Accessibility links

Рамазан Есіргепов абақтыда аштық жариялап жатыр


«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов. Алматы, 24 желтоқсан 2008 жыл.
«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов. Алматы, 24 желтоқсан 2008 жыл.

Екі күннен бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тараздағы тергеу абақтысында қамауда аштық жариялап жатқан журналист Рамазан Есіргеповтің туыстары оның денсаулығына алаңдаулы. ҰҚК оған қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша іс қозғаған.

Есіргеповтың абақтыда әлі қанша уақыт қамауда ұсталынатындығын қаңтардың 9-ы күні Тараз соты шешпек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оны қылмыс жасауға қатысы бар күдікті ретінде ұстап отыр.
- Есіргеповтың іс-әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228-ші («Өкiлеттiктердi теріс пайдалану») және 172-ші баптарында («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз алу, жария ету») қарастырылған қылмыстық құрам болғандықтан осы екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр. Ол бізден өзін ақтауды талап етеді. Егер кінәсіз екенін дәлелдегісі келсе, аштықты қойып, тамақ ішіп, тергеушілердің сұрағына толыққанды жауап бергені жөн, - деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаменті тергеу басқармасының бастығы Талғат Айтқожинов Азаттық тілшісіне қаңтардың 8-і күні.
Р.Есіргеповтің әйелі Раушан күйеуінің денсаулығына алаңдаушылық білдіріп отыр.
«Рамазанның бостандықта жүргенде де жүрегі ауырып жүрген, ал аштық жариялаған күйдегі оның денсаулық жағдайының нашарлағаны сөзсіз», — деді Раушан Есіргепова Азаттық радиосына.
Алматыдағы кардиология институтында ем алып жатқан «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов қаңтардың 6-сы күні ҰҚК қызметкерлерінің күштеуімен Таразға апарылған соң тергеу абақтысында аштық жариялаған еді. Адвокат Анна Пахотаның хабарлауынша, ол камерада жалғыз отырған көрінеді.
Былтыр 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.
ҰҚК тергеушілері «Құпия» белгісімен жазылған әлгі хатты Р.Есіргепов қазірде салық төлеуден жалтарған деген негізбен жауапқа тартылған тараздық кәсіпкер Сұлтан Махмадовпен бірге заңсыз жолмен алған деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғап отыр.
Рамазан Есіргеповке қатысты Қазақстан ҰҚК-нің 6-шы қаңтар күні таратқан баспасөз баянында «...бұқаралық ақпарат құралдарында құпия мәліметтердің жариялануына байланысты қылмыстық іс қозғалған кезден бастап, Рамазан Есіргепов тергеушінің шақырту қағазын алудан бірнеше мәрте бас тартты, оның тарапынан ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментіне келетіндігі туралы ауызша уәде берілгенімен, іс жүзінде ол алдын ала тергеу үшін түсінік беруден әртүрлі сылтаулармен қашқақтады. Бұған қосымша, осы уақыт аралығында қылмыстық істі тергеуге байланысты жүргізілген әрекеттерге және тергеу қызметкерлерінің заңды қимылдарына қатысты жағдайларға Есіргеповтың саяси астар беруге тырысқандығы» айтылған.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG