АҚШ АСТАНАДАН РЕФОРМАЛАР ЖҮРГІЗУДІ ТАЛАП ЕТТІ
«Евразиянет» веб-сайтының хабарлауына қарағанда, аталған іс-сапар барысында тараптар қандай да бір келісім-шартқа қол қоюға қол жеткізе алмаған. Онлайн-басылым бұл сөздің растығына дәлел ретінде АҚШ Мемлекеттік департаменті шенеуніктерінің ақпаратына сілтеме жасайды.
Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сондай-ақ американ президенті Барак Обама мен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың екеуара бетпе-бет кездесуін өткізу туралы келісімге қол жеткізбек болыпты. Ол кездесуді Астана сәуір айында өткізбекке үмітті, деп түсіндіреді сайт.
АҚШ, өз кезегінде, Астананы адам құқығын құрметтеу саласында нақты іс-шараларды жүзеге асыруға көндіру үшін Қазақстанға қысым жасауға әрекет жасаған.
Вашингтондағы кездесу барысында Астана ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу туралы өз бастамасына Барак Обама әкімшілігінің қолдауын алады деген кейбіреулердің үмітіне қарамастан, бұлай болмады, деп жазады «Еуразиянет».
Министр Қанат Саудабаев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның кездесуінен кейін де ешбір ресми мәлімдеме жасалмаған және баспасөз мәслихаты да өткізілген жоқ.
Вашингтон іс жүзіне асуын қалап отырған нақты шаралардың бір де біріне қатысты Қазақстан «шешім қабылдауға (әлі) даяр» емес, дейді АҚШ астанасында болған әңгіменің егжей-тегжейінен хабардар АҚШ Мемлекеттік департаментінің бір өкілі. Аталған өкіл өз аты-жөнінің жарияланбауын өтінген.
БЕДЕЛІНЕ ДАҚ ТҮСТІ
Мемлекеттік департаменттің осы шенеунігінің айтуынша, кездесу барысында тараптар маңызды мәселелерді өзара «оң қабақ таныта отырып талқылаған». Әйткенмен кейбір мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр.
Мәселен, Қазақстан Евгений Жовтистің ісіне қатысты сот шешімін қайта қарауға келісетін сыңай танытып отыр, дейді әлгі шенеунік.
«Қанат Саудабаев бұл жолы әсіре ымырасыздық танытпады. Ал осыдан бірнеше ай бұрын олар (Қазақстан шенеуніктері): «Біз тек заңның айтқанымен жүреміз» деп бет бақтырмаған еді. Алайда, олар өз заңдарының әділ қолданылмағанын әрі сот процесінде қателік жіберілгендігін мойындап жатыр», – деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің шенеунігі.
Оның айтуынша, қазақ шенеуніктері бұл тақырыптың шешімін табуы тиіс түйінді мәселе екендігін түсінеді. «Еуразиянетке» берген сұхбатында мемлекеттік департаменттің әлгі шенеунігі былай дейді:
– Вашингтон «бұл олардың беделіне дақ түсіріп отырған нәрсе болып табылатынын әрі олардың өз заңдылық жүйесінің жіберген қателігін түзеуі тиістігін атап көрсетеді». Алайда, Жовтистің апелляциялық арызына қатысты сот шешімі мамыр айына дейін қабылданбайтын секілді.
ОЛАР МҰНЫ ЖАРНАМАЛАЙТЫН БОЛДЫ
Вашингтондағы кездесу жылы қабақ таныту ахуалында өткенімен, АҚШ Астанада өтеді деп жоспарланған ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуіне қатысуға келісім беруге асықпаған.
2009 жылғы желтоқсан айында Афинада ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өткен еді. Содан бергі өткен уақыт ішінде, Астанада ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу жөніндегі бастамаға қатысты американдықтардың ұстанымы өзгерген жоқ, деп жазады «Еуразиянет».
«Афинадағы кездесуден соң, бұлар бүкіл әлемді шарлап, ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуін Қазақстанда өткізу идеясын ЕҚЫҰ-на мүше-мемлекеттер қолдап отыр деп жар салды. Алайда, олар, өсти жүріп, біздің оларға айтып жүргенімізді көлеңкеде қалдырып отырды. Яғни, олар (Қазақстан шенеуніктері) бұған қол жеткізу үшін алдымен белгілі бір қадамдар жасауы тиіс. Бұл жолы да баяғыдай бола ма деген қаупім бар. Өз атақ-абыройын асыру үшін олар мұны баршаға даңғаза етіп жарнамалайтын болады. Мен (Астанада) саммит өткізу идеясына біз қарсымыз дегім келмейді, алайда бұл біз сол идеяны жақтайды деген сөз емес әлі», – деп атап көрсетеді АҚШ Мемлекеттік департаментінің шенеунігі.