Accessibility links

Ислам Каримовтың екінші қызы Парижде түскі асқа 190 мың еуро жұмсаған


Италиялық актриса Моника Беллуччи, француз актері Ален Делон және Ислам Каримовтың қызы Лола Тиллаева (оң жақта) қайырымдылық түскі асының алдында. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.
Италиялық актриса Моника Беллуччи, француз актері Ален Делон және Ислам Каримовтың қызы Лола Тиллаева (оң жақта) қайырымдылық түскі асының алдында. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың екінші қызы Лола Тиллаева италиялық актриса Моника Беллуччимен бірге 4 сағат болу үшін 190 мың еуро төлеген. Парижде Лола ашқан қордың тұсаукесері болып өтті.

ЛОЛА ӘПКЕСІ ГҮЛНӘРДІҢ ҚАЛҚАСЫНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың кенже қызы Лола Каримова екінші рет тұрмыс құрып, Гарвард университетінің түлегі, бизнесмен жігіт Тимур Тиллаевпен некелескен кезде күйеуінің фамилиясына жазылды.

Бұрын өзбек президентінің екінші қызы Лола Тиллаева өзінің әпкесі секілді емес, ел ішінде де, сыртында да соншалықты бір танымал адам болған жоқ. Бірақ, соңғы кездері Лола Тиллаева әпкесі Гүлнәрдің қалқасынан шыға бастады.

Лола Тиллаева «Өзбекстан-2020» қайырымдылық қорының құрылтайшысы ғана емес, бүгіндері ол ЮНЕСКО ұйымының Париждегі штаб пәтеріндегі Өзбекстанның тұрақты өкілі болып табылады. Сондай-ақ Лола Тиллаева өзбек жетімдеріне қарасатын «Сен жалғыз емессің» деген де қайырымдылық қорын ашты.

2006 жылдан бері ол Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Ташкент бөлімшесінің директоры қызметін атқарып
Лола Тиллаева және Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий. 8 желтоқсан 2005 жыл.
келеді және Өзбекстанның Көркем гимнастика федерациясын басқарады.

Сол Лола Тиллаева әйгілі италиялық актриса Моника Беллуччи төрт сағат бойы жанынан табылып, бірге түстеніп, сосын 2009 жылғы 8 сәуірде Париждің заманауи өнер мұражайында жайылған сол қайырымдылық дастарханында қысқаша сөйлегені үшін 190 мың еуро төлеген, – деп хабарлайды «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы.

Тура сол күні Франция астанасында өзбек президентінің кіші қызы Лола Тиллаева өзінің «Өзбекстан-2020» атты қайырымдылық қорының тұсаукесерін жасаған. Тиллаеваның айтуынша, бұл қордың атауы тура сол 2020 жылы Өзбекстанда бәріне ортақ жұмақ орнайды дегенді білдіреді.

Азаттық радиосының Өзбек қызметі бұл қордың шотына түскен қаражат Өзбекстандағы жетім балалардың өмірін жақсартып, білімін көтеруге, елдің мәдениет, туризм, ғылым мен білім салаларын дамытуға жұмсалмақ деп хабарлайды. Сонымен қатар қордың қаражатын Лола Тиллаева өзбек ғалымдары мен мұғалімдерінің Батыстағы әріптестерімен тәжірбие алмасуына жұмсауды да жоспарлап отыр.

Президент Ислам Каримовтың кенже қызының аталмыш жобасының тұсаукесеріне әлемдік кино жұлдызы Ален Делон, бельгиялық ханшайым Леа және Францияның бұрынғы президентінің жұбайы Бернадетт Ширак қатысқан.

ГҮЛНӘР ҚАЗІР ШЕТЕЛГЕ ӨТЕ СИРЕК ШЫҒАДЫ

Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнәр Каримова да ірі қайырымдылық жобаларына қатысып тұрады. Қазір ол БҰҰ жанындағы және Женевада орналасқан өзге де халықаралық ұйымдардағы Өзбекстанның тұрақты өкілі қызметін атқарады. Оның бұрынғы күйеуі АҚШ азаматы Мансұр Мақсуди дау-жанжалмен Гүлнәр Каримовадан ажырасып, Өзбекстандағы бизнесінен айырылған соң өзбек заң орындары оның үстінен қылмыстық іс қозғады.
Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримова. 1 маусым 2006 жыл.
Ерлі-зайыптылар ажырасқанда Американың соты Гүлнәр Каримованың екі баласын әкесінде қалдыруға шешім шығарды, алайда Гүлнәр балаларын алып, АҚШ-тан қашып шыққан болатын. Осындай себептерге байланысты қазір Гүлнәр Каримова тек бір АҚШ-қа ғана емес, АҚШ-пен өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімі бар кез-келген елге бара алмайды, егер баратын болса, АҚШ-тың сот төрелігін сыйламағаны үшін тұтқындалмақ. Сот шешімі бойынша одан балаларын тартып алып, өзіне 3,2 миллион доллар мөлшерінде айыппұл салуы мүмкін.

Бүгінде ірі бизнес пен мұнай-газ құрылымдарына иелік етіп отырған Гүлнәр Каримова әкесі Ислам Каримовтан кейінгі Өзбекстандағы екінші адам боп саналады. Америка журналы «Foreign Policy» Ислам Каримовтың үлкен қызы бір кездері актриса Шэрон Стоун, әнші Элтон Джон және Құрама Штаттардың бұрынғы президенті Билл Клинтон қатысқан әйгілі іс-шараларда жүретінін жазған-ды.

БАЛАЛАРДЫҢ ТАБАН АҚЫ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН ЖАСАЛҒАН СӘНДІ КИІМ

Биылғы жылғы қазан айында Азаттық радиосының Өзбек қызметі Миланда өткен сән көрмесіне соңғы кездері модельер есебінде де танылып жүрген өзбек президентінің үлкен қызы Гүлнәр Каримованың да жаңа киім үлгілерімен қатысқанын хабарлаған еді. Бұған дейін Гүлнәрдің Гугуша деген лақап атпен әнші ретінде атағы шыққан еді. Каримова ұсынған барлық жаңа киім үлгілері өзбектің ұлттық матасы жібектен, атластан және адрастан тігілген болатын.

Сол кезде бұл іс-шара жайында хабар таратқан көптеген БАҚ екі миллионнан астам өзбек балалары мақта алқаптарына жегіліп, маңдай терлері желініп жатқанда Каримованың қызы мақтадан жасалатын адрас матасынан тігілген өзінің жаңа үлгілерін көрсетіп мында жүр дегенге екпін түсіріп еді. Independent World Report интернет-сайты хабарлағандай, Tesco, Wal-Mart, Marks and Spencer, Levi Strauss, H&M секілді әлемдік тоқыма компаниялары өзбек балаларын мақта алқаптарына салып, еңбегін қанағаны үшін Өзбекстан мақтасына бойкот жариялап, алмай қойған болатын.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов әйелі Татьянамен. 1995 жыл.
Қыздары Гүлнәр мен Лолаға қарағанда Ислам Каримовтың жұбайы Татьяна Каримованың қоғамдық өмірі жайлы ақпарат өте аз. Тек белгілісі – мамандығы экономист Өзбекстанның бірінші ледиінің қазірде Өзбекстан Ғылым академиясы Экономика институтының ғылыми қызметкері екені. Татьяна Каримованың үнемі күйеуінің ресми сапары кезінде жанынан қалмайтыны өзбек баспасөзінде жиі айтылады.

Сөйте тұра, президент Каримовтың екі қызы қанша жерден әлемнің атақтыларын шақырып, дүбірлі жиындар өткізгенімен, Батыс жұртшылығы ол екеуін әйгілі қоғам қайраткерлері ретінде қабылдамайды деп санайды көптеген бақылаушылар.

Мәселен, Француз ғылыми-зерттеу ұлттық орталығының Орталық Азия бойынша сарапшысы Изабель Уайёнг Азаттық радиосының Өзбек қызметіне Лола Тиллаеваның қайырымдылық шарасы туралы жаңалықты естігенінде, Өзбекстандағы саяси ахуалды білетіндіктен және Ислам Каримовтың режимі мен оның қыздары жайлы жақсы хабардар болғандықтан өзінің қатты қымсынғанын айтты.

Оның айтуынша,бүгінгі таңда француз элитасы Лола Тиллаеваны, ол қанша жерден қайырымдылық қызметке шығындалған болса да,
Француз актері Ален Делон мен Лола Тиллаева. Париж, 8 сәуір 2009 жыл.
бар-жоғы Өзбекстан президентінің қызы деп қана біледі.

– Анығында, Лола Тиллаеваның қимыл-қарекеті өзбек президентінің отбасылық жүйесінің қандай екенін қатты аңғартады. Мүмкін, оны әулеттік жүйе деп қарастырған дұрыс болар. Президенттің кенже қызының қайырымдылық шарасы – авторитарлық үкіметтерге тән қылық. Лола Тиллаева сол жүйеге қарсы күресетін болады деп есептеу аңғалдық болар еді, – деді Изабель Уайёнг.

Осы жерде айта кеткен ләзім, Изабель Уайёнг Өзбекстанға көп барған, өзбек ғалымдарымен және мәдениет қайраткерлерімен жақын таныс адам. Оның пікірінше, Ислам Каримовтың кіші қызы құрған «Өзбекстан-2020» мәдени-ғылыми қайырымдылық қорынан ғылым мен мәдениет өкілдері үшін анау айтқандай бір пайда бола қоймайды.

– Әрине, президент Каримовтың қыздары жасап жүрген іс-шаралар Өзбекстан мен Батыс арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа кедергі бола алмайды. Бірақ, не дегенмен, бұл Өзбекстанның зиялы тобы мен Батыс арасындағы қарым-қатынасты айтарлықтай шектемек, – деді Изабель Уайёнг.
XS
SM
MD
LG