Accessibility links

28 өзбек босқыны кемсіту көріп отыр


Қамаудағы өзбек мұсылман босқындарының әйелдері Алматы прокуратурасының ғимаратына кіре алмай тұр. 13 қыркүйек 2010 жыл.
Қамаудағы өзбек мұсылман босқындарының әйелдері Алматы прокуратурасының ғимаратына кіре алмай тұр. 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстанда қамауда жатқан 28 өзбек мұсылман босқынын жағымсыз жағынан сипаттау белең алып отыр. Егер оларды экстрадициялайтын болса, Отанында қатыгез жаза тосып тұр дейді құқық қорғаушылар.


Биылғы маусымда Алматыда жүргізілген «Мигрант» операциясы барысында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 30 босқын полиция қолына түскен болатын. Өзбекстан бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі Отанына экстрадициялауды сұраған бұл босқындар Қазақстан әділет министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы абақтыларына қамалды.


ӘУЕЛІ КЕМСІТІП, СОДАН СОҢ ЭКСТРАДИЦИЯЛАМАҚ ПА?

Босқындар туралы жаңа заң бойынша 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан аумағындағы босқын мәртебесін беру мәселесі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің құзырына берілген еді. Бірақ бұл ереже қараша айында тағы өзгерді.

Отыз босқынның 29-ы өздеріне босқын мәртбесін беруді сұрап Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон департаментінің Алматы қалалық комиссиясына өтініш жазды. Қамауға алынғандардың бірі босқын мәртебесін сұраудан бас тартқандықтан қыркүйектің
Олар өздерін намаз оқып, хиджап кигені үшін қуғындады деп санайды. Өзбекстан ислам дінін ұстанатын ел, сондықтан бұл адамдарды намаз оқығаны үшін қуғындай қоюы екіталай.
8-і күні Өзбекстанға экстрадицияланды. Тағы бір тұтқын босқын мәртебесін алып, қамаудан босатылды. Комиссия 30 тұтқынның 28-іне босқын мәртебесін беруден бас тартты.

Қазақстан билігі тұтқындалған босқындарды Өзбекстанға экстрадицияламақшы. Алайда босқындар көші-қон комитеті комиссиясының шешіміне қарсы сотқа шағым түсіріп, қазіргі уақытта сот шешімін күтіп отыр. Дегенмен бұл босқындардың жақтастары алдағы соттан бәлендей үміт күтпейді, өйткені Қазақстан осыған дейін де көрші мемлекеттің босқын азаматтарын еліне қайтарып, тағдыр тәлкегіне тастаған еді.

Қазіргі уақытта Қазақстан билігі өзбек босқындарын кемсітетін үгіт-насихат жүргізуге кірісті. Мұнан өзбек билігі де қалысар емес.

Биылғы қазан айында босқындар туралы заң тағы өзгерді. Қарашаның 1-інен бастап босқын мәртебесін қарастыру ісі Ішкі істер министрлігі көші-қон полициясының құзырына берілді.

Батыс елдері үшін бұл әдеттегі жағдай. Оларда босқындар ісімен ұлттық және халықаралық заңнамалардың қатаң шегінде жұмыс істейтін көші-қон полициясы шұғылданады.

Алайда құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстандағы бұл тәжірибе «иммиграциялық инквизицияның» пайда болуына әкелуі мүмкін. Яғни «кісі жегіш режимдерден» қашып келген азаматтар Отанына экстрадициялануы ықтимал.


АҢЫЗДЫҢ ҚИСЫНЫ

Құқық қорғаушылар қазақстандық билік тұтқындалған өзбек босқындарының лаңкестік ұйымдарға қатысы барлығы туралы қазірдің өзінде әлдебір аңыз ойлап таба бастады дейді. Өзбек босқындарын кемсіту мақсатында билік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді пайдалануға көшті.

Мәселен, қазан айында алматылық «Время» газетінде осы мәселеге орай араға бір апта салып біріне-бірі ұқсас екі мақала жарық көрді.
Өзбек босқындарының балалары діни әдебиет оқып отыр. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
Біріншісінде Алматы қалалық көші-қон департаменті жанындағы комиссияның босқындар мәртебесін беруден бас тартуы жөнінде айтылса, енді бірінде осы департамент директоры Гүлсара Алтынбековамен сұқбат берілген.

Гүлсара Алтынбекованың сұқбаты «Босқындар немесе лаңкестер» деп аталады. Тақырып соңында сұрау белгісі де жоқ.

Гүлсара Алтынбекованың сөзіне қарағанда, «тұтқындалғандардың сөздерінде қайшылықтар көп». «Олар өздерін намаз оқып, хиджап кигені үшін қуғындады деп санайды. Бірақ бұл айдан-анық өтірік қой. Өзбекстан ислам дінін ұстанатын ел, сондықтан бұл адамдарды намаз оқығаны үшін қуғындай қоюы екіталай», – дейді ол.

Аталған департамент директоры оларға босқын мәртебесін беруге болмайтын бірнеше дәлелдерді алға тартады. «БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комитеті басқармасының Қазақстандағы өкілдігі арқылы келгендер болмаса, биылғы мамыр айынан бері біздің елімізден өз бетінше босқын мәртебесін сұрап келген бірде-бір Өзбекстан азаматы болмағаны таңғаларлық жағдай. Ал бұл факт 30 адамнан тұратын бұл топты әлдекім біздің елімізде арнайы жинаған деген ойға итермелейді», – дейді шенеунік.

Осы сөздерді айта келе Гүлсара Алтынбекова «Айтылған дәйектер мен өзге де белгілі фактілер бұл адамдар ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деуге болады» деген қорытынды шығарады.

Осы кезде өзбек бұқаралық ақпараттарында да осыған ұқсас пікірлер тарап жатты.


ВАРШАВАДАҒЫ ДӘЛЕЛСІЗ СӨЗ

Өзбек босқындарын құтқару комитетінің құрамына көптеген өзбек құқық қорғаушылары мен Батыста жүрген өзбек саяси эмигранттары енген. Осы комитет Азаттық радиосына биылғы қарашаның 5-і күні Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның шолу конференциясында Қазақстанның Еңбек және әлеметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевтің сөз сөйлегенін хабарлады.

Конференцияда Қабылсаят Әбішев былай деген: «Босқын мәртебесін анықтау жөніндегі республикалық орталықтандырылған комиссияның отырысына Женевадағы БҰҰ босқындар ісі жөніндегі ЖКБ офисінің өкілі Хайбери мырза да қатысты. Нәтижесінде мандатты босқын мәртебесі бар 30 адамның 28-і «Ислами жихад одағының» мүшелері болып шықты, сөйтіп оларға Қазақстан аумағында
Мақалада сот әлі істерін қарамаған адамарды айыптау сарыны басым.
босқын мәртебесі берілмеді. Сонымен қатар Хайбери мырза аталған ұйымның 17 мүшесінің мандатын қайтарып алды».

Eurasia View интернет-басылымы осынау босқындар тобына арналған мақаласында Қабылсаят Әбішевтің 28 босқын деп кімдерді атап тұрғанын дәл көрсетпеді деп жазады. Сондай-ақ, Қабылсаяст Әбішев бұл адамдардың лаңкестік ұйымдарға қатысы барлығын көрсететін дәлел келтірмегені айтылады.

Босқындарды құтқару комитетінің өкілдері 28 босқынды «Ислами жихад одағына» қатысы бар деу үшін бұлтартпас айғақ пен ол жөніндегі сот шешімі керек деп санайды.

«Бұл ретте айыпталушы адамның кінәсі заң жүзінде дәлелденбейінше кінәсіз болып саналады дейтін қылмыстық құқықтағы кінәсіздік презумпциясын еске салғымыз келеді. Сондай-ақ босқын мәртебесін жою үшін әрбір жеке адамның мәселесі дербес қаралуы керек», – деп жазады олар өз мәлімдемелерінде.

Өзбекстан ислам қозғалысының (ӨИҚ) бір тармағы секілді қарастырылып жүрген «Ислами жихад одағы» 2007 жылы «Германия аумағында жүзеге аспай қалған лаңкестік актіні өз мойнына алуымен»» белгілі болды. Eurasia View интернет-басылымы кейбір бақылаушылардың «Ислами жихад одағы» деген ұйымның бар екеніне сенбейтінін де атап көрсетеді.

Өзбекстан билігі тәуелсіз діни топтар мен саяси оппозиция мүшелерін және өзгеше ойлайтындарды «лаңкестікке немесе аты-шулы кісі өлтіру әрекетіне қатысы бар» «экстремистік, сепаратистік ұйым құрды» немесе «тыйым салынған тағы да басқа ұйымдарға араласты» деген ойдан шығарылған айыппен ұдайы абақтыға қамап тастайтынын өзбек құқық қорғаушылары әлденеше рет мәлімдеді.


ҰҚСАС ТӘСІЛДЕР

Өзбек билігінің Қазақстанда тұтқындалған өзбек мұсылмандарын кемсіту жөніндегі әдіс-тәсілдері қазақстандық әріптестерінің әрекеттеріне қатты ұқсайды. «Босқын мұсылмандар Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» дейтін қазақ билігінің уәжін өзбек билігі құлшына қайталап отыр.

Мысалы, биылғы қарашаның 1-і «Uznews.net» интернет-басылымында «Өзбек діни босқындары – аяймыз ба, қауіптенеміз бе?» дейтін мақала жарық көрді. Мақала Қазақстанда тұтқындалған 29 мұсылманға арналған.

Осы мақалаға байланысты Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқығы» ассоциациясының президенті Надежда Атаева
Өзбек мұсылман босқындарын Қазақстаннан Өзбекстанға экстрадициялауға қарсы пикет. Стокгольм, 17 қыркүйек 2010 жыл.
қарашаның 4-і күнгі мәлімдемесінде: «Мақалада сот әлі істерін қарамаған адамарды айыптау сарыны басым. Бұл кінәсіздік презумпциясына нұқсан келтірудің классикалық үлгісі» деп жазды.

«Сонымен қатар бұл мақала ұлттық қауіпсіздігіне алаңдаған сыңай танытып отырған Қазақстан көші-қон қызметінің ресми ұстанымын қолдайтынын сездіреді» дейді Надежда Атаева.

«Uznews.net» интернет-басылымы 29 босқынның «ислам фундаменталистері» екені туралы жұмған ауыздарын ашпай отырған құқық қорғаушыларды да бір түйреп өткен.

Ал Надежда Атаева болса «құқық қорғаушылар құқықтық ұғымдарға ғана арқа сүйеуі тиіс, ал «ислам фундаменталистері» деген термин бірде-бір заңда жоқ» деп жазады.

«Азаматтардың құқығы мен бостандығы бұзылғаны туралы деректерге назар аударған кезде құқық қорғаушылар ең әуелі БҰҰ-ның адам құқығы туралы және тағы да басқа келісімдері жөніндегі жалпыға бірдей декларацияға сүйенеді. Адам құқығы, соның ішінде әділ сот құқығы олардың саяси және діни көзқарастарына қарамастан қорғалуы тиіс», – деп жазды Надежда Атаева.

Надежда Атаева мәлімдегендей «Uznews.net» интернет-басылымы «Қазақстанда мұсылмандардың тұтқынға алынуын Норвегиядағы босқындарға қарсы іспен байланыстыратын интернет-басылымдардың қатарында» болып шықты.

«Бұл мақалада сотталушылардың барлығы да босқын мәртебесін БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігі арқылы алғаны атап көрсетіледі. Ослодағы сот Қытай ұйғырына, Ирақ күрді мен өзбекке «мұнай өндіретін бірнеше платформаны жарып жіберуді көздеді және Мұхаммед пайғамбардың суретін салған дат карикатурашысына шабуыл жасамақ болды» деген айып тағып отыр. Үшеудің бірі – өзбек – айыпты теріске шығарады. Бірде-бір интернет-басылым бұл істің Алматыдағы тұтқындау оқиғаларымен қаншалықты қатысы барын таратып жазған емес, керісінше, тұтқынға алынған босқындар жайлы теріс пікір өршіп барады», – дейді Надежда Атаева.

Надежда Атаеваның сөзіне қарағанда, Өзбекстан мен Қазақстанның арнаулы қызметтері «өздерінің арнаулы операцияларын ақтап алу үшін қолдарындағы мүмкіндіктерін түгел пайдаланып отыр. «Uznews.net» интернет-басылымындағы мақала осынау үгіт-насихатттың бір үлгісі».

2005 жылы қараша айында Қазақстан Өзбекстанға 10 босқынды зорлықпен қайтарған болатын. Надежда Атаева жазғандай, «оларды өз Отандарында әбден азаптап, ұзақ жылдарға соттап жіберген».

«Азаптап, қинау арқылы оларға лаңкестікке қатысы бар екенін күштеп мойындатты. Соның негізінде 2010 жылы маусым айында Қазақстан мен Украинаға өзбек босқын-мұсылмандарды беру жөнінде сұрау салынды. Көп ұзамай бұл елдер босқындарды тұтқындай бастады», – деп түйеді Надежда Атаева.

Қазанның 22-і күні Венадағы ЕҚЫҰ штаб-пәтерінің алдында Қазақстанда тұтқындалған өзбек босқындарын қорғауға арналған төрт күндік пикет аяқталды. Пикетті Өзбек босқындарын құтқару комитеті ұйымдастырды.

Комитет өзбек босқындарын қорғауға арналған мұндай акцияларды бұған дейін Женева, Копенгаген, Берлин, Стокгольм, Лондон, Вашингтон, Киев, Прага және Варшава қалаларында өткізген еді. Комитет өкілдері босқындарды Өзбекстанға экстрадициялаған жағдайды оларды тек қана өлім күтіп тұр деп санайды.

Қарашаның 19-ында Өзбек босқындарын құтқару комитеті Қазақстан үкіметіне, батыс елдері мен ЕҚЫҰ-ға өзбек босқындарын Өзбекстанға экстрадициялауға жол бермеуге, олардың құқықтарын сақтай отырып, саяси баспана беруге шақырған үндеу таратқан еді.

Франциядағы «Адам құқығы жөніндегі халықаралық федерация» да Қазақстан билігінде осындай талап қойған болатын. «Uznews.net» интернет-басылымы осынау бір топ өзбек босқындары Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев үкіметінің бас ауруына айналуы мүмкін деп жазады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG