Қазанның 12-сі күні Қырғызстандағы парламенттік сайлаудың алдын-ала ресми қорытындысы жарияланды. Бес партия межеленген деңгейге жетіп, қырғыз парламенті яғни, Жогорку Кеңешке өтті. Бұлар: “Атажұрт” (8,88%), Социал-демократиялық партиясы (8,04%), “Ар-намыс” (7,74%), “Республика” (7,24%) және “Ата Мекен” (5,6%).
ПАРЛАМЕНТ ПЕН ПАРТИЯ
Сөйтіп, парламенттегі 120 орын былайша бөлінетін болды. «Атажұрт» партиясына парламенттен 29 орын тиетін болса, Социал-демократиялық партиясына - 26, «Ар-намысқа» - 23, «Республикаға» - 23, «Атамекенге» - 19 орын тимекші.
Камчибек Ташиев, Атажұрт партиясының жетекшісі баспасөз мәслихатында отыр. Бішкек, 12 қазан 2010 жыл
Елдегі парламент сайлауының қорытындысы ресми түрде жарияланғаннан кейін, Жогорку Кеңештің жаңа сайланған құрамы 15 күннен кешікпей бірінші сессиясын өткізуі тиіс. Мемлекеттік “Шайлоо” автоматтандырылған жүйесінің хабарлауынша, ресми қорытынды бір-екі күннің ішінде жарияланады.
ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ ҚАНШАЛЫҚТЫ ӨМІРШЕҢ БОЛАДЫ?
Осылайша Қырғызстан парламенттік республика құруда алғашқы қадам жасады. Сарапшылар арасында енді жеңімпаз партиялардан жасақталатын парламенттің өміршеңдігі жайлы әңгіме қызу талқыланып жатыр.
Бұл тұрғыда мамандардың пікірі бір жерде тоғысады. «Бәрі де саяси элитаның жауапкершілігін сезінуіне байланысты» дейді олар.
- Бес партия өтті дейік. Ертең ол қандай коалиция болады? Ол коалиция қандай үкіметті жасақтай алады? Үкіметтің алғашқы қадамдары қандай болмақ? Елдегі тыныштықты, ұлтаралық татулықты сақтай ала ма? деген көптеген сұрақтар бар. Басты мәселе қырғыздың саяси элитасы бүгінгі таңда өзін қаншалықты жауапты сезінеді? Қазіргі таңда Қырғызстан сыртқы ықпалдарға аса сезімталдық танытып отыр, - деді саясаттанушы Айдос Сарым.
Коалиция демекші, мамандардың пікірінше, Қырғызстанға дәл қазіргі партиялық құраммен коалициялық үкімет жасақтау оңай тимейді. Себебі, онда бұрынғы билік өкілдерінен құралған «Атажұрт» партиясы да, сол режимді құлату кезінде аса белсенділік танытқан «мәңгі оппозиционер» Өмірбек Текебаев басқаратын «Атамекен» де, ресейшіл де, батысшыл да партиялар бар.
Парламентте қай партияның басқарушы топқа айналатыны да белгісіз. «Атажұрт» парламентте ең көп орын иеленді. Бірақ бұл оның парламентте басқарушы партияға айналатынына кепіл бола алмайды. Себебі, басқарушы коалицияны парламент құрамының кемінде 60 пайызы қолдауы тиіс. Ал мұндай көрсеткішке жету үшін кемінде 3 партиядан жақтастар қажет екен.
Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетовтың пікірінше, егер партиялар мемлекет мүддесі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білсе» бұл сыннан да өтеді.
- Қазір оларда үлкен жауапкершілік пайда болды. Мұны барлық партиядан байқап отырмын. Себебі, қырғыздар соңғы 5-6 жылда осындай жағдайға үлкен қақтығыс, қантөгіс арқылы жетті. Меніңше, олар тыныштықтың бағасын түсіне бастады. Халықтың сеніміне ие болған партиялар мұны қатты бағалайтын болады. Айталық, Отынбаева болсын, бұрынғы басшылар билікке кездейсоқ келгенідіктен оларда мұндай жауапкершілік аса сезілмеген еді, - дейді Нұрлан Ерімбетов.
«САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫМЕН КЕЛІСПЕЙМІН»
Бұған дейін сайлауды бақылаған мамандар, түрлі халықаралық ұйым өкілдері сайлау салыстырмалы түрде әділ өтті деп бағалаған болатын. Дегенмен қазанның 12-сі күні сайлауда 5 пайыздан аз дауыс жинаған партиялар кейбір аймақтарда заңбұзушылықтардың тіркелгенін айтып, бұл өңірлерде халықтың дауысын қайта есептеуді талап етті.
- 20 сайлау учаскесінде өрескел заңбұзушылықтардың болғаны турасында факті бар. Егер Орталық сайлау комитеті бұл учаскелердегі дауыс санын қайта есептемесе, онда біз барлық сайлау учаскелеріндегі дауыстарды қайта сараптаудан өткізуді талап етеміз, - деді «Замандас» партиясының жетекшісі Мұхтарбек Өміракунов сейсенбі күні Бішкекте өткен баспасөз жиынында.
Дәл осы күні ресми қорытындыда 4,84 пайыз дауыс жинады деп көрсетілген «Бүтін Қырғызстан» партиясы да Орталық сайлау комитетінің қорытындысымен келіспейтінін жеткізді. Партияның жетекшісі Адахан Мадумаровтың айтуынша, партия сайлауда 5 пайыздық межеден асып түскен. Сөйтіп, 145 455 дауыс жинаған.
Мұхтарбек Өміракунов, Замандаш партиясының жетекшісі баспасөз мәслихатында. Бішкек, 12 қазан 2010 жыл
Түстен кейін Қырғызстанның ақпарат құралдары Ақши, Шатқал, Тоқтағұл аудандарында партия жақтаушыларының Бішкек-Ош бағытындағы жолды бекіткені туралы хабарлады.
- Біздің партия кешегі сайлауда жеңіске жеткен. Әрқандай саяси ойындар болып, орталық сайлау комиссия біздің партияның өткендігін жарияламай жатыр. Осыған байланысты біздің партия үшін дауыс бергендер наразылық акцияларына шығып жатыр. Оларды тыныштыққа шақырып жатырмыз. Біз мәселені өркениетті жолмен шешуді мақсат тұтып отырмыз. Бірақ біздің сайлаушылар мұнымен келіспей отыр, - деді «Бүтін Қырғызстан» партияның саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Шакиев Азаттыққа.
Мемлекеттік “Шайлоо” автоматтандырылған жүйесінің соңғы мәліметтеріне қарағанда, дауыс беруге барлығы 1 миллион 679 мың 538 адам, яғни дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 55,90 пайызы қатысқан.