Accessibility links

Сталин Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі фашистердің зұлымдықтарын зерттеусіз қалдырған


ССРО-ға басып кірген гитлерлік Германия армиясының сарбазы бала көтерген жергілікті тұрғынды қарудан көздеп, атуға дайындалуда. Бабий Яр, Украина.
ССРО-ға басып кірген гитлерлік Германия армиясының сарбазы бала көтерген жергілікті тұрғынды қарудан көздеп, атуға дайындалуда. Бабий Яр, Украина.

Осыдан біршама уақыт бұрын жазған екі материалымда мен Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында совет әскерлерінің неміс әйелдерін жаппай зорлағаны жайында айтқан едім.


СОҒЫСТЫҢ ТАБЫ

Ең әуелгі айтарым — менің қарапайым қос мақалам «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Қазақ редакциясы – Азаттық радиосы веб-сайты оқырмандарының ондаған, жүздеген кереғар пікірін туғызды. Фашистік індетті жойған күрескерлердің ерлігі мен даңқын ұмыттыруды көздейді деп мені кіналағандары да бар. Мен туралы осындай пікірде қалған адамның бәрінен кешірім сұрағым келеді.

Бірақ, бір ескеретін жайт – мен ол уақыттарда болған келеңсіз оқиғаларға байланысты өзімнің жеке пікірімді білдірген жоқпын. Адамдардың көбінде бар кез келген індетке деген жеккөрініш менде де бар. Оған негіз болатын себеп те көп. Нацистерге келетін болсақ, Жеңіс жылында дүниеге келген бала болсам да, менің оларда кеткен өз кегім бар.

Екінші дүниежүзлік соғыс кезінде Аушвиц-Биркенау концлагерінде отырған тұтқындардан қалған көзілдіріктер.


Турасын айтқанда, мен өзімді сол соғыстың тікелей құрбаны санаймын. Жүрегімде қалған сызаттарды әлі күнге дейін сезінемін.

Менің бабам соғыс жаңа басталған кезде, 1941 жылдың қыркүйегінде Киевте неміс әскерінің қолынан мерт болды. Мельник көшесі, 16-ыншы үйдің ауласына сүйреп шығарып, мылтықтың дүмімен ұрып өлтірген. Жасы 94-те еді.

Анамның туған бауыры, менің нағашым, Совет армиясының капитаны соғыстың аяқталуына екі апта қалғанда, 1945 жылғы сәуірдің 16-ы күні Берлин түбінде қаза тапты.

1951 жылы мен байқаусызда жарылып кеткен неміс бомбасынан жараландым. Басқыншылық уақытында немістің қару-жарақ қоймасы болған алаңда балалармен ойнап жүрген болатынмын. Бұл оқиға Киевтен 22 шақырым қашықтықта орналасқан Боярка станциясында болған еді. Бұл, меніңше, соғыстың тікелей құрбаны болуға жеткілікті жайт. Тәнім де жәбір көрді, жаным да жәбір көрді.

МАҢДАЙЫНДА МҮЙІЗІ ЖОҚ

Кейінірек, бұғанам қатқан кезде тағдыр мені Мюнхенге айдап апарып, сол қалада 14 жыл өмір сүрдім. Мен фашизмді кітап пен фильм арқылы ғана емес, былай да білемін. Тірі фашистерді көзіммен көрдім. Құдай өзі куә, олардың мүйізі немесе басқа да хайуандық белгілері жоқ.

Бірде Мюнхен вокзалында мен бір жергілікті қариямен әңгімелесіп қалдым. Бір кезде ол әңгіме үстінде төс қалтасынан шығарып, маған бір

Адольф Гитлер басқарған неміс ұлтшыл-социалистік жұмысшылар партиясының (NSDAP) белгісі.

ғажап бұйым көрсетті. Менің тұла бойым мұздап сала берді. Оның маған көрсеткені Ленинградты бомбалағаны үшін алған медалі еді.

Олардың маңдайында мүйізі жоқ. Көшеде көрсеңіз, ажырата алмайсыз. Сырттай қарағанда, олар кәп-кәдімгі адам. Оларды, тіпті, немістердің өздері де ажырата алмай, 1933 жылы сол нацистерге дауыс берген жоқ па?

Шамасы, сол соғыс арқылы көрініс берген ХХ ғасырдың басты оқиғасы ретінде салыстырмалық теориясы мен атом бомбасынан бұрын басқа бір нәрсені айту керек. Жік шыққанда, Еуропаның нақ кіндігінен — Германиядан шықты. Сұмдық болғанда, Бах пен Гегельдің, Гёте мен Шиллердің халқы өзін адамзат тарихындағы ең қатыгез нәсілдердің бірі ретінде танытты.

«Азияшылық» терминін жабайылық пен жауыздықтың символы есебінде жиі қолдана бастаған сол еуропалық зиялылар мен советтік насихатшылар еді. «Шыңғысханның қанқұмарлығы мен татар-моңғол ордасының айуандығы» жайлы ертегіні де сол Еуропа шығарған болатын. Сөйтіп жүргенде, жаңа тарихты Еуропадан шыққан фашизм өзі тітіретті.

ЦИРКУЛЯР БОЙЫНША

Герман жасақтары шығыс бағытында жатқан далаға, Совет Одағының аумағына аяқ басқан мезетте Еуропа өркениеттің бесігі ретінде жаратылған деген жалған ұғымның қабырғасы сөгіліп сала берді. Армия тек бұйрықты орындаушы ғана дегенмен де, соғыстың алғашқы күндері мен айларында істелген нәрселер – жай ғана национал-социализм жетекшілерінің әмірін орындау ғана емес-ті.

Ол деген жойқын қанқұмарлықтың көрінісі болды. Гитлердің уағызы тек орасан көп германдықтардың хайуани түйсіктерін оята білді.

Нацистік Германия көсемі Адольф Гитлер (1889-1945) неміс әскерилері алдында сөйлеп тұр. 1938 жыл.

Сонау сұрапыл күндер мен айлардың шежіресін ақтарсаңыз болды, форма киген германдықтар мен олардың одақтастары жасаған қырғынның сұмдығын көре бересіз.

Жырақтағы неміс тылында, тыныш та жайлы бюргерлік қалашықтар мен үлкен қалаларда әйелдері мен балалары неміс жауынгерлеріне мадақ айтумен болды. Германдықтардың артында фюрер ғана емес, онымен қоса мыңжылдық рейх тұрды.

ССРО-ға шабуыл басталуынан бірнеше сағат бұрын неміс жаяу әскерінің, танк дивизияларының және ұшқыштар эскадрильясының алдыңғы бөлімшелерінде жау тарапына жасалатын қырғын үшін әскердің мойынынан жауапкершілікті алып тастайтын фюрердің бұйрығы оқылды. Бұл ішкі циркуляр еді. Сілтідей тынған вермахт жауынгерлерінің әрбірі герман ұлтына жердің керек екенін, жерді оның үстіндегі кем адамдардан тазарту керектігін білді.

Істің арғы жағы германдық жауынгерлердің белсенділігіне байланысты еді. Нацистік бағыттағы мұндай белсенділікке келгенде олар алдына жан салған жоқ. Ақыр аяғында тұтас бір ұлт бүкіл әлеммен бәсекеге түсті. Қанды бәсекеге түсті.

«ТАПАНШАДАН ОҚ ЖАУДЫРҒЫМ КЕЛІП ТҰРАДЫ»

Өкініштісі сол – ССРО ешқашан нацистік қылмыс құрбандарының мұрағатын құруды мақсат қылған емес. Дәлелдемелер құжатталған емес. Статистика жүргізілмеді. Мыңдаған мәлімет жинақталмаған және жүйеленбеген күйі әр жерде шашылып жатыр.

Сол мәліметтің қай-қайсысы да жүз мыңдаған, миллиондаған қарулы германдықтардың басып кіруіменен ұлан-байтақ елге тұтастай террордың, өркениет тарихындағы ең ауқымды террордың орнағанын айтады.

Соғыстың төртінші күнінде-ақ Гудериан әскери бірлестігінің танкистері Барановичиге кірген. Алдыңғы шептегі бөлімшелер Минскіге

СС киіміндегі әскерилер Варшава геттосында. Польша, 1943 жыл.

қарай ұмтылған. Оның артынан неміс жаяу әскері келе жатты. Олар үйді-үйге кіріп, қолына түскенді қанға бояды. Есігін ашып қойған үйдің адамын тек жақтырмай қарағаны үшін ғана өлтірді, ал, есігін жауып алған үйдің адамдарын түгелдей қырып салды.

Немістің қолына түскен алғашқы әскери тұтқындарды айуани өлім күтіп тұрды. Пионер көшесінде вермахт сарбаздары қолға түскен қызыл армияның төрт жауынгерін бағанға байлап, аяқтарының астына шөмеле үйіп, жанармай құйып, тірідей өртеп жіберген.

Қатардағы жауынгер Эмиль Голыд күнделігіне былай деп жазған: «28 маусым. Күн шыға біз Барановичиден өттік. Қала қираған. Бірақ, әлі де бітпеген шаруалар бар. Мирден Столбцевке дейінгі жолда біз халықпен пулеметтің тілінде сөйлестік. Айнала у-шу, ыңырсыған адам, судай аққан қан, толған өлік.

Бізде ешқандай аяушылық сезімі болған жоқ. Қай жерде, қай ауылда болсын, адамдарды көргенде қолым қышиды. Оларға тапаншадан оқ жаудырғым келіп тұрады. Бұйырса, бұл жерге көп ұзамай СС бөлімшелері келіп, біз үлгере алмаған нәрселерді іске асырады».

Бір қарасаңыз, мұны жазып отырған қарапайым ғана жас жігіт, ал, қанішерлік жөнінен іскерлігі мен ұқыптылығы қандай десеңізші.

ҚАНҚҰЙЛЫ ҚЫРҒЫН

Борисов қалашығының маңындағы ауылдардың бірінде сарбаздар жасырынып үлгере алмаған әйелдерді ұстап алып, өздері және офицерлер үшін орманға апарған. Лейтенанттың бұйрығы бойынша сарбаздар 16 жасар Люба Мельчукованы орманға алып келген; өз құмарын басқаннан кейін офицер қызды сарбаздарға тапсырған.

Біршама уақыт өткенде сарбаздар алаңқайға айдап әкелген басқа әйелдер жан төзгісіз сұмдықты көрген. Бір шоғыр ағашқа сүйетілген тақтайға штыкпен қағып қойған жалаңаш әйел тұр, әбден азапталған, өліп бара жатыр. Төбе шашы тік тұрған әйелдердің көзінше

Советтер еліне басып кірген неміс сарбаздарының Шығыс майданнан үйіне жолдаған суреті.

сарбаздар оның қос омырауын кесіп алған.

Орман іші қыршынынан қиылып жатқан қыздардың шыңғырған дауысынан азан-қазан болған. Сол бір шағын ғана ауылдан немістер 36 әйелді мерт қылған. Зорланған әйелдер одан да көп болды. Және де мұны жасаған неміс әскерлерінің бірінші легі ғана болатын. Бұл тұрақты армия еді. СС бөлімшелері кешірек келген.

Тағы бір жерде, Белосток түбінде де жаңағы секілді іс жасалған. Кіші әскери техник Сергей Дашичев қоршаудан шығып бара жатып, сұмдық көрініске тап болған. «Мен, – деп еске алады ол, – Белосток маңындағы бір ауылдың сыртында бес ағаштың басын ұштап, әрбіріне бір-бір әйелді қадап кеткенін көрдім. Киімсіз өлі денелердің қарындары жарылған, омыраулары кесілген, бастары шабылған. Әйел адамның бастары балаларының денелерімен бірге қанға бөгіп жатты».

Гитлер әскері аяқ басқан барлық майдандарды бірге алғанда, мұндай істердің қаншасы жасалғанын біле беріңіз. Немістер Украина, Беларусь, Балтық елдерінің әрбір ауылына, қалашығына кіргенде елді осындай қанды қырғынға ұшыратып отырды. Жүздеген мың неміс сарбаздары мен офицерлері адамзатқа белгілі тарихта болмаған ең алапат қырғынға қатысты.

Германия әскері, оның таңдаулы СС бөлімшелері еврейлер мен армия офицерлерін ерекше аңдыды. Неміс армиясы геноцид жүргізді. «Қу бас» СС дивизиясының қатардағы жауынгері Вальтер Траве 29 маусымда үйіне жолдаған хатында былай деген:

«Біз көптен күткен кек қайтарылар сәт туды. Көп ұзамай большевиктер талқандалып, еврейлер жойылады. Біз оларды кездескен жерде

Польшадағы Холокост құрбандары мұражайындағы сурет.

жынысы мен жасына қарамастан атып тастап жатырмыз. Мұны бізге фюрер табыстады. Білетінім – жау тылындағы арнаулы топтар еврейлерді толығымен жойып жібергенге ұқсайды, өйткені алға жылжыған бізге олар жөнді ұшыраспай жатыр».

Соғыстың алғашқы айларында мыңжылдық рейхтің майдандық поштасы Германияға осы мазмұнды жүздеген мың хат жөнелтіп жатты.
Нацистік неміс армиясына тән қатыгездікті жау қолына түскен Львов қаласы да бастан кешті. Львов тігін фабрикасының жатақханасына баса-көктеп кірген немістер отыз екі жап-жас әйел адамды зорлап, артынан өлтірген.

Мас неміс сарбаздары қолға іліккен львовтық қыздарды Костюшко саябағына апарып, зорлап жатты. Львов шіркеулерінің біріндегі діни қызметкер Помазнев қолына крест ұстап, қыздарға араша түспек болған. Адамшылыққа шақыру және Қиямет күнін еске салу еш пайда бермеді; неміс сарбаздары қарияны соққыға жыққан, шапанын шешіп алып, сақалын кесіп тастаған, соңында штыкпен түйреп өлтірген.

ӘУЕЛІ ӨЗІҢДІ ТАНУ

Германияда бүгінгі күнге дейін немістер өздеріне сол заманда біздің халқымызға не көрінді деп сұрақ қояды. Себебі, қырылған жандардың қаны қырғынды ұйымдастырушылардың ғана емес, сонымен қатар оны белсене іске асырған миллиондаған ұлы Бах елінің қарапайым азаматтарының да мойынында ғой. Қанды қырғынды дәрігерлер мен оқытушылар, слесарлар мен скрипкашылар, наубайшылар мен студенттер, инженерлер мен құбыршылар іске асырды.

Айуандықпен айналысқан қара бұқара мен биік мәртебелі ақсүйек топтардың өкілдері — жер шарының көптеген тұрғындарының көзіне хайуан болып көрінді. Бұл әлі істің басы ғана еді. Шығыс жерлерін «жабайы тұрғындарынан» тазарту мақсатындағы негізгі жұмыстар ССРО-ны жеңгеннен кейін жүргізіледі деп жоспарланған болатын.

Германияның телеарналары мен газеттері әрбір кеш сайын өзінің гитлерлік тарихын талқылап жатады. Әлемнің өзге ешбір елінде мұндай құбылыс жоқ. Неміс халқын бұған итермелеп жатқан израильдіктер, америкалықтар, орыстар немесе еуропалықтар емес. Немістер сол замандағы өздерінің ессіздікке қалайша бой алдырғандарын түсінбейтін сияқты және сол ессіздіктің жұрнағын қазір өз бойларынан іздейтін тәрізді.

Аталарымыз жасаған іс үшін неге біз жауап беруге тиіспіз деп Германия жастарының төзімнен айырылып жатқанын жиі байқауға болады. Біз оған кінәлі емеспіз. Біз ешқандай жамандық жасаған жоқпыз. Бізге ондай жауапкершіліктің қажеті жоқ. Біз басқамыз! Олардың айтатыны осы.

Бірақ, тұтас қоғам да, бүкіл әлем де бір сәтке болса да босаңси алмайды. Өйткені жаппай айуандық індеті Берлиннің құлауымен бірге біржолата жоғалып кеткен жоқ. Қырық-елу жыл өткенде Югославияда ол толық көлемде тағы да бой көрсетті. Және тек Югославияда ғана емес.

Кез келген ел өзгені де, өз халқын да қырғынға ұшырату қаупінен сақтану үшін өзін-өзі електен өткізіп отыруға тиіс. Яғни, біз тағы да барлық мәселеде, тіпті, ең ауқымды жаһандық мәселемен шұғылданбай тұрып әрбір мемлекет басшылығы дүниені түзетуді өзінен бастауға тиіс деген қорытындыға келіп отырмыз.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Украин және Түркімен редакцияларының директоры болып жұмыс істеген. Аутордың бұл мақаладағы пікір-көзқарасы Азаттық радиосының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін.)

XS
SM
MD
LG