МАҚСАТ – ҮСТІРТТІ ҚОРҒАУ
Орталық Азиядағы құла түзді мекендейтін жануарларды қорғауды көздейтін жаңа жоба қолға алынып отыр. Жобаның мақсаты – Үстірт шоқысындағы ақбөкендер мен тағы басқа хайуанаттардың ерекше түрлерін біржолата жойылып кетуден сақтап қалу.
Батыстың үкіметтік емес ұйымдары мен олардың Орта Азиялық серіктестері Каспий мен Арал теңіздері арасындағы кең дала – бірегей Үстірт жазығындағы қорғап қалу әрекеттеріне қосылып отыр.
Өзбекстан мен Қазақстан және Түркменстан елдерінде орналасқан, шамамен 200 мың шаршы шақырымдық Үстірт ғаламдық маңызға ие дала деп есептеледі.
Британиядағы хайуанаттар мен өсімдіктер әлемін зерттейтін Fauna&Flaura International тобының Еуразиялық директоры Пол Хотам бесжылдық жаңа жобамен айналысады.
Азаттық радиосына берген сұхбатында ол Үстіртті сақтап қалу жобасы даланың Өзбекстан және Қазақстан жағындағы бөліктерін ұзақ мерзімді тиянақты басқаруға бағытталғанын атап көрсетті.
– Біз мұны осы саладағы ауқымды мәселелерге негіздеп жүзеге асырмақшымыз. Бұл мақсатта біз ақбөкендерді хайуандардың ерекше түрі деп алып, оны көрнекі жоба ретінде пайдаланбақшымыз. Жергілікті даму мен жергілікті халық үшін тепе-теңдікті сақтай отырып, қорғауды дамытпақшымыз. Сондықтан біз бірқатар әлеуметтік, экологиялық және тағы басқа зерттеу жұмыстарын жүзеге асырмақшымыз, – дейді Пол Хотам.
МАҢ ДАЛАДА ЖОСЫҒАН АҚБӨКЕНДЕР АЗАЙЫП БАРАДЫ
Үстіртте хайуандар мен құстардың бірнеше ерекше түрлері кездеседі. Мұнда, сондай-ақ қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың тізіміне енгізілген ақбөкендер мекендейді.
Хотамның айтуынша, 1990 жылдары саны бір миллионнан асқан ақбөкендер қазір жойылып бара жатыр. Қазақстан, Ресей, Түркменстан және Өзбекстанда қазір олардың саны 50 мың шамасында деп есептеледі.
– Әсіресе, Үстіртте жағдай нашар. Ондағы ақбөкендер саны жүздеген мыңға жетіп жығылатын, ал қазіргі кезде 10 мыңға да жетпейді. Олар азайып барады. Басқа аймақтарда олар сәл де болсын қорғалуда, – дейді Хотам.
Антропогендік іс-қимылдардың әсерінен даладағы хайуандардың ерекше түрлері азайып барады.
ӘЛЕУМЕТТІК ПРОБЛЕМАНЫҢ ТАБИҒАТҚА ӘСЕРІ
Бұл уақытта әлеуметтік және экономикалық проблемалар оларды қорғап қалу әрекеттерін қаржыландыруды қиындатуда.
Үстірттің өзбек жағында жұмыссыздық деңгейі жоғары және бұл аймақ сумен қамтамасыз ету проблемаларына тап болып отыр. Арал теңізінің құрғап кетуінен ең көп зардап шеккен Үстірт Қарақалпақстанда орналасқан.
Fauna&Flaura International тобы осы аймақтағы сақтап қалу әрекеттерімен 5 жылдан бері айналысып келеді.
Жаңа жоба кедейшілік пен браконьерлік, заңсыз сауда мен қаржыландыру және мұнай мен газ саласының әсерлеріне қатысты мәселелерді көтеретін болады.
Бұған қоса жаңа жобаға жергілікті халықты жұмылдыратын боламыз дейді Хотам.
– Жергілікті халық арасында өз қауымдастықтарының дамуына үлес қосқысы келетін кәсіпкерлер мен адамдарды жиі кездестіресіз. Бірақ олар өз идеяларын жүзеге асыру үшін қаржыны қайдан табуды біле бермейді. Мүмкіндіктер туралы талқылаулардан кейін бұл жобаларды жүзеге асыру үшін біз оларға кішігірім грант беріп, тренинг ұйымдастырамыз, сондай-ақ техникалық қолдау көрсетеміз, – дейді Хотам.
Бюджеті 1,5 миллион доллар болатын бұл жаңа жобаны АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландырады.