Accessibility links

Алатау ауданында 50 үйді бульдозермен күреп тастады


Бүгін таңертеңгі сағат 10-да Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты «Мұқағали» елдімекеніне бульдозерлер мен полицейлер кіріп барып, 50-ге жуық үйді қиратып тастады.

Ең алдымен олар жаңадан ғана соғылып біткен, әлі қожайындары қоныстанып үлгермеген үйлерге ауыз салған. Ал қарапайым халық болса, ешқандай ескертусіз келген полицейлер мен бульдозерлерді көріп, осыдан екі жыл бұрынғы «Шаңырақтағыдай» оқиға басталып кетеме деп қорқып, еңкейген кемпір-шалдан, еңбектеген баласына дейін далаға шығып, не істерін білмей шулап жүрді. Айтпақшы, «Шаңырақ» оқиғасы болған жер «Мұқағали» елді-мекенінен бір шақырымға жетер-жетпес жерде орналасқан.
Улап-шулап жүрген қарапайым тұрғындардың кейбірі өздерінің баспанасын қоғаудың амалы ретінде, шатырдың төбесіне шығып алған. Тамның төбесінде отырған кішкентай балалар гүрілдеген бульдозердің даусынан қорқып па, әлде бірнеше сағат бойы тамақ ішпей қарындары ашқандықтан ба, жылаған дауыстары қатты естілді. Тұрғындардың біразы үйлерге қарай жүріп келе жатқан бульдозерлердің алдына көлденең тұрып алды. Осы тұста полиция қызметкерлері араласып, халықты қууға әрекет етіп еді, журналистерді байқап қалған олар амалсыз шетке шықты. Сөйтіп, бульдозерлердің одан әрі үйлерді жермен-жексен етуіне жол берілмеді.
Бұл елді-мекенде 400-ге жуық үй бар. Ал онда қанша отбасы және қанша адам тұратыны белгісіз. Тұрғындардың сөзіне құлақ асатын болсақ, бүгінгі таңда «Мұқағали» елдімекенінде 300-ге жуық отбасы тұрып жатыр екен. Ал негізі бүгін әлі ешкім қоныстанып үлгермеген үйлер қиратылды.
"Мен Қаскелен қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Мемлекеттік қызметте жұмыс істесек те, ай сайын табатын табысым пәтер жалдап тұруға жетпейді! Ол жеткен күннің өзінде 15 мың теңгені пәтерге беріп алып, тамақ пен киімді қайдан аламыз? Сондықтан, бізде көптің бірі ретінде осы бос жатқан жердің 6 соттық учаскесін сатып алып, «құрқылтайдың» ұясындай баспана тұрғызып алдық. Ал билік осының өзін көп көріп, біздің кішкентай ғана лашығымызға көз алартып отыр.

Жаңа аудан әкімі Бағдат Мансұровтың келгенін өзіңіз де көрдіңіз. Ол уәдені бірінші рет беріп жатқан жоқ. Осыған дейін де келіп, үйлеріңді заңдастырып береміз деп талай айтты. Ондай ойлары болатын болса, неменеге бүгін мына тұрған үйлердің барлығын қиратып тастауға бұйрық береді? Өткенде де сендерге тиіспейміз деп уәде берген болатын. Ал бүгін келіп, осы елдімекеннің біраз үйін жермен жексен етіп, тегістеп тастады. Менің ойымша, олар жақын күндерде тағы келіп, бүгін орындалмай қалған жоспарын орындайды» - деді Айнұр Иманқұлова Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
«Мұқағали» елдімекеніне Алатау ауданының әкімі Бағдат Мансұров та келіп, тұрғындармен әңгімелесуге әрекет етіп көріп еді, бұзылған үйлерді көріп, ашуы қозып тұрған қарапайым халық сөз бермей, оны сұрақтың астына алды. Одан әрі қарай әңгіме жүргізу мүмкін емес екенін білген ол, бірден көлігіне отырып кетіп қалмақ болды. Бірақ, кемір-шалдан бастап, кішкентай бала-шағаға дейін әкімнің көлігінің алдына тұрып алып, оның қозғалуына еш мүмкіндік бермеді. Осы тұста полиция қызметкерлері араласып, әкімнің автокөлігінің алдында тұрған тұрғындарды қууға әрекет етіп еді, жанжал басталып кете жаздады. Осыдан соң, Бағдат Мансұров амалсыз көліктен түсіп, бүгінгі жағдайды түсіндірді.
Алатау ауданының әкімі Бағдат Мансұров Азаттық радиосына берген сұхбатында бүгінгі жағдай туралы былай деді:
-Біз ешкімді далаға лақтырып тастамаймыз. Бұл елдімекендегі үйлердің барлығы заңсыз салынған. Соған қарамастан, халықтың жағдайын түсініп, оларға мейлінше көмек беруге тырысамыз. Көп балалы отбасыларға осы ауданнан арнайы жер бөлуді де қарастырып отырмыз. Барлығын баспанамен қамтамасыз ету мүмкін емес, оны ашық айтайын. Кейбіреулеріне жатақханадан орын алып береміз, ал тағы басқаларына мемлекеттік тұрғын үйді жалға беру бағдарламасына сәйкес, қаланың ішінен пәтер алып береміз. Бүгін қиратылған үйлердің ешқайсысында адам тұрмайды. Олардың барлығын алаяқтар тұрғызған. Бір түнде келіп, үйдің іргетасын қалап, қарапайым адамдарға сатып келген. Қазір осы іс бойынша құқық қорғау органдарында қылмыстық іс дайындалып жатыр.
Бүгін «Мұқағали» елдімекенінде халықтың араша түсуімен біршама үйлер қиратылмай қалды. Ондағы тұрғындардың сөзіне қарасақ, «әкім өтірік айтады, бұл үйлерді ешқандай алаяқтар емес, өзіміз сияқты қарапайым адамдар салды»,-дейді. «Мұқағали» елдімекенінде басталған заңсыз тұрғын үймен күрес операциясы осымен біте ме, әлде жалғасы бола ма, оны уақыт көрсетеді.
XS
SM
MD
LG