Accessibility links

Елеусіздеу Серік Баймағамбетов ішкі істер министрі қызметіне отырды. Жаңа тағайындаулар


Ақ орда - Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы.
Ақ орда - Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы.

Әділет және ішкі істер министрлері жұмыстарынан босатылды. Мұхаметжанов сенатор болып тағайындалса, Балиеваға әзірге құрғақ алғысты қанағат тұтуға тура келді. Ішкі істер министрі қызметіне Серік Баймағанбетов жаңадан келді.

Зағипа Балиева әділет министрі қызметінде 2005 жылғы сәуірден 2009 жылдың сәуіріне дейін тура төрт жыл отырды. Осы өткен кезең ішінде әр көктем мен күз мезгілдерінде талдаушылар оның қызметінен кететіндігі туралы сәуегейлік жасайтын. Әсіресе өткен күзде оның сенімді адамдарының бірі – министрліктің жауапты хатшысына қатысты атышулы қылмыстық істен кейін әлгіндей болжамдар жиі айтылған-тұғын. Інісі бірнеше рет сотты болып, Интерполдың іздеуінде екендігі жалпақ жұртқа жария болған жауапты хатшының өзі ірі көлемдегі долларды заңсыз алып өтпек болған сәтінде Мәскеу әуежайында ұсталған еді.

Әйткенмен, сол жолғы болжамдар тағы да мүлт кетті – әлгіндей дабырадан кейін де Зағипа өз қызметінде отыра берді. Көктем туғанша, қыс бойы ол өзін өзі жарнамалаудан жалықпады – елдің жетекші газеттерінің беттері мен теледидардан оның көпжанды отбасы жайында, керемет министр, асыл ана, адал қыз, тәрбиелі келін екендігі, т.с.с. тақырыптарда жарияланымдар мен салақұлаш сұхбаттары берілді. Алайда, бұл жолы олардың жәрдемі болмай қалған тәрізді. Әзірге З.Балиеваның басқа қандай қызметке ауысатындығы туралы ештеңе айтылған жоқ.

Оған қарағанда Бауыржан Мұхаметжановқа бірден парламент сенатынан орын бұйырды. Ол 2005 жылғы қазан айынан осы кезге дейін ішкі істер министрі қызметін атқарды. Сол кезеңнің ішінде елде ол басқарған министрлікпен байланысты бірқатар қайғылы оқиғалар болды. Ол қызметке тағайындалған соң бір ай өткенде белгілі оппозиция қайраткері Заманбек Нұрқаділов денесіне үш рет тиген оқтан қаза болды. Бауыржан Мұхаметжанов марқұм өзін өзі өлтірді деген мәлімдеме жасады. 2006 жылғы ақпан айында және бір қаза қоғамды дүр сілкіндірді – тағы бір танымал оппозиция көсемі Алтынбек Сәрсенбайұлы жанындағы екі көмекшісімен бірге ту сыртынан атып өлтірілді.

Ол жолы да, арада екі жыл өткеннен кейін де туысқандары, дос-жарандары мен әріптестері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының жұмбақ қазаларына қатысты істі қайта қарауды талап етті, және де, Бауыржан Мұхаметжановты қызметтен кетіру туралы билікке ашық талап қойды. Бірақ та ол өз қызметінде отыра берді. Сондай-ақ, оппозиция қайраткерлеріне қатысты ағайынды Байсақовтардың ісі бойынша Украинаға Бауыржан Мұхаметжановтың өзі барғаны жайында БАҚ-да жарияланған ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растаған немесе жоққа шығарған емес.

Ішкі істер министрі болып елу жастағы Серік Баймағанбетов жаңадан тағайындалды. Кезінде Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университетті заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған ол бұған дейін президент әкімшілігінде, Қауіпсіздік кеңесінде әртүрлі қызметтерде, бір кездері ішкі істер министрінің орынбасары болып жұмыс істеген.

2007 жылғы тамыз айында Серік Баймағанбетов президенттік «Нұр Отан» партиясынан парламенттің төменгі палатасына депутат болып сайланып, осы кезге шейін мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып келді.

Ол өзін бір кездері ішкі істер министрлігіне әкелген Қайырбек Сүлейменовтың сенімді адамы делінеді қоғамда. Әркезде екінші дәрежедегі адам ретінде көрініп келген Серік Баймағанбетовті білетіндер оны текетіреске бармайтын, жұмсақ мінезді, барлығымен тіл табыса алатын адам ретінде сипаттайды.

Ал әділет министрі қызметіне бұған дейін тоғыз жылға жуық елдің бас прокуроры болып істеген Рәшит Түсіпбеков отырды.
XS
SM
MD
LG