Accessibility links

Қаһарман Қожамбердиев: Қытайда билікке демократтар келген соң ұйғырлар азаттық алады


Қаһарман Қожамбердиев, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі төрағасының орынбасары, Қазақстан ұйғырларының жетекшісі.
Қаһарман Қожамбердиев, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі төрағасының орынбасары, Қазақстан ұйғырларының жетекшісі.

Өткен екі жарым ғасырдың ішінде Шығыс Түркістанның ұйғырлары қытай езгісінен құтылу үшін 400 мәрте көтерілген екен. Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресінің белсендісі Қаһарман Қожамбердиев ұйғырлардың тәуелсіздік алатындығына күмәнданбайды.

ХХІ ғасырда ұйғыр халқы азаттық алады деген пікірді олар неге сүйеніп айтып отыр? Бұл жайында Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі басшыларының бірі, Қазақстан ұйғырларының жетекшісі Қаһарман Қожамбердиевпен болған сұхбатта айтылады.

ҰЙҒЫРЛАР ӨЗДЕРІН ИСЛАМНАН ТЫС СЕЗІНЕ АЛМАЙДЫ

– Қаһарман мырза, әңгімені ұйғыр мәселесінің діни қырынан бастасақ. Жанжал түйінін шешуде ұйғырлардың мұсылман дінінде болуы негізгі мәселенің бірі болып отыр. Қытай билігі ұйғыр белсенділерін ислам радикализмі үшін айыптаса, ұйғырлардың өздері болашақтарын Ислам дінінсіз елестете алмайды. Ұйғырлардың ойынша, қытайлардың мақсаты – олардың дінін жою. Қытайлар мұсылман дінін қай уақыттан бастап қудалай бастағанын айтып беріңізші.

– Бұл жағдай Мао Цзедунның кезінде басталып, осы күнге дейін жалғасып келеді. Билікке коммунистер келген бетте (олардың атеист екендігі белгілі ғой) діни жоралғыларды орындауға шек қойыла бастады. Бірақ, Қытайдың конституциясында ождан бостандығына шек қойылмайды деп жазылған. Яғни, құдайға сену-сенбеу әркімнің өз еркінде делінген.

Бүгінде Ұйғыр автономиясының әр мешітінде «мұнда жастардың, балалардың келуіне болмайды» деп жазылған хабарландыруларды оқуға болады. Кадр қызметкерлеріне де мешітке келуге тыйым салынған. Қытай түсінігінде «кадр қызметкері» дегеніміз не? Бұл – әкімшілік пен мемлекеттік мекеменің кез-келген шенеунігі. Тіпті, ең кішкентай деген есепшінің өзі кадр қызметкеріне жатады.

Қысқаша айтқанда, егер сен міндетті түрде саяси болмаса да әлдебір қызметке қол жеткізгің келсе, онда діннен қол үзуіңе тура келеді. Ал, біз, ұйғырлар – өте діндар халықпыз. Біз үшін Ислам – дәстүр де, мәдениет те, менталитет те, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық та. Карьера, қызмет үшін осылардың барлығын қалай тәрк етуге болады?

Басқасын айтпағанда, билік шетелдерден келетін діни әдебиетті тартып алып, бірден жоятын болды. Ал, мұндай әдебиеттердің егелерін жазалайды. Қажылыққа баруға шектеу қойылды. Ең сорақысы, барлық мешіттердің имамдарын тиісті деңгейдегі парткомдар таңдап, бекітеді. Бұл күлкілі емес пе, бұл арыңа тию емес пе?

– Совет адамдары үшін бұл соншалықты жаңалық емес.

– Біз барлығымыз да советтің шекпенінен шықтық. Совет өкіметінің қисық кеткен жерлері көп болатын. Солай бола тұра, ол кездері адамдардың өздерінің жанына жақын дүниелерімен айналысуға мүмкіндік табуға да болатын. Дінге байланысты да солай. Біз мұнда дәл бүгінгі Қытайдағыдай қудалауға ұшырап көрген емеспіз. Бұның айырмашылығын түсіну үшін Қытайда өмір сүріп көру керек.

РӘБИЯ ҚАДЫР ӘРКЕЗ БЕЙБІТ ШЕШІМ ЖАҒЫНДА БОЛДЫ

– Қаһарман мырза, енді тәуелсіздік үшін күрестің арқасында бүкіл әлемге белгілі болған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районындағы саяси ұйымдар жайында айтсақ. Олардың мақсаты не және олардың әрекеттерінің арасында келісім бар ма?

– Бүгінде бүкіл әлемнің ұйғырлары, соның ішінде Қытай автономиясындағы ұйғырлар негізінен саяси эмигрант Рәбия Қадыр басқаратын Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресінің жұмысын мойындайды.

Ол өзінің көзқарасы үшін алты жарым жыл Қытай түрмелерінде отырып шықты. Бүгінде оның жасы алпыстан асып кеткен. Бірақ, оның күш-жігері әлі де жеткілікті. АҚШ-та тұрады. Алдында айтқанымдай, мен оның бес орынбасарының бірімін.

Бұл саяси ұйымның не екенін түсіну үшін алдымен оның жетекшісі туралы айтып кетуіміз керек. Өйткені, кез-келген ұйым жұмысының табысты болуы оның жетекшісіне тікелей байланысты екенін біз жақсы білеміз.

Сонымен, Рәбия Қадыр Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районында туып-өсті. Ол ШҰАР саяси консультативтік комитетінің мүшесі, Қытай саяси консультативтік комитеті басқарушы органының мүшесі болды. Қытай экономикасына қосқан үлесі үшін Қытай төрағасы Цзян Цземиннің өзі оған орден тапсырған. Ол Қытайдың ең үздік он кәсіпкерінің қатарында болды.

Автономияны былай қойғанда, Қытайдың өзінде оның беделі жоғары. Рәбия Қадыр әрқашан ұйғыр мәселесін бейбіт жолмен шешу жағында болды.

Бірақ, 1997 жылдың ақпан айында, жаппай қытайландыруға қарсы шыққан Құлжа жастарының бейбіт шеруін Қытайдың күш құрылымдары қару қолданып, күшпен басқан соң Рәбия Қадыр шыдай алмады. Бейжіңде өткен Саяси консультативтік кеңестің кезекті отырысында ол ҚХР төрағасы Цзян Цземиннен өкілеттіктерін жоғары пайдаланған күш органдары қызметкерлерін жазалауды талап етті.

Міне, осы күннен бастап ол Қытай арнаулы қызметтерінің назарына ілікті. Оның басқан ізін аңдып, ақырында оны тыңшылық жасады деп айыптап, түрмеге отырғызды. Бүгінде ол Қытай өкіметі үшін «арандатушы» да, «лаңкес» те, «шетелдік барлаудың тыңшысы» да. Шындап келгенде ол – өз халқының патриоты ғана.

Қытай күш құрылымдарының бейбіт ұйғырларды басып-жаншуы туралы шындықты, Қытайда болып жатқан саяси оқиғалар жайында шетелдік журналистерге айтып берген соң қытай билігі оны жек көріп кетті. Шындықты айтқаны үшін ол сегіз жылға түрмеге кесілді. Түрмеде ол ауруға шалдықты. Бірақ, көпке дейін оны босатқан жоқ.

Ол алты жарым жыл түрмеде отырған соң халықаралық қоғамдастықтың қысымымен, енді саяси қызметпен айналыспайтындығы туралы алдын ала қолхат алған соң ғана оны емделу үшін түрмеден босатты. Бірақ ол шетелге шыққан бетте саясатқа басы бүтін кіріп кетті. Ол басқаша жасай алмайтын еді.

БАРЛЫҒЫН РЕФЕРЕНДУМ ШЕШСІН

– Қаһарман мырза, сіздің ұйымның түпкі мақсаты не?


– Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі өзінің негізгі құжатын халықаралық нормалар мен БҰҰ-ның принциптеріне сәйкестендіріп жасады. Біздің ұйымның негізгі мақсаты – ұйғыр халқының өз тағдырын өзі шешу құқы. Біз қытай өкіметінен бір-ақ нәрсені – референдум өткізуді талап етеміз.

Оған халықаралық бақылаушылар қатыссын. Осы референдумда ұйғыр халқы өзінің позициясын білдірсін: ол бүгінгідей жағдайда Қытайдың автономиялық районында өмір сүргісі келеді ме, әлде ол Қытай құрамындағы ауқымды суверенитетті қалайды ма, мүмкін оған толықтай азаттық керек шығар? Яғни, әлемдегі жүздеген халықтар сияқты, қытай экспансиясына дейін ұйғырлардың өмір сүргені сияқты тәуелсіз мемлекетте өмір сүру керек шығар? Мен Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресінің белсенділері сияқты ұйғыр халқы да тәуелсіз мемлекетте өмір сүруді армандайды деп ойлаймын.

– Қаһарман мырза, бірақ дәл бүгін референдумды талап ету жүзеге аспайтын шаруа емес пе? Қытай өкіметі бұндай мәселе бойынша ешқашан референдум өткізуге жол бермейтіні белгілі. Егер сіздер осыны талап етуді қоймасаңыздар, олар сіздердің ұйымдарыңызды «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», басқа да саяси ұйымдар тәрізді лаңкестік ұйым деп жариялай салуы мүмкін ғой.

– Бұл айтқаныңыз болып қойды. Биылғы 5 шілдеде болған қорқынышты трагедияның ертесінде, 6 шілдеде, автономиялық районның басшысы, қытай билігі отырғызып қойған ұйғыр азаматы әлемдік қоғамдастық үшін мәлімдеменің мәтінін оқыды. Онда ол Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресін лаңкестік ұйым деп атап, оның басшысы Рәбия Қадырды 5 шілдеде Үрімжіде өткен жастар толқуын
Қытай өкіметі жастардың толқуын Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі ұйымдастырды деп ойлайды (немесе оларға осылай деген тиімді). Олар өздерінің ойланбай, агрессиялы түрде жасаған әрекетімен халықты арандатып отырғанын еш түсінбейді.
ұйымдастырған деп айыптады.

Әрине, біз оның өз жеке пікірін емес, Бейжің өкіметінің позициясын айтқанын білеміз. Өйткені, қытай өкіметі жастардың толқуын Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі ұйымдастырды деп ойлайды (немесе оларға осылай деген тиімді). Олар өздерінің ойланбай, агрессиялы түрде жасаған әрекетімен халықты арандатып отырғанын еш түсінбейді.

Әрине, біздің жетекшіміз Рәбия Қадыр сол күні кешке Вашингтонда жедел баспасөз-мәслихатын өткізді. Ол өзіне байланысты барлық айыптауларға шешуші тойтарыс беріп, қытай өкіметінен Ұйғыр автономиясындағы бейбіт халықты ұрып-соғуын тоқтатуды талап етті.

– Сіз сонда Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі мәселені күшпен шешуге қарсы деп айтпақсыз ба?

– Мен ҰБК-нің ресми өкілі ретінде, біздің жарғымызда ҰБК тәуелсіздік үшін күрестің тәсілі ретінде лаңкестікті, қарулы көтерілісті қабылдамайтындығы жайында нақты жазылғандығын мәлімдеймін.

– Ерте ме, кеш пе, ұйғырлар бәрібір тәуелсіздік алады дегенде сіз неге үміт артасыз?

– Көптеген адамдарды, соның ішінде ұйғырларды да осы сұрақ ойландырады. Біздің кейбір бауырластарымыз бір кездерде ұйғыр халқының тәуелсіздік алатындығына сенбей, ұнжырғалары түсті. Шынында да, қытай өкіметі күн санап өзінің позициясын нығайтып жатқанда автономия ұйғырларының неге үміт артатынын білмей отырғаны шындық.

Қаржылық, әскери салада да күннен күнге оның қуаты артып, әлемге өзінің күшін көрсетіп, амбицияларын мәлімдеуде. Әлемде ешкімнің онымен кикілжіңге барғысы келіп отырған жоқ. Бүгінде Қытайға не қауіп төндіруі мүмкін деп ойлауға болады? Бірақ мәселе мұнда емес.

Біздің үмітімізді үзбеуіміздің себебі мынада: Қытайдың коммунистік режимі көпке ұзамайды. Мен бұған сенімдімін. Бүінде Қытайда егер Қытай халықаралық қоғамдастыққа барлығымен бірдей болып кіргісі келсе, олар өркениетті, демократиялық мемлекетте өмір сүргісі келсе, онда коммунистік өткен кезеңнен құтылу керектігін түсінетін күштер бар. Және мұндай идеяны жақтаушылардың саны жыл санап өсіп, олар күшейіп келеді. Заманға сай ойлай алатын осы саясаткерлер, этникалық қытайлар енді әрекетке көше бастады.

Ол үшін 2008-Хартиясын оқып шықсаңыз да болады. Бұл құжатқа этникалық қытайлар болып табылатын 30 зиялы адам қол қойып, Қытай өкіметіне жолдаған. Құжатта бүгінде коммунистік жүйенің қажетсіздігі айтылған. Енді өзге идеяларды көтеретін кез келді. Дәл сол құжатта олар Қытай федеративтік мемлекет болуы керек деп айтқан.

Иә, оларды тұтқынға алды; иә, оларды қытай мүддесін сатушылар деп жариялады. Бірақ Қытай өкіметі осындай күштермен күрескен сайын олар қарсылық әрекетін тудырады. Және Қытай режиміне наразылар саны жыл санап өсіп, күшейіп келеді.

Айтпақшы, қытайлардың демократиялық қозғалысы 7 шілдеде ұйғырлардың манифестациясын қанға бөктіріп басуға қарсы қатаң мәлімдеме жасады. Ал 21 шілдеде Нью-Йоркте Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі қытайдың демократиялық қозғалысымен бірге Үрімжідегі ұйғырларды қолдауға арналған күшті митингі өткізді. Сол жерде шығып сөйлеген барлық қытайлықтар Бейжің режимін сынға алды.

Бұлар негізінен 1989 жылы Қытай коммунистері Бейжіңнің орталық алаңындағы демократиялық студент жастардың бас көтеруін қаталдықпен басқан кезде елден қашқандар. Қытай демократтары Рәбия Қадырды толығымен қолдады. Олар Үрімжіде болған оқиғаларды этникааралық жанжал емес, Қытай компартиясының агрессиялы, теріс саясатының нәтижесі деп бағалады. Олар 1989 жыл мен 2009 жылы болған оқиғалардың ұқсастығын айтты. Митингіге тибеттіктер де қатысты.

«ҚЫТАЙ КОММУНИСТЕРІ КЕЛМЕСКЕ КЕТЕДІ»

– Қаһарман мырза, меніңше сіз тым оптимист сияқтысыз. Тіпті, сіздің айтқаныңыздың орындалуы қиын сияқты.

– Сіздің күмәніңіздің себебін түсінемін. Бірақ, салыстырмалы түрде сіз бен біздің көз алдымызда жақында ғана болған оқиғаға назарыңызды аударғым келеді. Бұл – ұлы держава Совет Одағының ыдырауы. Бір де бір саясаткер де, саясаттанушы да Мәскеу режимінің құлайтындығын болжай алмады.

Тағы да қайталап айтамын, Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресі Ұйғырстанның толық тәуелсіздік алуы жағында. Бүгінгі болып жатқан оқиғалар Ұйғырстанның Қытай құрамында бола алмайтындығын тағы бір рет дәлелдеді. Қытайлармен арадағы біздің мәдени, діни,
Бүгінгі болып жатқан оқиғалар Ұйғырстанның Қытай құрамында бола алмайтындығын тағы бір рет дәлелдеді. Қытайлармен арадағы біздің мәдени, діни, рухани қайшылықтарымыз шырқау шегіне жетті.
рухани қайшылықтарымыз шырқау шегіне жетті.

Бірақ, егер Қытай өкіметі өз қателіктерін түсініп, оларды түзеуге тырысар болса, Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресінің талаптарын орындауға ниет танытса, онда біздің ұйым барлық өркениетті әлемде жасалып жатқандай, олармен келіссөз жүргізуге әзір.

– Қытайдың коммунистік режимі құлады делік. Ал енді олардың орнына келген демократтар аз ұлттардың мүддесімен санасатындығына қандай кепіл бар?

– Барлығы бірден бола қоймауы мүмкін. Бірақ, мен демократтармен тіл табысып, екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға болатындығына сенімдімін. Мен кейбір қытай демократиялық партияларының бағдарламаларын оқыдым. Міне, олар әлгі бағдарламаларында, ертең билікке келе қалған жағдайда, аз ұлттарға ауқымды автономиялар беретіндігін айтады. Қалай болғанда да олар осылай деп айтып келеді.

Олай болса, қытай зиялылары бізді қолдайды. Бейжіңде, Шанхайда, өзге де ірі қалаларда олар бұл жайында ашық айтады. Бұл қалалардағы газеттерден орталық биліктің аз ұлттарға қатысты саясатын сынға алатын мақалаларды кездестіруге болады.

Егер билікке демократтар келсе, біз ең болмағанда мәдени және білім беру салаларында толық еркіндік алар едік. Қалғанын көре жатармыз.

ЛАҢКЕСТІК ОЙЫНЫ

– Қаһарман мырза,сіз мүшесі болып табылатын Ұйғырлардың бүкіләлемдік конгресінен бөлек, сіздерге қарағанда танымалдау «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы» бар. Сіздер олармен ынтымақтаса жұмыс істейсіздер ме?


– Бұл ұйым жайында мен соншалықты айтқым келіп тұрған жоқ.

– Неге?

– Әңгіме мынада. Нағыз патриоттардың қозғалысына кір келтіру үшін дәл осы «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымын» (бұны тағы Шығыс-Түркістан Ислам партиясы деп те атайды) арнаулы қызметтер құрды ма деген күдік бар.

Бұл ұйым алғашында Пәкістан мен Ауғанстанның тауларында дүниеге келді. Және бұл қозғалыстың белсенділері өздерін тым агрессивті, тіпті арандатушы деңгейінде ұстайды. Оның қатарында шын патриоттар бар екендігіне күмәнданбаймын. Бірақ олар кімнің «әнін салып» жүргендерін өздері де түсінбеулері мүмкін. Оларды кім, не үшін пайдаланып жүргенін түсінбейді. Біз бүгінде бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Адамдарға саяси ойындардың құрбаны болып кетпеулерін түсіндіреміз.

– Қаһарман мырза, кез-келген елде режиммен тіл табысатын адамдар болады. Қалай ойлайсыз, қытай өкіметінің саясатын ұйғырлардың қанша пайызы қолдайды?

– Иә, ондайлар бар. Бұлар негізінен шенеуніктер, бірақ олардың барлығы бірдей емес. Біз олардың көңіл-күйлерін жақсы білеміз. Олардың көпшілігі мәжбүрліктен солай бейімделіп отыр, ал шындап келгенде жан-тәнімен өз халқының жағында. Жоғары билікте отырған
Олардың көпшілігі мәжбүрліктен солай бейімделіп отыр, ал шындап келгенде жан-тәнімен өз халқының жағында.
ұйғырлардың әділетсіздікке тап келгенде өз халқының мүддесін қорғап, режимге қарсы шыққан кездері жайында көптеген мысалдар бар.

– Билікке ықпал етудің классикалық үлгісі бар. Бұл – биліктің уәкілетті, әкімшілік органдарына өз ортаңдағы мықты тұлғаларды жіберу. Бұған байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

– Әрине, Ұйғыр автономиялық районының зиялылары бұны жасауға әрекеттенуде. Бірақ, мәселе мынада. Қытайда тура және ашық сайлау өткізілмейді. Мен оның әділ өтпейтіндігін де айтқым келеді. Сайлау сатылап жүргізіледі.

Мысалы, автономиялық районның Ұлттық жиналысына үш сатылы сайлау өткізіледі. Ал Бүкілқытайлық халық жиналысына сайлау – төрт сатылы. Алдымен кандидаттар тиісті деңгейдегі парткомдарда іріктеледі. Сөйтіп, алғашқы кезеңде-ақ өз пікірі жоқ, билікке бейімдеу кандидаттар іріктеледі.

Жұрттың барлығы жақсы көретін классик жазушы, диссидент Тұрғын Алмас тіпті автономиялық районның депутаты болып бір рет те сайланбаса өзге не айтуға болады? Немесе белгілі әдебиетші-ғалым Әбдірім Өткірді алайық. Оның еңбектерін бүкіл әлемде оқып, зерттеуде. Ол да әкімшілік органдарға да, уәкілетті органдарға да бір де бір рет сайланған емес.

Сондықтан, өкінішке қарай, Қытай ұйғырларына бұл өркениетті жолды да жауып тастаған. Сондықтан, бүгінгі ең басты үміт қытай коммунистік жүйесінің күйреуін күту. Оның ауылы да алыс емес.

– Қаһарман мырза, әңгімеңіз үшін рахмет.
XS
SM
MD
LG