Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда көбейіп бара жатқан кемтар балаларға дәрігерлік көмек жетіспейді


Төле би ауданының тұрғыны 9 жасар Назерке Исақұлованың бойы 88 см. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы. 2 наурыз 2010 жыл.
Төле би ауданының тұрғыны 9 жасар Назерке Исақұлованың бойы 88 см. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы. 2 наурыз 2010 жыл.

Аймақта дүниеге кемтар болып туатын балалар саны күрт артқан. Мамандар бұған ата-аналарды кінәлайды. Ал ата-аналары дертті балаларына мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдем болмай отырғанына шағым айтуда.


«ҚАТАР-ҚҰРБЫЛАРЫ КЕМСІТЕДІ»

Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының 9 жасар тұрғыны Назерке Исақұлова сирек кездесетін туа бітті эндокриндік ауруға шалдыққан. Оның бойы небәрі 88 сантиметр. Қазір оның басы өсіп, дене-бітімі сол қалпында қалуда. Бұл кеселге тосқауыл болуға медицина әзірге қауқарсыз.

«Әріп танығанына бір жыл ғана болған Нәзеркенің есте сақтау қабілеті күннен-күнге нашарлап келеді», – дейді анасы.

40 жастан асқанда дүниеге әкелген кенже қызын арқалап бармаған жері қалмағанын айтқан ана бауыр еті баласының өмірінің қысқалығы жайлы білсе де, кеселмен күресуде. Мүгедектік жәрдемақысы дәрі-дәрмегіне зорға жетеді дейді науқастың анасы. Ал қызына әлеуметтік қызметкердің бөлінуі керектігі жайлы естімеген де. Айтуынша, қазіргі қоғам мүгедектерге мазақпен қарайды.

– Ол дүниеге келгенде дәрігерлер ергежейлі болады деді. Мектепке барған жоқ. Емханадағылардан қайран жоқ. Олар ақша сұраудан басқа
Назеркенің анасы Әлия Тастанбекова. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, 2 наурыз 2010 жыл.
түк істемейді. Адам құрлы көрмейді. Сосын, ең болмаса, әріп танысын деп, шапқылап жүріп, зорға шақырттым мұғалімді үйге. Қызымды ойласам жаным сыздайды. Өзі өте ширақ, пысық, – дейді Назеркенің анасы Әлия Тастанбекова.

Мектепке кеш барғанына қарамастан Назерке оқуды оңай үйреніпті. Тек есептен қиналатынын айтады. Ол ұстаз болуды армандайды.

– Мен үлкен боп өскім келеді. Кітап оқығанды ұнатам. Өскенде апай болам, – деп бала арманымен бөлісті Назерке.

Ал Ленгір қаласының 10 жасар тұрғыны Несібелі туа бітті стафилококк кеселімен ауырады. Онымен қоса жүйке жүйесінің зақымдануы секілді бірталай дерттен зардап шегеді. Анасының айтуынша, ол тәулігіне бірнеше сағат қана ұйықтайды екен. Орта мектепке барғанда көрген құқайларын анасы жылап отырып еске алады.

Несібелінің анасы Ләззат Талқанбаева. Леңгір қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы. 2 наурыз 2010 жыл.
– Бірнеше рет қызымды арықта домалап жатқан жерінен тауып алдым. Достары мазақтап, ұрып кететін. Ондайға қай ана шыдасын? Басы қатты ауырады. Ауданда невропатолог жоқ. Ақшамыздың бәрі дәріге кетеді. Кіші ұлым да мүгедек. Бір өзіме ауыр. Аудан әкіміне барып, әлеуметтік қызметкер беруін сұрап ем, «мүгедектік жәрдем басыңнан аяғыңа дейін жетеді, сендейлер толып жүр» деді. Сондағы алатыным – 15 мың теңге, – дейді Ләззат Талқанбаева.

Екі бірдей мүгедек баласын бағып үйде отырған ана алдымен Несібеліні орта мектепке берген екен. Бірақ кейін шығарып алады. Қазір ол үйінде дәріс алады.

– Мектепте мұғалімі де адам құрлы көрмеген. Бірде қызым қыстың суығында мұз қатып келді. Апайы дәретханаға шығармай қойыпты. Қоғам мүгедектерге ала көзбен қарайды. Құрбылары емес, мұғалімі үнемі мазақтап шұқи берген соң, шыдамай мектептен шығарып алдым, – дейді Ләззат Талқанбаева.

54 МЫҢ МҮГЕДЕК БАЛА

Облыстың 14 ауданына арнайы тексеру жұмыстарымен шыққан психолог, дәрігер, педагогтардан құралған комиссия мүгедек балалардың денсаулығын, білімін тексеруде. Комиссия кемтар балалардың қандай әлеуметтік көмекті қажет ететінін де анықтайды.

Жалпы көрсеткіш бойынша әр ауданда 80 бала үшін небәрі 16 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді екен. Арнайы тексеру жүргізген комиссия барлық жағдайды ескеріп, бұл мәселен біржақты шешу үшін биыл да жергілікті әкімшілікке ұсыныс жасамақ.
Ленгір қаласының тұрғыны Несібелі Талқанбаева туа бітті айықпас дертке шалдыққан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, 2 наурыз, 2010 жыл.


– Біз жергілікті басшыларға жылда айтып жағымыз талды. Олар тек қаржы тапшы деп құтылады. Бұл балаларға барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етуіміз керек. Өткен жылғы тексеру кезінде 13 жасқа келгенше әріп танымайтын қызды көрдік. Кей мұғалімдер кемтар балаларға арналған оқу жүйесін шатастырып жатады. Кемшілік көп, – дейді комиссия меңгерушісі Шәрбәт Шырынбекова.

Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 11 интернат бар. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Әсіресе, 1990-2000 жылдары дүниеге келген сәбилердің арасында мүгедектік белең алғанын көрсетіп отыр дейді сала мамандары.

Статистика көрсеткіштері бойынша, өңірде мүмкіндігі шектеулі балалар саны 54 мыңға жеткен. Басым бөлігі туа бітті мүгедек. Тексеру өткен Төле би ауданының өзінде 2 мыңға жуық мүгедек баланың 600-дейі кемтар боп дүниеге келген.

– Кейбір ұлт өкілдерінің жақын ағайындарына үйленуі жиі кездеседі.
Шәрбәт Шырынбекова, Оңтүстік Қазақстан облыстық психолого-медико-педагогикалық комиссияның меңгерушісі, Төле би ауданы. 2 наурыз, 2010 жыл.
жатады. Мысалы, Сайрам ауданында бір үйдің 3 қызы да ақыл-естері кем боп туылған. Ондай некенің ұрпақ үшін зардабы болатынын айтсаң, өздерінің салт-дәстүрге қарсы шыға алмайтындарын айтады, – дейді облыстық комиссия меңгерушісі Шәрбәт Шырынбекова.

Маманның айтуынша, сондай-ақ, кемтар сәбидің өмірге келуіне ананың өзі кінәлі. Қазірде әйелдердің 80 пайызы қан аздығы, анемия ауруына шалдыққан. Олардың дер кезінде дәрігерге қаралмауы баланың дертке ұшырауына себеп болуда. Сондай-ақ, үйде өскен науқас балаға білім беру жағын да ең алдымен ата-ана қадағалауы тиіс дейді маман.

– Әлеуметтік қызметкерлердің жетпейтіні рас. Ол туралы біз барлық аудандарға хат жолдадық. Әр ауданда 80 адам қызмет көрсетуі тиіс. Олар көмекке зәру балаларға жәрдем беру үшін қажет. Негізі, бұл мәселе аудан бюджеттеріне тікелей байланысты, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Серғазы Жақсылықов.
XS
SM
MD
LG