СҰҒАНАҚ КӨЗ
Бір айдың ішінде екінші рет Ресейдің интернет кеңістігіне оппозиция белсенділерін жасырын түсіріп алған бейнетаспа жарияланды. Соңғысы алты минуттық видео үш оппозициялық тұлғаның бірдей бөлмеде, бір әйелмен жеке-жеке болған кезін көрсетеді.
Сәуірдің 23-і күні шыққан таспадағы үшеудің бірі – Азат Еуропа/Азаттық радиосындағы орыс қызметінің апталық бағдарлама жүргізушісі,
белгілі сықақшы Виктор Шендерович болды. Екіншісі – Заңсыз мигранттарға қарсы ұлтшылдар қозғалысының басшысы Александр Потин болса, үшіншісі – Ұлттық большевиктер жетекшісі Эдуард Лимонов.
Өткен айда Youtube сайтында жеке-жеке түсірілген видеода «Newsweek» басылымының ресейлік нұсқасының редакторы Михаил Фишманның, оппозиция белсендісі Илья Яшиннің және саяси сарапшы Дмитрий Орешкиннің жол полициясы қызметкеріне пара беріп жатқанын көрсеткен материал жарық көрген. Тағы бір бейнекөріністе есірткі ұнтағын иіскеп отырған Фишманның ар жағынан жалаңаш әйел өтіп бара жатады. Дәл осы әйел сәуір айында шыққан үш оппозиция өкіліне қатысты видеороликтерде де көрінгені айтылады.
«СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ШЫНДЫҚ»
Бейсенбі күні Шендерович өзінің блогында бұл видеоның шын екенін мойындай келе, оны жасырын жазып алып, жариялаған президент әкімшілігін айыптап шықты. Әйелі мен бір қызы бар Виктор Шендерович Азаттықтың орыс қызметіне берген сұхбатында өзін
әшкерелеуге тырысқан жайттардың басынан жиі өтетінін айтты.
«Соңғы 10 жылда мен өзім туралы «ақылға сыймайтын жалақы алатын, шетелдің азаматтығы бар адам», «Ресейдің бұрынғы қаржы алпауыты Березовскиймен байланысы бар» деген сияқты көптеген жаланы оқыдым. Онда тек шылғи өтіріктер айтылды. Соның ішінде 10 жылдың ішінде олар бір шындықтың ғана үстінен түсті», – деді ол.
Белгілі сатирик Виктор Шендерович 1990 жылдары «Куклы» деп аталған қуыршақтар қойылымын жазғаннан кейін таныла бастады. Бірақ Ресейде билік басына Владимир Путин келгеннен бері ол оппозициялық газет пен радиоға қарай ығыстырылған.
Видео-компроматқа қатысты пікірін білдіре келе, Виктор Шендерович мемлекеттік шенеуніктерді адамның жеке өміріне қол сұғу үшін ресейлік салық төлеушілердің ақшасын пайдаланды деп айыптады. Ол «мұндай видеолар әрбір жатын орынға, әр дәретханаға қойылуы мүмкін» деді.
Шендерович бұл бейнетаспаның қайдан келгенін білетінін, өйткені Катя деген есімді әйелді танығанын айтты. Осының алдында ол әйелдің кім екенін анықтаған Илья Яшин мен басқа да оппозиция белсенділері өздерін Мәскеу орталығындағы пәтерге жыныстық қызмет пен есірткі ұсынып, еліктіргенін айтты.
Бірінші шыққан видеода есірткі қолданып алып, пара ұсынып жатқаны көрсетілген Илья Яшин соңғы секс жанжалына ілінбесе де, өзінің Катя деген әйелмен және басқа да қызбен жыныстық қатынаста болғанын мойындады.
Ол өзінің бұл видеоларды тексеру үшін Бас прокуратураға шағым түсіру жоспары бар екенін айта келе, мұның артында Кремльмен
байланысы бар адамдар тұр деді:
«Мен бұл арандатушылықтардың артында Ресей үкіметімен тікелей байланысы бар адамдар тұрғанына сенімдімін. Онда осы іске қатысты тексерілуі тиіс нақты адамдар бар. Олар – Кремльдің ресми адамы Владислав Сурков пен Кремльге жақын «Наши» жастар қозғалысының бұрынғы жетекшісі Василий Якименко. Мен бұл адамдардың қатысы бар деп білем және олар тексерілуі керек».
Илья Яшин аты-жөндерін атап, кінә артып отырған бұл адамдардан Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Кевин О’Флин пікір алмақ болған еді. «Наши» жастар қозғалысының өкілі оған қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Осы сипатты оппозицияны масқаралау істерін сарапшылар әртүрлі бағалап отыр.
ОППОЗИЦИЯҒА ҚҰРЫЛҒАН ҚАҚПАН
Мәскеуде орналасқан «Панорама» саяси зерттеу тобының сарапшысы Владимир Прибыловский мұндай жолдармен оппозицияға күйе жағу жеміс бере қоймайды дейді:
«Шендеровичті ұнатпайтындар, әлбетте, оны мазақ қылады, онда тұрған не бар? Ол сияқты адамдар үшін, ер азаматтар үшін бұл компромат емес. Әйелдерге мүмкін кішкене ұнамайтын шығар».
Прибыловский Ресейде мұндай секс жанжалдар онша көп кесір тигізе қоймайды деп есептейді.
Шендерович өзінің блогында, «видеода қауіпсіздік күштері мені тек бір әйелмен ғана көрсеткеніне налыдым» деп оқиғаны қалжыңға айналдырған.
Дегенмен, Мәскеуде мұндай ар-ожданға кір келтіретін жағдай өз басына келуі де мүмкін деп алаңдап қалғандар да жоқ емес.
«Newsweek» басылымының ресейлік нұсқасын басып шығаратын Аксель Шпрингер газеттің бас редакторына қолдау көрсетіп, Михаил Фишман бұл оқиғада оппозицияға қарсы лас науқанның тікелей құрбаны болып отыр деді. Оның пікірінше, бұл әшкерелеу әрекеттері өтірік пен арандатушылық, адамның ішкі мәселесіне араласу негізінде жасалған.
Виктор Шендерович бұл науқан әлі де жалғасады, ол енді тек оппозициялық ортамен шектеліп қалмайды деген күдігін жеткізді:
«Адамның атына кір келтіруге болатын жайттар – кокаин, қыздар, секс-ойыншықтар, тағы сондайлармен қоса бопсалау деген де бар. Маған сенімді мәлімет көздеріне қарағанда, жаңағы адамдардың қорында әлі талай таспалар бар. Және онда кейбір оқиғалар тек оппозицияға ғана қатысты емес, әрі оны қоғамға көбірек қызықты болатындай бопсалауға пайдалану мүмкіндіктері де қарастырылған».
Нәпсіқұмарлық шатағы арқылы оппозицияны мұқатуды көздеген әрекеттер Қазақстан үшін де таңсық емес. Бірақ олар діттеген мақсатына жетпеді, әлгіндей шатаққа бола ешкім саясаттан кеткен емес, Назарбаевқа қарсы айтылған сыни сөздер де тыйылып қалмады.
Назарбаевтың қарсыластарын қойып, оған жақын тұлғаларды нәпсіқұмар ретінде сипаттайтын, қашан және қайда түсірілгені белгісіз небір видеожазбалар да Интернетте жарияланған еді. Онда аты-жөні аталғандардың кейбірі, айталық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, қазіргі парламент мүшесі Сәт Тоқпақбаев әлгіндей видеожазбаны өзіне жабылған жала деп мәлімдеп, оны үзілді-кесілді жоққа шығарған-ды. Осылайша ондай әңгімелер біраз уақыттан соң біртіндеп ұмыт болды.