«ҰЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР КЕЗЕҢІ»
Биылғы жылдың сәуірінің соңында маған туыстарымнан менің атыма жазылған ресми шақыру қағазын Түрікменстанның көші-қон қызметі ақыры мақұлдады деген хабар жеткен сәтте өз құлағыма өзім сенбедім. Өйткені соңғы рет 1991 жылы «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы түрікмен редакциясының бұрынғы директоры Зариф Назар барып қайтқаннан кейін біздің радио қызметкерлерінің ешқайсысына Түрікменстанға кіруге рұқсат бермейтін болған.
Көші-қон қызметі маған арналған шақыру қағазын заңды түрде екі апта ішінде рәсімдеп бітіруге тиіс болса да, онысын үш жарым айға созды. Шақыру қағазының мақұлдануы Түрікменстанға кіруге болатындай менің файлымның «таза» екендігін білдіреді. Түрікмендер айтпақшы, бұл менің «бір аяғым арғы бетте секілді сезінген» кезім еді.
Мен оппозициялық қозғалыс белсендісі ретінде арнаулы қызметтің тұрақты бақылауында болып, сонау 1999 жылғы шілде айында өз Отанымнан тысқа кетіп едім. Сондай күндердің бірінде Түрікменстанға қайтарылып, талауға тасталатыным немесе құтылатыным Шереметьево әуежайындағы шекара әскері генералының қолында тұрған сәттер болды, менің Түрікменстаннан Мәскеу арқылы Канадаға қашуым бар, басқасы бар– өз алдына бір әңгіме.
Қазір менің канадалық төлқұжатым бар, «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының бас редакциясы орналасқан Чехия елінде тұрамын және жұмыс істеймін. Бір рет, Сапармұрат Ниязов көз жұмғаннан кейін 2007 жылдың басында Түрікменстанға баруға әрекеттеніп көрдім. Ондағым – журналист әріптестеріммен бірге Түрікменстандағы «ерікті» президент сайлауын бақылайын деп үміттенген едім. Бірақ Берлиндегі Түрікменстан елшілігі (Чехияда Түрікменстан елшілігі жоқ) менің өтінішімді әріптестерімнің сұрауларының қатарында еш себебін түсіндірместен қабылдамай тастаған болатын.
Сол уақыттан бері үш жылдан астам уақыт өтті, түрікмендердің ресми БАҚ-ы президент Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың басшылығымен елге «ұлы өзгерістер кезеңі» келді деп жар салуда. Ақыры мені отаныма 20 күнге шақыруға туыстарымның ресми рұқсат алғаны туралы жақсы хабар жетті. Артынша Түрікменстанның Аустриядағы елшісінің мені жылы қабылдап, әп-сәтте виза жасап берді. Мұның бәрі мені ел саясатының «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосына қатысты көзқарасы оңалған екен ғой деген ойға қалдырды.
ӘУЕЖАЙДА АДАМДАРДЫ АҚАЛТЕКЕ ҚҰРЛЫ КӨРМЕЙДІ
Бір апта өтпей жатып-ақ бұл ойымның тас-талқаны шықты. Түрікменстанға барар жолда, 18 мамыр күні Стамбулда болғанымда маған Венадағы Түрікменстан елшісі телефон соғып, менің елге баруыма қатысты Түрікменстанның көші-қон қызметінің әуелгі шешімін өзгерткенін айтты. Бұл мүлдем күтпеген жаңалық еді.
Егер мен орта жолдан, яғни Стамбулдан Прагаға қайтып кетсем, онда не жағдай болғанын ешкімге де дәлелдей алмайтын едім. Сол себепті сапарымды соңғы нүктеге дейін, яғни туыстарым мен достарым менімен 11 жылдан кейін көрісуді аңсап, күтіп тұрған Ашғабад әуежайына дейін жалғастырамын деген шешімге келдім.
Ұшақта менімен қатар отырған жолаушы экономикалық мәселелер жөніндегі Еуропалық комиссияның өкілі болып шықты, ол жуырда ғана Ашғабадта ашылған комиссияның орталығына бара жатыр екен. Иниго мырза менің сапарымның «бірегей ерекшелігіне» орай ренішіме ортақтастық білдірді. Ашғабад әуежайына жетіп, төлқұжат бақылауының кезегіне тұрған кезде ол менің қасымда тұрды.
Әуежайдағы шекара қызметінің аға лейтенанты шетелдік жолаушыларға визасы немесе шақыру қағазы бар адамның не істеуі керектігін айтып, түрікменше бұйрық берумен болды. Оның мұнысы әуежайдың тар дәлізінде онсыз да абыржып тұрған шетелдіктердің құтын одан сайын қашырды.
Әуежайда қызмет ететін жас шекарашылардың ешбірінің не орысша, не ағылшынша бір ауыз сөз білмейтіні айқын көрініп тұрды. Бұл көрініс президент Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың Түрікменстанда маман тапшылығы жайында үнемі айта беретінін есіме түсірді.
Төлқұжат бақылауынан өтпес бұрын қолында визасы бар барлық шетелдік жолаушылар маңдайшасына «Түркмен банк» деп жазылған шағын терезеге барып, күнделікті киетін ұлттық көйлегімен отырған екі ханымға қолма-қол 11 америкалық доллар төлеуге тиіс болды. Сол терезеден берілген түбіртекте «түбіртектің ақысы» деп, не үшін ақша төленгені жазылып тұрды. «Бұл төлемді не үшін төлейді» деп едім, ханымдар: «Қызмет үшін» деп жауап берді. Сонда мен қандай қызмет үшін төлеу керектігін сұрап едім, олар не дерлерін білмеді.
Бір таңғалғаным, шетелдік жолаушылардың бір де біреуі бұл төлемді не үшін төлейтіндіктерін сұраған да жоқ, сұрағысы да келген жоқ. Өз басым виза, консулдық қызмет, жүк деген секілді барлық қызметтің ақысын күні бұрын төлеп қойғандықтан мұны ресми түрде ұйымдастырылып қойған пара деп түсіндім. Сол сәтте отандастарымның Түрікменстандағы жаппай жемқорлықты айтып зар қағатыны есіме түсті.
АҒАЙЫНДЫ АЛЫСТАТЫН ДАУАСЫЗ ДУАЛ
Төлқұжат бақылайтын жас офицер алдымен төлқұжатымдағы Түрікменстан визасын көріп, артынша өзінің электронды жүйесінен көші-қон қызметінің мені елдің аумағына кіргізуге тыйым салғанын көріп, біршама абыржып қалды
Айтқандай-ақ шекара қызметінің аға лейтенанты маған «депортациялық форманы» толтыртатын сәтті көп күттірген жоқ. Ел аумағына мені неліктен енгізбейтінін сұрағанымда, ол: «Білмедім. Шамасы, бұрыс іс жасап қойғансыз ғой, әйтпесе ана жерде аты-жөніңіз тұрмас еді», – деп жауап қатты. Оның «ана жерде» деп тұрғаны – түркімен билеушісінің қара тізімі. Бұл офицердің өзі де менің кім екенімді, не үшін жазалы болып қалғанымды білмейтіні түсінікті болды.
Алдымдағы шекара қызметінің аға лейтенантына «заңды бұздың, әділетсіздік пен бассыздық көрсеттің» деген секілді нешетүрлі айып жапсырып, реніш білдіргенімде ол маған «бұл наразылығыңды сол саған келуге тыйым салған тиісті адамдарға барып айт» деп жауап берді.
Мен аға лейтенантқа «депортациялық форманың» көшірмесін бер» деп табандап тұрып алдым. Ол берді. Қызық болғанда, ел аумағына енгізбеудің 11 түрлі ықтимал негіздің арасында елге енгізбеудің нақты себебі көрсетілмейтін ерекше санат бар екен. Міне, мен де дәл осы санатта болып шықтым. Яғни, осы санаттағылар үшін «Түркіменстанға енуіне рұқсат жоқ» деген сөзден басқа ештеңе көрсетілмейді екен.
Содан, жүгімді алып жатқанымда сапарласыма – Еуропа комиссиясының өкіліне өзімнің депортацияға түскенім туралы бір-екі ауыз сөз айтып қалуыма мүмкіндік туды. Еуропа комиссиясы бұл елмен байланыс барысында түрікмен үкіметінің мұндай залымдығына, адам құқығын аяқасты еткеніне жіті назар аударуы тиіс екендігін айттым. Тіпті ресми түрде мақұлданған шақыру қағазы мен Түрікменстанның ресми визасының өзі адамның бұл елге енуіне кепіл бола алмайтын болса, онда үлкен бизнесте қалайша бұл елге сенім артуға болады?
Он бір жыл бойы көріспеген туыстарым мен жақындарымды көрудің сәті жап-жақын тұр еді. Бұл жолы арамызды бір ғана қабырға бөліп тұрды. Бірақ ол жай ғана әуежайдың бір дуалы емес еді. Ол – түрікмен билігінің надандығы, ел үшін ненің жақсы, ненің жаман екендігінен бейхабарлығы, еркін ойлаудан қорқуы, масқарам ашылып қалар деген қорқынышы, билігінің іргетасына тікелей немесе жанама қауіптің төнуінен сақтығы тұрғызған заманауи өркениетке қарсы үлкен дуал еді.
Бір сағат он бес минут өткенде әуежай ғимаратынан қайта шықтым да басқа жолаушылармен бірге ұшаққа қарай аяңдадым. Алдымда ұшақ, таңға таяу мезгіл, жылы асфальтпен жаяу келемін. Мен мінген ұшақ Ашғабадқа түнгі үште келіп қонған болатын. Арада бір сағаттан сәл асатын уақыттың ішінде кері қөайтып барамын. Шөл даламның ақ күнін де, алтындай жалтыраған құм шағылдары мен мұнай кен орындарының алауларын да, туған Каспийімнің көгілдір айдынын да көре алмадым.
Мені сол баяғы ұшып келген «Түрік әуе жолдары» ұшағына мінгізді, лайнер де көп күттірмей көк жүзіне көтеріле берді.