АЛПЫС ЖЫЛ ТҰРҒАН АЯДАЙ ТАР МЕКТЕП
Құрсайдағы бар мектептің әктеп-әрленгені болмаса, қора-қопсыдан артық жері жоқ. Шәкірттер қуықтай тар бөлмелерде оқуға мәжбүр. Орын жетіспегендіктен қосымша екі үйді жалға алып оқытып жатыр. Жалдау ақысына ай сайын бюджеттен 25 мың теңге төленеді. Өткен оқу жылында 956 оқушы білім алған. 103 бала дайындық тобына барған. Биыл ол да жоқ. Жабылып тынды. Себебі орын жоқ.
Құрсай ауылынан кейін салынған көрші Қазығұрт ықшамауданында осы кезге дейін екі мектеп тұрғызылды. Ал Құрсайдағы ескі мектептің іргетасы 1950 жылы қаланған. Оның өзінде де шикі кірпіштен салынған. Бұл жерде спорт зал, мәжіліс залы деген мүлдем жоқ. Сынып оқушылары аумағы 3х4 метрлік тар бөлмелеріне сығылысып оқуға мәжбүр. Ауыл ақсақалдары әкімдердің табалдырығын тоздырумен шаршан. Олардың уәдесі де сол«мектеп болады, салынады».
Мұнда әуелі бастауыш мектеп 1981 жылы сегіз жылдық орталау білім мектебі болып ауыстырылған. 2001 жылы ауыл азаматтары төрт бөлмелі мектеп ғимаратын қоспақ болып, асарлатып бастаған еді, кейіннен бюджеттен ақша бөлініп пайдалануға берілді. Оның да қамсау болған түгі жоқ. Жылдан жылға бала саны көбейіп, мектепке зәрулік артып отыр.
Бұл мәселе талай мәрте көтерілді де. Одан бері де қанша әкім келіп, қаншасы кетті. Қалалық білім бөліміне де сұраныс жасалған. Бірақ құрсайлықтарға мектеп бұйырмай-ақ қойды.
Мектеп салатын бос жер де жоқ. Мектеп салуға жарайды-ау деген бір бос жатқан жер телімі Сайрам ауданының меншігі болып шығыпты. Оны аудан түгілі облыс та шеше алмайтын көрінеді. Тек республикалық дәрежеде шешілетін мәселе екен.
Егер ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салу керек болса, онда 18 үйді құлатуға тура келеді. Әрине, егер бұл жүзеге асатындай болса, онда бюджеттің бүйірін опыратындай мол қаржы және керек.
УЛЫ АУА, САСЫҚ ИІС
Құрсай ауылының тұрғыны, зейнеткер Жақсылық Тінеев ауыл тұрғындарының мектепке мұқтаж болып отырғанын Оңтүстік Қазақстан облысы басшылары да білетінін айтады.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметов келді былтыр. Сонда ескі мектептің орнынан балабақша, ал қазіргі балабақша салынып жатқан жерден жаңа мектеп салатын болып келіскен. Облыс әкімі менің айтқандарымды дұрыс айтасыз деген еді. Неге бұлай өзгеріп кеткенін кім білсін? Балабақшаны да ауылдан 2-3 шақырым жерге салып жатыр. Ұзақ, – деді зейнеткер.
Тыл ардагері Жақсылық Тінеевтің айтуынша, соғыс жылдарынан кейін бұл жерде мал бордақылдайтын совхоз болыпты. Биліктің бұл ауылда жаңа мектеп салу жоспары тұрғындар арасында біраз дау туғызыпты.
– Мектептің жанындағы үйлерді құлатып, орнына жаңа мектеп салатын болып, халық оған қарсы шығып, салдырмаймыз деген әңгіме болған. Онда осы жерге балабақша, мектепті басқа жерге салсын деген де ұсыныс жасаған болатынбыз, – деді Жақсылық Тінеев.
Ал, тағы бір тұрғын Сәбит Батталов жаңа мектепті ескісінің орнына салғанды құп көреді. Оның бір себебін бұрынғы инженер Құрсайдағы экологиялық жағдайдың нашарлығымен түсіндіреді.
– Менің осы Құрсайда тұрғаныма 70 жыл болды. Содан бері бұл мәселе шешілген жоқ. Облыс әкімі келгенде жиналысқа бәріміз де қатыстық. Сонда олардың айтысы мектепті Құрсайдың шетіндегі сайға саламыз дейді. Ол жерде ауа өте лас. Өзім пәлен жыл инженер болып істегенмін. Бұл саланы бес саусақтай білемін. Қорғасын зауытынан шығатын лас ауа тура осы сайдың үстімен өтеді. Ауыр газ денсаулыққа өте зиянды. Газдың концентратты мөлшері 98 пайыз. Бос жатқан 500 гектар жерді сатса ақша болып, бюджетке құйылуы керек. Мектеп салса, жағдайы бар деп халық көшіп келеді. Қазіргі ескі мектептің орнына салынса нұр үстіне нұр. Ал, қыр жақтан да салынсын. Өйткені халық көп. 3 мыңнан аса оқушы болуы мүмкін келешекте. 1 200 орындық мектеп салуға жер таппай шулап жатыр қазір. Ертең 3 мыңнан да асып түседі. 4-5 жылдың көлемінде тіпті одан да асып түсуі ғажап емес, – дейді Сәбит Батталов.
Осы мәселе бойынша Шымкент қалалық білім бөліміне хабарласқан едік.
– Мектепке дайындаған жерге балабақша салып жатыр. Мектеп салынуы тиіс учаске мәселесін шешіп беру үшін Сайрам ауданы әкімі Уәлихан Қайназаровқа хат жаздық. Енді жауабын күтіп отырмыз, – деді.қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Пазылхан Асауов.
ЖЕКЕГЕ САТЫЛАДЫ, МЕКТЕП САЛУҒА ЖЕТПЕЙДІ
Құрсай ауылында бүгінде жеті мыңнан астам тұрғын бар. Шеткі жағынан жер бөлініп, жаңадан үйлер салынып жатыр. Жаңа құрылыстар түсіп жатқан соң халық саны да артып келеді. Тұрғындар саны артқан сайын әлеуметтік мәселелер де көбейе түсті.
Мамандар 1200 орындық мектеп салу үшін 3,5-4 гектар жер керектігін айтады. Жекеге сатылған жер көп болғанымен мектеп салатын жер табылмай тұр.
Өткен жылы Шымкенттің «Сәуле» ықшамауданына мектеп салатын кезде айқай-шу көтерілген. Мектептің қазығы қағылған жерден мұнай өңдеу зауытының құбырлары жүргізілген болып шыққан еді.
Сөйтіп салынғалы жатқан мектеп «Қайтпас-1» ықшамауданына салынатын болып шешілген. Бүгінде ол мектеп те бітуге таяу. Заманауи талапқа сай, барлық жағдайы жасалған мектеп көздің жауын алады. Осындай мектепті қала түбіндегі құрсайлықтар да аңсайды.