Accessibility links

Алты концлагерде тұтқын азабын көрген теміртаулық қария дүниеден өтті


Мирон Брук, бұрынғы нацистік концлагерь тұтқыны. Теміртау.
Мирон Брук, бұрынғы нацистік концлагерь тұтқыны. Теміртау.

Қаңтардың 8-күні Теміртауда Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Мирон Брук жерленді. Фашистердің алты концлагерінде тұтқын болып, ажал тырнағынан аман қалған бұл адам 96 жасында дүниеден өтті.

Соғыс кезінде фашистердің алты бірдей концлагерінде тұтқында болып, нацистік СС жендеттерінің қорлық-зорлығын басынан өткерген, аштық пен жалаңаштықтың азабын шегіп, туысынан айрылған Мирон Матусович Брукты Теміртауда жұрттың бәрі танитын.

Бұл адам туралы жергілікті газеттер жиі жазып, теледидардан онымен сұхбаттар берілетін. Сондықтан Мирон Бруктың бақилық болғаны жөнінде қаралы хабарды көпшілік жұрт қайғыра қабылдады. Қарияның дүние салғаны туралы Азаттық тілшісіне оның қызы Лариса Мироновна хабарлады.

Оның айтуынша, әкесі өмірінің соңына дейін дене жаттығуларын жасап, оптимистік қасиетінен жаңылмаған.

«Осы жақында ғана әкем өзін өте жақсы сезінетіндігін айтып, тіпті, жасының ұлғайғандығына қарамастан, компьютерде жұмыс істеуді де міндетті түрде меңгеруге ниет білдірген еді», – дейді Лариса Мироновна.

Мирон Матусович Брук 1914 жылы Белоруссияда еврей отбасында дүниеге келген. Билікке коммунистер келген соң оның отбасы Польшаға қоныс аударған.

Сол елде Мирон гимназия бітіріп, поляк атты әскерінде қызмет ақтарған. 1939 жылы қыркүйектің 1-күні Мирон майданға аттанады. Бірақ сол айдың соңында Польша өзінің жеңілгендігін жариялайды. Ал Мирон Брук болса әскери тұтқындарға арналған лагерге қамалады.

2008 жылы теледидардан берілген сұхбатында ол тұтқындағы кезі жайында былай деген еді:

«Концлагерде біз бит пен бүргенің талауына түстік. Дұрыс жуынатын жағдай болмады, бір қазаннан тамақ та ішіп, кейде содан шайынатынбыз. Бізге мал секілді қарады. Олар бізді, тұтқындарды, ұрып-соғып ұстады, кез-келген сәтте атып тастайтын, олардың саясаты сондай болды. Фашистерге болысқандардың арасында украиндар мен поляктар да болды, олар асқан қатыгез еді...»

СС-тіктер тұтқындарды қинап-азаптаудың небір қатыгез түрлерін ойлап табатын, деп еске алатын Мирон Матусович. Сүзек дертіне шалдыққан деген күдікке бола бір барақтағы тұтқындардың барлығын фашистердің тірідей өртеп жібергенін жаны түршіге әңгімелейтін бұрынғы тұтқын. Бірақ, оның айтуынша, концлагердегі азаптың ең үлкені – аштық болған.

«Лагердің бастығы Обрст Файкс деген түрі әдемі, бірақ барып тұрған жауыз неміс офицері еді. Ол кісіні әртүрлі әдіспен өлтіретін: итке талататын, атып тастайтын, дарға асатын, жалпы, оған жай ғана ұнамай қалсаң болды – өлтіре салатын. Біз қолымыздан келгенше оның көзіне түспеуге тырысатын едік. Күнделікті бізді алаңға сапқа тұрғызып қойып, арамыздан әлсіз, ауру, ластарды іріктеп алып, қатыгездікпен өлтіретін», – деп еске алатын бұрынғы тұтқын.

Мирон Брук бірнеше концлагерде болған кезінде жүздеген тұтқындардың қалай өлгенін көрді. Оның айтуынша, өлгендердің көптігі сонша, оларды бірінің үстіне бірін кірпішше қалап қойып, кейін өртеген. Ол отқа күйген адам денесінің иісінен өмірінің соңына дейін құтыла алмады дейді марқұмның туыстары.

Оның қызы Лариса Мироновнаның айтуынша, әкесі сол тозақтан өзінің қалай аман қалғанына өзі де таңданып отырады екен. Бәлкім, оның өмірін сақтап қалуға септігін тигізген жайт – әкемнің бірнеше тілді білуі шығар, дейді қызы.

Мирон Буркты фашистік концлагерь тұтқынынан 1945 жылы мамырдың 9-күні совет әскері азат етті. Одан кейін КГБ-ның тергеу-тексеруі басталған.

«Сен неге тірі қалғансың деген чекистің сұрағына әкем жылап жіберген екен», – деп еске алады одан естігенін Лариса Мироновна.

Тұтқыннан босаған соң Мирон Брукқа өмірді қайта бастауға тура келеді. Тағдырдың жазуымен ол Советтер одағына келеді. Алдымен Литвада болады, содан кейін Қазақстанға – Магнитка құрылысын салуға қатысады. Осы елде ол тұрақтап, шаңырақ кеңейтіп, үш бала өсіреді, олардан төрт немере, бес шөбере сүйеді.

Мирон Брук Теміртаудағы ұзақ жасқа келген санаулы қариялардың бірі еді. Ол биыл қаңтардың 5-күні 96 жасында дүниеден өтті.
XS
SM
MD
LG