Accessibility links

"Сатира – өмірдің айнасы. Бірақ, оның міндеті күлдіру емес, ойландыру"


Толымбек Әлімбеков, қазақ сатиригі (сурет оның жеке мұрағатынан алынды).
Толымбек Әлімбеков, қазақ сатиригі (сурет оның жеке мұрағатынан алынды).

Қазақ сатирасы дегенде ең алдымен еске түсетін жандардың бірі Толымбек Әлімбеков. Осы жанрдағы 35 жылдық тәжірбиесіне сүйенген ол сатираны – әдебиеттегі, өнердегі өмірбақилық оппозиция жанры, бірақ, бүгінгі саясаттағы оппозицияға қарағанда, барынша «таза» дейді.

Қоғамның дамуы барысында, қоғам мен адамның кемшілігін сынау сатираның маңдайына жазылған. Сондықтан Толымбек Әлімбеков сатираны әдебиеттегі оппозиция жанры деп атайды. Тіпті, сөз бостандығы мен демократия деген ұғымдардың иісі сезілмеген Совет Одағының тұсында да бұл жанрға ерекше мән берілген дейді сатирик. Оған дәлел ретінде «Ара» және «Крокодил» журналдарын атайды.

– Сол кезде журналға шыққан әрбір материал қадағаланып отырды, оны тексеріп, тиісті шаралар қолданылды. Сөйтіп отырып қоғамдағы кемшіліктердің түзелуіне біздің журнал өз септігін тигізді, – дейді Т.Әлімбеков.

Оның айтуынша, сол кездегі сатира мен қазіргі таңдағы сатираны салыстыруға келмейді. Өйткені, бұрын ешкімнің мүддесін көздемей, шынайы сынай алатын сатираға тиісінше жауап берілетін болса, қазір жағдай мүлдем өзгерген.

– Қазір «Ара» журналы әлі бар, алайда сол журналды керек етіп жатқан адам шамалы. Өйткені, қазір бізде тек қана жеке адам емес, қоғамның еті сынға үйреніп кеткен. Және оның тура атын атап, түсін түстемесең, өзі туралы екендігін іші біліп тұрса да, сыртынан сыр бермейді. Көркем дүние болған соң сатира нақты фактілерге сүйенбейді ғой. Нақты фактілердің негізінде оның прототипімен шығарма жазылады. Оның ішінде барлық адамдар, біз көріп отырған, қоғам көріп отырған кейіпкерлердің бар екендігін барлығы да біледі. Біле тұра ешкім ешнәрсе демейді. Бүгінде сатираға деген көзқараспен қатар сатира туралы түсініктің өзі өзгерген, – дейді Толымбек Әлімбеков.

Ол сондай-ақ қазіргі кезде өнердегі сатираның да бұрынғыдан өзгешелеу екенін айтады. Сатира театрының әртістері негізгі міндет сахнаға шыққаннан кейін елді қыран-топан күлкіге батыру деп түсінеді. Ал, Т.Әлімбекоовтың пікірінше, сатираның міндеті ол емес.

– Сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса, немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Ал біздің әртістер сөз жаттамайды. Олар қисалаңдап, қисынсыз әртүрлі әрекеттер жасап, аузы-басын қисайтып, бір сөзге көрермен күліп қалса соны қайта-қайта қайталап, айтайын деген ойдың мәні мен мағынасын кетіреді. Қазіргі таңда әзіл - сықақ театрлары баршылық, алайда олардың барлығының да көтеретін тақырыбы мен көрерменге жеткізу мәнері өте төмен дәрежеде. Біздің театрларда қазір тіпті от басы, ошақ қасында болмайтын әңгімені айтады. Отбасыңмен отырып сол көріністерді көре алмайсың. Оспадарсыз, түк мағынасы жоқ, рухани азық болатындай ешнәрсе айтылмайды, – дейді сатирик.

Сатира жанрында қалыптасқан жағдайға, әдетте, әртістер сатирик жазушыларды кінәласа, жазушылар әртістерді кінәлайды. Сатирик Толымбек Әлімбеков белгілі бір тақырып төңірегінде ойланып-толғанып жазған сценарийдің сәні мен мәнін кетірмеу әртіске байланысты деп санайды.

– Бізде монолог деген жоқ. Себеп – біздің әртістердің сол бірнеше беттік дүниені жаттауға уақыты жоқ. Олар үшін мына киелі сахна той-томалақ пен тағы да басқа жұмыс арасындағы бос уақытта ақша табудың көзі. Тіпті, кейбіреулері сахнаға шығар алдында ғана сценариймен танысып жатады. Ал ол жазылған туындыны оқып-жаттап, бойына сіңіріп, елге соны түсіндіруі керек. Алайда, қазір тіптен басқа жағдай қалыптасып отыр. Қазір сатира мен юмор – шоудың қызметін атқарып, дүние табуды негізгі мақсат етіп алған, – деген сындарлы пікірін білдіреді сұхбаттасымыз.

Ол өзі сатира жазарда «Даланың дара ділмарлары» кітабындағы билер, шешендердің сөзіне жүгінетінін айтады. Себебі, сатираны тек қана күлкінің, арзан қылжақтың құралы деп түсінуге болмайды. Сатираның түбі – парасат, ақыл-ой, пайым тауып сөз сөйлеу. Астарлап сөйлеу, ыммен түсіндіру, ойнап отырып ойдағыны жеткізу – қазаққа тән сөз өнері дейді сатирик.

– Бөлтірік шешен түнделетіп келе жатса, бір қарияның шөп ұрлап келе жатқандығын байқайды. Содан әлгі ақсақалға «мұныңыз не?» деп айтса, қария «түнде мені кім көреді» деп жауап берген екен. Сонда Бөлтірік шешен «түнде айдың жарығымен аппақ сақал әдемі көрінеді» деп айтқан екен. Сонда қария ұялғанынан не істерін білмей кешірім сұрапты. Көрдіңіз бе? Қандай керемет сөздер! Біздің қазақ соншалықты сөздің қадірін түсіне білген.

Әйткенмен, қазіргі кезде қоғамда сатираға деген көзқарас лайықты деңгейде болмағанымен, қоғам үшін бұл жанр керек деген пікір айтады сатирик Әлімбеков:

– Сатираны қай қоғамда да әлсірету бар шығар, бірақ оны өлтіру мүмкін емес. Өйткені, сатира – қоғамның дәрісі. Ғаламда бар нәрсе жоғалып кетпейтін теория бар ғой. Сатира да сол сияқты жоғалып кеткен жоқ. Себебі, сатира – қоғамның иммунитеті, – дейді.

Сатириктің өз өмірі де қызықты оқиғалардан кенде емес екен. Ол сөз соңында солардың бірі туралы Азаттық тілшісіне айтып берді:

– Бір күні отбасыммен қала сыртында келе жатқан мені жол полициясының қызметкерлері тоқтатты. Сөйтіп, олар менің жол ережесін бұзғаныммен жұмысы жоқ, маған «аға, анекдот айтып беріңізші» деп өтінді. «Бірақ жол полициясы туралы емес, қыздар туралы айтып беріңізші» дейді. «Сонда бұл қалай, сендер мені тоқтатасыңдар да, қыздар туралы анекдот сұрайсыңдар. Бұлай болмайды, мен сендерге өздерің жайлы анекдот айтайын» деп мынандай анекдот айтып бердім:

«Жол полициясы қызметкері бір күні о дүниелік болып, жаратқанның алдына тап болыпты. Жаратушы екі жолдың ортасында тұр екен – оның бірі тозаққа, ал екіншісі жұмаққа апаратын жол екен. Содан жаратушы пендесіне сұрақ қоя бастайды: «Тірі кезіңде жасаған жақсылығың болды ма?» десе, «болды» деп жауап беріпті. «Қиянатың болды ма?» деп сұраса, «ол да болған» деп жауап беріпті. «Онда мен саған мына жолға түс, ана жолға түс деп айта алмаймын. Сен екі жолдың бірін өзің таңда» депті. Сөйтсе, полиция қызметкері жұмақ пен тозақтың қайсысына барарын білмей, біраз ойланып тұрып, «мен осы екі жолдың дәл ортасындағы «постыда» тұрсам қайтеді?» деп өтініш айтқан екен.
XS
SM
MD
LG