Зайниддин Асқаров 1999 жылы наурызда сол жылы болған жарылыстан кейін 11 жылға сотталған-ды. 2003 жылы ол түрмеде жатып бұл жарылыстарды биліктің өзі жасаған арандату әрекеттері екенін шетелдік журналистерге хабарлауға мүмкіндік алды.
Қазақстан билігі қазан айында «тыйым салынған ұйымға қатысты» деген айып тағылған 35 жастағы Омарәлі Әбдірахмановты Өзбекстанға тапсырғаны белгілі. Мәскеулік «Мемориал» құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Омарәлі Әбдірахманов 2004 жылы наурыз айында Ташкентте болған лаңкестік актіге байланысты іздеуде жүрген еді.
Алматыда жүрген өзбек мұсылман босқындарының тағы бір үлкен тобына Өзбекстанға экстрадиялану қаупі төніп тұр. Егер Қазақстан үкіметі оларды ресми Ташкенттің қолына берер болса, онда оларды Өзбекстанда азаптау мен әділетсіз сот күтіп тұр дейді адам құқығын қорғаушылар.
ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЛАҢКЕСТІК АКТ
1999 жылы ақпанның 16-сы күні Өзбекстан астанасының орталығында қатарынан бірнеше рет жойқын жаралыстар болғаны мәлім. Жарылыстың күштілігі соншалық, бірнеше шақырым жердегі ғимараттардың терезелеріне дейін дірілдеді. Оған дейін мұндайды көрмеген Өзбекстан тұрғындары бұл жарылыстан қатты шошыды.
Дәл сол күні, 1999 жылы 16 ақпанда, республиканың сол жылғы экономикалық даму нәтижелеріне арналған Өзбекстан үкіметінің отырысы өтпекші еді, жиын басталар алдында Ташкенттің бірнеше тұсында жарылыс бұрқ етті.
Жарылыстар «Искра» кинотеатрының алдында, Тәуелсіздік алаңында, Өзбекстан Ұлттық банкі бас басқармасы, министрлер кабинеті, ұлттық қауіпсіздік қызметі ғимараттарының алдында және Өзбекстан президентінің «Дүрмен» резиденциясының алды мен бір махалланың жазушы Абдолла Қаһар атындағы көшесінде болды.
Жарылыстар салдарынан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Сол күні ұлттық телеарнадан сөйлеген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бұл лаңкестік актілер өз өміріне қастандық жасау көзделгенін айта келе, бұл жарылысқа ислам дінінің экстремистік ағымдарының өкілдерін айыптады.
Зайниддин Асқаров «жарылыс жасауға қатысты және оны ұйымдастырды» деп айыпталып сотталған 22 адамның бірі болатын. Олардың алтауы ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді.
КҮТПЕГЕН МӘЛІМДЕМЕ
«Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек редакциясы биылғы қарашаның 12-і күні Өзбекстандағы дереккөздерге сілтей отырып хабарлағандай, Зайниддин Асқаровтың өлі денесі туыстарына қараша айының бас кезінде жеткізілген. Билік оның туыстарынан мәйітті ың-шыңсыз жерлеуді талап еткен.
Өзбекстандағы тағы бір дереккөзге қарағанда, қаза боларынан алты ай бұрын Зайниддин Асқаров өзін барынша азаптап жатқанын сәтін тауып түрмеден хабарлаған.
Зайниддин Асқаровтың 1971 жылы өзбектің Наманған қаласында дүниеге келгені белгілі. Ертеректе оның Өзбекстан ислам қозғалысы (ӨИҚ) мүшелерінің бірі екендігі хабарланды. Көптеген елдер бұл қозғалысты лаңкестік ұйымдар тізіміне қосып қойды. Биылғы қараша айында Зайниддин Асқаровтың түрмеден босайтын уақыты болған еді.
Төрт жыл түрмеде отырғаннан кейін 2003 жылы қарашаның 26-сы күні елдің ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚҚ) Зайниддин Асқаровты қатыстыра отырып «Таштүрмеде» өзбек астанасындағы шетелдік радиостансалардың тілшілеріне арнап баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Бұл конференцияға сол кезде «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек қызметінің Ташкенттегі тілшілері мен Би-би-си радиосының журналистері қатысты. Осы жерде сотталушы күтпеген мәлімдеме жасады.
Баспасөз конференциясында Зайниддин Асқаров 1999 жылғы ақпандағы жарылыстарға биліктің қатысы бар деген қауесеттерді арнайы қызметтің бұйрығы бойынша теріске шығаруы тиіс еді. Алайда журналистермен кездесуге қатысып отырған ҰҚҚ-нің жауапты қызметкері темекі шегу үшін тысқа шыққанын пайдаланған Зайниддин Асқаров Ташкенттегі жарылыс Өзбекстан үкіметінің тікелей қатысуымен жасалды деп мәлімдеді.
ЖАНЖАЛДЫ СҰҚБАТ
Зайниддин Асқаров «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек қызметінің Ташкенттегі тілшілері мен Би-би-си радиосының журналистеріне: «Сіздердің радиостансаларыңыз арқылы «Ерік» («Эрк») партиясының жетекшісі Мұхаммед Салихтан кешірім сұрағым келеді. Біз кезінде оған жала жаптық. Бізді жала жабуға мәжбүрледі. Сондай-ақ Тахир Юлдаш жасамаған істі де жасады деп куәлік еттік. Біз Өзбекстан халқының алдында айыптымыз, өйткені біз дінсіз, қатыгез диктатордың сөзіне алданып қалдық. Біз мұсылмандардың беделін түсіретін рөл ойнағанымыз үшін Өзбекстан халқынан кешірім сұраймыз.
Екі дүниеде бірдей Алла атымен ант етейін, Мұхаммед Салихтың лаңкестерге де, ондай әрекеттерге де қатысы жоқ. Мүлде қатысы жоқ. Мен демократ емеспін, сондықтан оны жақсы көру немесе жек көру дейтін мақсат жоқ. Барлығы біздің саяси шикілігіміздің, сенгіштігіміздің салдарынан болды, мұның бәрі біздің Закир Алматовтың уәдесіне сенгендігіміздің нәтижесі.
Егер бізді осыдан кейін атып тастаса, біз шаһид боламыз. Егер бізді құқық қорғаушы ұйымдар қорғайтын болса, онда жақсы, әрі қарай өмір сүреміз», – деп мәлімдеді 2003 жылы батыс ақпарат құралдарына Зайниддин Асқаров.
Оның айтқанынан 1999 жылғы ақпандағы жарылысты шын мәнінде ұйымдастырғандар Мұраділлә Қазиев бастаған жас діндарлар тобы деген ақпарат белгілі болды. Олар өзбек арнаулы қызметі ұрлап, 1995 жылы тамызда Ташкент әуежайынан із-түзсіз жоғалып кеткен ислам теологы Әбдуәли Мирзаевтың жақтастары болған.
«ҰРЛАНҒАН ҰСТАЗ ҮШІН КЕК ҚАЙТАРУ»
Баспасөз конференциясы барысында Зайниддин Асқаров беделді ғалым Әбдуәли Мирзаев жоғалып кеткеннен кейін оның жақтаушылары оны тауып, жағдайын білу үшін көптеген инстанцияларға талай рет өтініш жасағанын мәлімдеді. Одан ештеңе шықпаған соң Мұраділлә Қазиев бастаған топ Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың көзін жою жөнінде шешімге келгенге ұқсайды.
Көптеген бақылаушылар Әбдуәли Мирзаевтың ел ішінде де, сырт жерлерде де үлкен беделге ие болғаны Ислам Кәрімовтың ашу-ызасын
Ташкенттегі ірі сауда орындарының бірі – Чорсу базарында болған террорлық жарылыс. 29 наурыз 2004 жыл.
туғызды дейді. Әбдуәли Мирзаевтың ұлы Абдолқұддыс Мирзаев «Узньюс. нет» интернет-сайтына берген сұқбатында әкесінің советтік кезеңнен бері қысымға түсіп, қуғындалып келе жатқанын айтты.Алайда, Абдолқұддыс Мирзаевтың сөзіне қарағанда, оның қолында әкесін 1995 жылы Өзбекстан арнаулы қызметінің өкілдері ұрлап кеткені жөнінде фактілер бар көрінеді. Бақылаушылар өзбек арнаулы қызметі тек қана «жоғарының» бұйрығымен қимылдайтынына кәміл сенеді.
Зайниддин Асқаров айтқандай, осылайша 1999 жылы Әбдуәли Мирзаевтың жақтастары Ислам Кәрімовке қастандық жасаудың жоспарын құрады. Алайда бұл жөнінде ақпарат алған Өзбекстан ислам қозғалысының бұрынғы жетекшісі Тахир Юлдаш Мұраділлә Қазиев тобын қайткенде де тоқтату үшін Өзбекстанға Бахром Абдоллаев деген өз өкілін жібереді.
Зайниддин Асқаров батыс ақпарат құралдарының журналистеріне: «Тахир Юлдаш Ислам Кәрімовтың өміріне қастандық жасау әрекеті болашақта Өзбекстанға әскермен басып кіру жөніндегі өз жоспарларына зиян келтіруі мүмкін деген сенімде болды» деді.
«ІЗДЕГЕНГЕ СҰРАҒАН»
Мұнан кейінгі оқиға былай өрбіген секілді: Бахром Абдоллаев өзіне жүктелген міндетті сол күйі орындай алмай, ақпандағы жарылыстардан екі ай бұрын Түркіменстан шекарасында ұсталып, өзбек арнаулы қызметіне тапсырылған. Арнаулы қызметтің жертөлесіндегі тергеу кезінде Бахром Әбдуәлиев ҰҚҚ басшылығын алда жарылыс болатыны жөнінде ескерткен.
Алайда, бұл ақпаратқа өзбек билігі мән бермеген сыңай танытқан. Ал бақылаушылар астанада жарылыс ұйымдастыру жөніндегі бұл жоспар, керісінше, «іздегенге сұрағанның» нақ өзі болып шыға келді деп санайды.
Зайниддин Асқаровтың сөзіне қарағанда, ақпан жарылыстары бойынша тұтқындалғандарды түрлі жолдармен азаптап, астанадағы жарылысты Ислам Кәрімовтың негізгі қарсыласы, қазір Батыста эмиграцияда жүрген Мұхаммед Салих пен Оңтүстік Уәзірстанды АҚШ әскерилері әуеден атқылаған кезде қаза тапқан Өзбекстан ислам қозғалысының бұрынғы жетекшісі Тахир Юлдаштың бұйрығымен жүзеге асырылған деп айтуға мәжбүрлеген.
Осыдан бір жыл бұрын Зайниддин Асқаров Қарши қаласындағы «қызыл зонада» жазасын өтеді, алайда оның денесінің қай түрмеден жеткізілгені әзірге белгісіз қалып отыр.
«ӨЗБЕК ҮКІМЕТІ ЖАУАП БЕРЕДІ»
«Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек редакциясы хабарлағандай, Өзбекстан ислам қозғалысы Зайниддин Асқаровтың қазасына орай көңіл айтып, оның өліміне Өзбекстан үкіметін айыпты деп санайтындығын жариялады.
«Зайниддин Асқаровтың қазасы жөнінде мәлімдеме» деп аталатын аудиожазбада Зайниддин Асқаровтың шын мәнінде осы ұйымның өкілі болғаны, оны Өзбекстан үкіметі «өлім жазасына кескені» айтылады.
Видеоүндеудің өз есімін атамаған ауторы өзбек түрмелерінде Зайниддин Асқаров сияқты Өзбекстан ислам қозғалысының шынайы мүшелері азапталып жатқанын, сол үшін Өзбекстан үкіметі түптің-түбінде жауап беретінін мәлімдеді.
Адам құқығын қорғаушылар 1999 жылғы Ташкенттегі жарылыстар мен Өзбекстанның өзге де қалаларында болған кейінгі жарылыстар еш кінәсі жоқ ондаған мың мұсылмандарды түрмеге тығып, жүздеген тұтқынды азаптау үшін таптырмас желеуге айналды деп санайды.