Accessibility links

Обаманың 100 күндік қызметі сарапқа түсуде


АҚШ президенті Барак Обама
АҚШ президенті Барак Обама

Бүгін - Барак Обаманың АҚШ президенті ретіндегі қызметін бастағанына 100 күн толды. Оның іс жоспарында атқарылуы тиіс, кезек күттірмес мәселелердің тізімі қаңтардың 20-дағы деңгейінен көп болмаса, аз емес. Алайда Обама сыншыларының өзі жаңа президенттің шапшаң қарқынмен жұмыс істеп отырғанын мойындауда.

Барак Обама АҚШ президенті қызметінде осы уақыттың ішінде 9 елге сапар шегіп, шетелдік 44 басшымен бетпе-бет кездесті.

Бақылаушылардың бағалауынша, мысалы Обама Американың Мұсылман әлемінің жауы емес екендігі және Құрама Штаттардың Исламға қарсы соғыс ашып отырмағанын айтқан кездегі оның бірлікке шақырған үнінде керемет шынайылық пен сабырлылық болды.

Джон Хопкинс университеті жанындағы АҚШ-тың Трансатлантикалық байланыстар орталығының директоры Дэниел Хамильтонның айтуынша, «Обаманың жолдауы мына тұрғыда болуда. Құрама Штаттар барлық нәрседе әрқашан дұрыс шешім жасады деп айту қиын. Сол себепті кейбір сындарға жол берілуде. Алайда, екінші жағынан алғанда, Құрама Штаттарды әлемнің, тіпті аймақтың барлық проблемасы үшін айыптауға болмайды ғой. Сондықтан да қарым-қатынастардың жаңа сатысына көтерілейік».

Обама Гуантанамо түрмесін жауып, осы арқылы азаптау құралдарының қолданылуына тыйым салды. Сарапшылардың айтуынша, мұның өзі Буш дәуірінің күні өткенінен хабар беріп отыр.

Обама Ресеймен қарым-қатынастарды жақсартқысы келетінін ілкі сәттен аңғартып, тіпті ядролық қаруларға бақылау орнату туралы алғашқы кездесу де болып өтті.

Обама Польша мен Чехияда зымыраннан қорғаныс жүйлерін орнату туралы АҚШ жоспарын одан әрі жалғастыратынына уәде берген еді.

Дегенмен, егер Ресей Иранның ядролық бағдарламасы қаупін жоюға көмектессе, онда аталған уәдесін кері қайтып алатынын да ол ескерткен еді. Себебі ондай жағдайда қорғанудың қажеттілігі де болмайды.

Обама Мәскеуге осы жылдың соңына дейін барып қайтпақшы.

АҚШ президенті елдің Ауғанстандағы саясатына қайта шолу жасап, одақтастардың ол елде тұрақтылықты орнатуға көмектесулеріне шақырған болатын.

Ауғанстан проблемасын шешуге Пәкістанды жұмылдыра алуы мен жоғары деңгейдегі АҚШ дипломаты Ричард Холбрукты аталған қос елге елші ретінде тағайындауы да-оның келесі табысты қадамдары еді.

Бұрынғы президент Джордж Буш «зұлымдық белдеуіне» жатқызған елдің бірі-Иран.

Обама Иранмен де тікелей сөйлесулерге әзір екенін мәлімдеген сәтте сын астында қалды.

Дегенмен Обама одан бергі кезеңде Иран халқын жаңа жылдарымен құттықтап, ел ресмилерімен ешқандай алғышарттарсыз сөйлесулерге шақырып, қолын алғашқы боп созған еді.

Ал, Ирақтағы әскерді 18 ай ішінде шығару туралы берген уәдесін санаулы ғана айларға жылжытып отыр.

Сонымен АҚШ әскері Ирақтан 2010 жылдың тамызына қарай шығып, ал Ирақ әскерін жаттығудан өткізіп, кеңес беретін 50 мыңдай АҚШ жауынгері 2011 жылдың соңына дейін болмақшы.

Жарты ғасыр коммунистер билігі астында отырған Кубамен де қарым-қатынасты жаңа сатыға көтеруге Обама уәде берді.

Соның дәлелі ретінде, америкалықтардың Кубаға баруына, ол елге ақша аударуларына салынған, бірнеше онжылдықтарға созылған тыйымды алып тастады.

Обаманың 100 күндік президенттік қызметіне орай өткізген баспасөз мәслихаты теледидар арқылы көрсетілетін болады.
XS
SM
MD
LG