Accessibility links

Жақтастары Жовтистің ісі бойынша енді БҰҰ-на шағымданбақ


Виталий Воронов,(солдан оңға қарай) Дос Көшім және Сергей Дуванов сотталған Евгений Жовтиске қатысты баспасөз-мәслихатында. Алматы, 22 қазан, 2009 жыл.
Виталий Воронов,(солдан оңға қарай) Дос Көшім және Сергей Дуванов сотталған Евгений Жовтиске қатысты баспасөз-мәслихатында. Алматы, 22 қазан, 2009 жыл.

Евгений Жовтистің жақтаушылары Талдықорғанда өткен апелляциялық сот алқасының шешімінен кейін Жоғарғы сот инстанциясына барудан бас тартып отыр. Енді олар БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша комитетіне шағымданатындарын мәлімдеді.

«ЖОВТИСТІҢ ШАҒЫМЫН ҚАРАҒАН СОҢҒЫ СОТ ТА ӘДІЛ БОЛМАДЫ»

Қазанның 20-сы күні Алматы облыстық соты адам құқын қорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған Балқаш аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырған болатын. Осыған байланысты бейсенбі күні Алматыда баспасөз өкілдерін жинаған Жовтистің жақтаушылары сот процесінің әділетсіз болғанын, тіпті Жовтистің өзін оның апелляциялық шағым бойынша сот отырысына қатыстыру құқығынан айырғанын айтты.

«Апелляциялық инстанцияға дейін Жовтис сотқа қатысуға мүмкіндік беру туралы өтініш жасады. Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 71-ші бабына сәйкес, әрбір сотталушының апелляциялық инстанцияға қатысу құқы бар. Өкінішке қарай, оны мұндай құқықтан айырды. Бұл – Қылмыстық-процесуалдық кодекс қана емес, сонымен қатар Конституцияны, халықаралық пактінің нормаларын бұзу. Осы бір ғана заң бұзушылыққа байланысты жоғарғы инстанцияларға, БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне шағымдануға болады», – деді Жовтистің адвокаты Виталий Воронов.

Апелляциялық шағымды қараған сот төрешісі үкімді өзгеріссіз қалдыруының себебін түсіндірмеген.

Жовтисті қорғау штабына жетекшілік ететін тәуелсіз журналист Сергей Дуванов сот процесі барысында назардан тыс қалған фактілердің көп екендігін айтады.

«Штабқа (Жовтисті қорғау штабы – ред.) қаза тапқан азаматтың туыстарына Жовтистің көлігінің Қанатты қаққаны турасында таспа көрсетілгені жөнінде ақпарат түсті. Бұл қандай таспа? Ол шын таспа ма, әлде жалған ба? Қорытындыны өздеріңіз жасаңыздар. Өкінішке қарай, біз көрген адамдарды оны сотта айтып беруге көндіре алмадық. Мұны түсінуге болады. Себебі, оларға қатты қысым көрсетілген», – дейді Сергей Дуванов.

Ал Құқықтық саясатты зерттеу орталығының директоры Вера Ткаченко Жовтистің ісінде заң бұзушылықтардың көп болуына байланысты халықаралық сотқа шағымданатындықтарын жеткізді.
Қоғамдық қорғаушы Вера Ткаченко. Алматы, 22 қазан, 2009 жыл.


Алматы облыстық соттың қылмыстық коллегиясының сот шешімін өзгеріссіз қалдырғанын Евгений Жовтистің өзі кеше таңертең білді. Ол соңғы уақытқа дейін сот процесіне қатысып, түсініктеме айтуға мүмкіндік беретінінен үмітті болды. Өкінішке қарай, үміт ақталмады. Жақтаушы жақ Жовтистің кінәсінің дәлелденбегеніне сенімді. Евгений Жовтистің қорғалу құқығы дөрекі бұзылуына қатысты қорғаушы жақ БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша комитетіне шағым түсірмекші. Қазанның 20-нан бастап, онда мұндай құқық бар», – деді Вера Ткаченко.

«БҰЛ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫЛАРҒА САБАҚ»

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Талдықорғанда болған сот отырысы бұл істің саяси астарын тағы бір мәрте дәлелдей түседі дейді.

«Біз Жовтисті босатуды емес, әділ сотты талап еттік. Бүгін талабымыз өзгерді. Соттар өтіп кетті. Бүгін біз бұл таза саяси іс екенін айтамыз. Шын мәнінде Жовтисті көлік апатына жол бергені үшін емес, құқық қорғау саласындағы қоғамдық қызметі үшін соттап отыр. Бұл – айдан анық нәрсе», – деп мәлімдеді Сергей Дуванов.

Құқықтық саясатты зерттеу орталығының директоры Вера Ткаченко бұл жағдайдың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңына дөп келгенін атап өтті. Оның айтуынша, Жовтис Өскемендегі қоныстандыру колониясына да бекерден бекер жіберілген жоқ.

«Төрағалық кезеңінде Евгений Александрович қоныстандыру колониясында болмақ. Оны Адам құқығы жағдайына тиімді бақылау жүргізу қызметінен алшақтатты, оны ұлттық, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысу мүмкіндігінен айырды, оны қызметін әрі қарай жалғастыру мүмкіндігінен айырды. Алғашқы инстанция болған кезде бізге түскен ақпарат бойынша, Қазақстанда кездейсоқ қылмыс жасағандар үшін бір ғана қоныстандыру колониясы болған. Ол – Астанада. Ақпарат бойынша, енді мұндай колония Өскеменде де қайта құрылған. Бұл Евгений Александровичпен түрлі халықаралық ұйымдардың кездесуі қиын болуы үшін жасалған нәрсе», – деді
Вера Ткаченко.
Роза Ақылбекова, Вера Ткаченко және Виталий Воронов баспасөз-мәслихатында. Алматы, 22 қазан, 2009 жыл.


Сот процесіне қоғамдық қорғаушы ретінде қатысқан «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім: «Менің ойымша, мұның барлығы Қазақстандағы адам құқығын қорғаушыларға сабақ. Бұл биліктің сіздерге берген жақсы сабағы» деген түйін жасады.

АҚШ ЕЛШІЛІГІ МЕН ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫ МӘЛІМДЕМЕЛЕР ТАРАТТЫ

Осыған дейін түрлі халықаралық ұйымдар Евгений Жовтистің ісіне қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған Алматы облыстық сотын айыптап, істі қайта қарауға шақырған еді. Қазанның 22-сі күні аталмыш жағдайға Қазақстандағы АҚШ елшілігі өз көзқарасын білдірді.

Бұл мәлімдемесінде елшілік соттың құқық қорғаушыны төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды ұйғарғанын қынжылыспен қабылдағанын айтады.

«Қыркүйек айында болған алғашқы сот инстанциясындағы сот тыңдауынан кейін процесуалдық ережелердің бұзылғандығы туралы дәлелді болжамдар айтылған еді, алайда апелляциялық тыңдау кезінде оларды түзету мүмкін болмады. Біз Қазақстанның мемлекеттік органдарын осы іске байланысты алда болатын қадағалау ісін Қазақстан Республикасының заңдарына және оның халықаралық сот ісін жүргізу стандарттарын орындау туралы міндеттемелеріне толық сәйкестендіріп жүргізуге табанды түрде шақырамыз», – делінген елшіліктің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Чехиядағы қазақ босқындары Прага орталығындағы Вацлав алаңында митинг өткізуде. Прага, 7ақпан, 2009 жыл.


Дәл осы күні Чехиядағы қазақ босқындарының комитеті құқық қорғаушының сотталуына қатысты наразылық танытып, ресми билікті айыптады.

«Чехиядағы қазақ босқындарының комитеті Евгений Жовтиске қатысты болған заңсыздықтарға шексіз наразы және құқық қорғаушыға толық қолдау білдіретінін жеткізеді. Біз Қазақстан билігінен Евгений Жовтистің, сондай-ақ, Қазақстандағы өзге саяси тұтқындардың дереу босатылуын талап етеміз» делінген олардың мәлімдемесінде.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG