынады. Ол құбыр күн сайын жеткізіліп отыратын мұнай көлемін 800 мың баррельге арттыруы тиіс.

Өткен жылы Қытай Ресейдің Сібірі мен өз аумағындағы Дацинь мұнай кенішін қосатын мұнай құбырын салып бітті. Аталған құбырдың тәуліктік мұнай өткізу мүмкіндігі 300 мың баррельді құрайды.

Бейжің Бирма мен оңтүстік Қытайдағы Юньнань провинциясын қосатын тағы бір құбыр салу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Қытайға мұнай экспорттайтын елдер тізімінде алдыңғы қатарды Сауд Арабиясы, Ангола, Иран, Оман және Ресей тәрізді бес мемлекет алады. Бұлардың бәрі біріге жүріп, ҚХР тұтынатын мұнай импортының алпыс төрт пайыздан астамын жеткізіп беріп отыр, деп түсіндіреді «ETaiwannews».
XS
SM
MD
LG