Бұл мәліметті Серік Ахметов «Тұрғын халық және даму бойынша іс-қимылдың Қайыр бағдарламасы: 15 жыл өткенде» атты Алматыда болып өткен республикалық конференцияда жариялады.
Қазақстанға қоныстанатын оралман отбасыларының үлесі немесе квотасы жылына 15 мыңнан 20 мыңға дейін ұлғайтылған.
Азаттық Радиосы кезекті дөңгелек үстел сұхбатын осы тақырыпқа арнап отыр. Оған: Қытайдың Іле аймағына қарайтын Құлжа қаласынан көшіп келген Нұргүлсім Тұрсынқызы, Түркиядан келген азамат Насыржан Алтай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан және Қазақстанның көші-қон және демография комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев қатысты.
Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық Радиосының қызметкерлері Сағат Батырхан мен Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.
Сонымен, өткен 18 жылда атамекенге 200 мыңдай қазақ отбасы немесе 800 мыңдай жан қоныс тепкен. Оларға әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 17 млрд. теңгеден немесе шамамен 110 млн. доллардан астам қаржы бөлінетін көрінеді.
Бірінші мәселе: Атамекенге оралғандар Қазақстанның толыққанды азаматы болып, жерсіне алды ма? Оралғандар түгел баспанамен қамтамасыз етілді ме? Қариялар зейнетақыларын алып, ересектер жұмыспен қамтылып, сәбилерді балабақшаға орналастыру, балаларға білім беру, дәрігерлік қызмет көрсету сынды әлеуметтік мәселелері тиянақты шешілді ме?
Екінші мәселе: Қазақстанда мемлекеттік – қазақ тілінің қазіргі халі мен елге оралған қазақтардың басым көпшілігінің «ресми» орыс тілін білмейтінін ескеретін болсақ, күнделікті тұрмыс-тіршілікте бола беретін немесе билік өкілдері тарапынан азаматтық, адами құқықтары бұзылғанда, орыс тілін білмейтін олар өздерінің құқын қорғауды сұрап кімге, қандай ресми мекемеге немесе үкіметтік емес ұйымға жүгініп келді немесе жүгіне алады?
Сонымен, күнделікті тұрмыс-тіршілікте бола беретін немесе билік өкілдері тарапынан азаматтық, адами құқықтары бұзылғанда, орыс тілін білмейтін атамекенге оралған қазақтар өздерінің құқын қорғауды сұрап кімге, қандай ресми мекемеге немесе үкіметтік емес ұйымға жүгініп келді немесе жүгіне алады?
Үшінші мәселе: Биыл квота бойынша шетелдерден атамекенге 20 мың отбасын көшіріп алу жоспарланып отыр. Егер ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы жоспар бойынша 20 мың отбасы емес, 16 мың ғана қазақ отбасы қоныстанды. Ал биыл да 20 мың отбасын жоспардың орындалмай қалуына қандай себеп болуы мүмкін?
Міне осы айтылған мәселелер қамтылғын Азаттық радиосының дөңгелек үстел сұхбатының аудиожазбасын осы арадан тыңдауларыңызға болады.