Accessibility links

Ош әкімі Бішкекте қамауға алынды деген хабарға қатысты қырғыз Үкіметі үндемейді


Ош қалалық әкімшілігі алдында Мырзакматовқа қолдау көрсетушілер жиналып тұр. Ош, 19 тамыз 2010 жыл
Ош қалалық әкімшілігі алдында Мырзакматовқа қолдау көрсетушілер жиналып тұр. Ош, 19 тамыз 2010 жыл

Қырғызстанда «Ош қаласының басшысы Мелс Мырзакматовты құқық қорғау қызметкерлері ұстап алды» деген сыбыс тараған соң, бейсенбі күні Мырзакматовтың 500-ге тарта жақтасы қала әкімшілігінің алдына жиналды. «Биліктен қуылған бұрынғы президент Бакиевтың жақын серігі» десетін Мырзакматовтың болашағы бұлыңғыр болып тұр.


ТЕКЕТІРЕС

Бейсенбі күні Қырғызстанның оңтүстік астанасы – Ош әкімшілігінің алдында 500-ге жуық адам жиналды деп хабарлайды Азаттық радиосының Қырғыз қызметі. Олар қала басшысы Мелс Мырзакматов қызметінен босатылып, тұтқынға алынды деген ақпарат тарағаннан кейін жиналған.

Наразылық шарасына келгендер қала басшысына байланысты ақпараттың анық-қанығын анықтауды талап етті. Әйтпесе жағдайда әкімшілік ғимараты мен Оштағы ЕҚЫҰ-ның ғимаратын басып алмақ.
Ош қалалық әкімшілігі алдында Мырзакматовқа қолдау көрсетушілер жиналып тұр. Ош, 19 тамыз 2010 жыл

Қазір әкімшілік ғимаратын оншақты полиция қызметкерлері қорғауға алған. Бұл жайтқа қатысты президент әкімшілігі әлі ешқандай түсініктеме берген жоқ.

«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, тамыздың 18-і күні Мырзакматов ЕҚЫҰ мүшелерімен кездесу мақсатында Бішкекке барған. Алайда оны шұғыл әрекет ету жасағы мен ішкі істер жауынгерлері қарсы алған. «Жанындағы күзетінің мықтылығынан Мырзакматовты тұтқындау мүмкін болмады» деп жазады басылым.

Тамыздың 19-ы күні Ош әкімшілігінің қызметкерлері Азат Еуропа/Азаттық радиосының Өзбек қызметіне «Мелс Мырзакматов астанада үкімет отырысына қатысып жатыр» деп хабарлаған.

БАКИЕВ РЕЖИМІНЕН ҚАЛҒАН «СОҢҒЫ ТҰЯҚ»

Мелс Мырзакматов – Қырғызстанның оңтүстігіндегі беделді адамдардың бірі. Ол 2007 жылы биліктің «Ак-жол» партиясының атынан парламент сайлауына түсіп, депутат болды. Мырзакматовты елдегі маңыздылығы мен көлемі жағынан екінші қала - Оштың әкімі етіп бұрынғы президент Құрманбек Бакиев тағайындаған.

Билік ауысып, Бакиев елден қуылғанан соң оның барлық адамдары қызметінен айырылды. Тек Мырзакматов қана қалды. Себебі не дегенде, президент Роза Отунбаева «оны алып тастауға күшіміз жетпейді» деген еді.
Мелс Мырзакматов, Ош әкімі, 21 шілде 2010 жыл

2009 жылы қаңтарда Ош қаласының әкімі болып тағайындалған 41 жастағы Мырзакматов қазіргі билікпен тіл табыса алмай келеді. Ош әкімі биыл сәуірде билікке келген үкімет пен президент Роза Отунбаеваның бірқатар шешімдерін сынаған.

Мырзакматов Ошқа ЕҚЫҰ-ның полиция жасаған кіргізуге үзілді-кесілді қарсы. Оған қоса маусым айында елде болған этникааралық қақтығыстарды тергеуде үкіметтің ұстанған саясаты да қала басшысының көңілінен шықпай отыр.

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАҚ ОРТАСЫНДА ЖҮРГЕН

Бақылаушылар Мырзакматовтың бұл қарсылықтарының астарында басқа жайттың бар екендігін айтады. Бірқатар ақпарат көздеріне сенсек, Мырзакматов елдің оңтүстігінде болған этникааралық қақтығысты ұйымдастырушылардың бірі болып шығады.

Саясаткер, «Айкол эл» партиясының төрағасы Эдиль Байсалов Мырзакматовты қызметінен алу керек дегенді айтады. Бүгін таратылған партияның мәлімдемесінде «ол [Мырзакматов] Оштағы қайғылы оқиғаға айыпты болғандардың бірі, сондықтан тиісті жазасын тартуы қажет» делінген.

Бұған дейін Мелс Мырзакматовтың бұрынғы екі орынбасары да дәл осындай айып таққан еді.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған қанды қақтығыс барысында үш жүзден аса адам мерт болып, мыңдаған адам босып кетті.
XS
SM
MD
LG