Accessibility links

Жендеттер қолынан қаза болған спортшылар


1991 жылдан бері Кеңестер Одағының құрамында болған республикаларда жиырмаға жуық еуропалық, әлемдік және олимпиадалық жарыстардың жүлдегерлері мен чемпиондары қылмыскерлер қолынан қаза тауыпты.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдарда болған оқиғаларға көз жүгіртсек, спорт өнерінде жұлдызы жанған талай қазақтың мықты жігіттерінің арамызға сыймай кеткенін байқауға болады. Бір таңғаларлығы, солардың көбісі өз өлімімен емес, жендеттер қолынан ажалын тапқан.
Әлемге әйгілі таэквондо тарланы Мұстафа Өзтүрікті Германиядан шақырып алып, одан айырылдық. Мәйітін тексерген сарапшылар оған у бергенін анықтаған. Республикалық таэквондо федерациясының президенті Мұстафа Өзтүріктің үзеңгілес серігі Бексейіт Түлкеевті жендеттер автотұрақ жанында опат етті. Допты хоккейден КСРО-ның 19 дүркін чемпионы Марат Жексенбаевқа да қылмыскерлер өзінің пәтерінде 20 жерінен пышақ салып өлтірген. Ауыр салмақ дәрежесі бойынша кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Садықовтың мәйіті де өзінің жеке көлігінен табылды.
Сидней Олимпиадасында жиырма жасында алтыннан алқа тағып, ел мәртебесін аспандатқан бокс жеңімпазы, ғажайып спортшы Бекзат Саттарханов жарқырап аққан құйрықты жұлдыздай 2000 жылғы желтоқсанның 31-күні көлік апатынан қаза тапты. Қыршын саңлақты сақтай алмағанымыз күні бүгінге дейін жанымызға батады. Шетелдерде ел абыройын көтерген мұндай өрендерге арнайы тәлімгер, қорғаушылар тағайындап, олардың басқан ізі бақылауға алынып, ерекше қамқорлық жасалатын көрінеді. Шетелдіктердің осы үрдісін бізде де басшылыққа алатын кезең жеткен сияқты.
Жендеттердің спортшыларды опат ету оқиғасы мұнымен аяқталмайды. 2001 жылы «Бизнес-банк» президенті Елтай Әбеновке 16 жерінен оқ тиіп, онымен бірге «Күзет» РМК аға инспекторы, халықаралық жекпе-жек өнерінің чемпионы Ержан Оспанов та қаза болды. 2000 жылы көлігінде отырған спортшылар Т. Сәтиев пен Ж. Шәріповты белгісіз біреулер тапаншамен атып өлтірді. Ал, сол жылдың мамыр айында самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиевті дәл үйінің іргесінде жендеттер айуандықпен опат қылды. Қазақ боксінің ақсақалы - Әбдісалан Нұрмаханов үйінің кіре берісінде қылмыскерлер қолынан қаза болды.
2001 жылы Қарағанды қаласында да қанды оқиға орын алды. «Офсайд» дәмханасында тамақ ішіп отырған бес жігіт қас пен көздің арасында мерт болды. Олардың арасында бокстан Азия чемпионы Бектас Әубәкіров та бар. Әлгі демалыс орнына кіріп келген жендеттер өзге кісілерден сыпайы түрде шығып кетуді өтініп, тек сол бес жігіт оңаша қалғанда, «Калашников» автоматымен барлығын жайпап салған.
Былтырғы жылдың соңында қазақ футболының сұр мергені атанған Андрей Литвиненко да жұмбақ жағдайда көз жұмды. Оның талға асылып тұрған мәйітін Тараз қаласындағы ескі қорымның ішінен тауып алған. Құқық қорғау органдары осы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстарын ұзаққа созбай, 34 жасар футболшы өз-өзіне қол салған деген қорытынды жасады. Ал Литвиненконың әкесі ақпарат құралдарына берген сұхбатында, баласының өліміне белгісіз біреулердің көмектескені туралы айтты.
Ең соңғысы, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ш. Рузбаев биыл қаңтар айында жол инспекторының қолынан қаза болды. Жас спортшы полицейлердің айтуынша, жол ережесін бұзып, тоқта деген бұйрыққа бағынбаған. Боксшы отырған көлікті қуып жүріп тоқтатқан соң, Рузбаев жол инспекторының біріне қарсы ұмтылып, жұдырық жұмсаған. Дау жан-жал күшейіп бара жатқан соң, инспекторлардың бірі тапаншасын шығаруға мәжбүр болған. Ақыры атылған тапаншаның оғы Рузбаевтың желкесіне тиіп, ол оқиға болған жерде көз жұмды. Ал боксшының жақын-туыстары баласын өлтіріп алған инспекторлардың сөзін жоққа шығарып, бұл оқиғаны басқашалап айтқан болатын.
Міне, қазақ спортшыларының қылмыскерлер қолынан қаза табу оқиғасының өзі жиырмаға жетіп жығылады екен. Осындай қасгөйлік, жендеттік үдеп тұрған кезде қазақстандық спорт қалайша гүлденбек?
Мұндай спортшыларды «аулау әдісі» Ресейде де барынша үдеп тұр. Осы мемлекеттегі кейінгі уақыттары көптеген әйгілі спортшылардың есімдері қылмыстылар тізімінде жиі-жиі көріне бастады. Мәселен, милиционер, әрі киллер болған, кейінен Грекияда өлтірілген Александр Салонник – спорт шеберлігіне кандидат. Бұрынғы спортшы, кейінірек түрлі қылмыстарға барған, еркін күрестен Украинадағы Олимпиада құрамасының жаттықтырушысы Борис Савлохов, каратэден қара белбеу иегері Мансур Шелковников, штангашы Виктор Авдышев, экс вело спортшы Валерий Прыщик...осылардың барлығы да қылмыстық бірлестіктерге араласуының арқасында ажал құшты. Бұл тізімді санасаң еселене түседі.
Мысалы, Ресейдегі кунг-фудың ең атақты жаттықтырушыларының бірі, қылмыс әлемінің белді өкілі (авторитет) саналатын Герман Винокуровты Болгарияда атып кетті. Кеңестер одағы аумағында шығыс жекпе-жегінен алтыншы дан иегері Валентин Цой, кикбоксингтен кәсіпқойлар клубы «Китектің» президенті Юрий Ступенков, танымал кикбоксшы, халықаралық ауқымдағы қылмыс әлемінің өкілі Евгений Падаев та кісі қолынан қаза тапты.

Небәрі 17 жыл, яғни, 1991-2008 жылдар аралығында, бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған реупубликаларда мыңнан аса спорт шеберлгіне кандидаттар, 400-ден астам спорт шебері қолдан өлтірілген. Жиырмаға жуық халықаралық және еңбегі сіңген спорт шеберлері, еуропалық, әлемдік және олимпиадалық жарыстардың жүлдегерлері мен чемпиондары да қылмыскерлер қолынан ажал құшқан.
Ресейлік, бокстан әлем чемпионы Андрей Куряев есірткі тасымалдағаны үшін Қырғызстан түрмесінде жазасын өтеуде. Сол сияқты, Ресей спорты тарихының ең үздік биатлоншысы аталған Александр Тихоновтың ұсталуы да спорт әуесқойларын естен тандырғандай болды.
Міне, мұның бәрінің түп төркіні мығым күшті көп керек ететін, жекпе-жекке негізделген айбарлы спорт түрлерінің өкілдерін қылмыс әлемі өз мүддесіне пайдалануда жатыр. Шетелде спортшыларға түрлі клубтар мен демеушілер ақшалай сыйлықтар тағайындап, жарнамалық келісім-шарттарға отырғызып, олардың өз өмірлеріне жетерлік қаржы жинауға көмектесетінін жоғарыда айтып кеттік.
Мәселенің түп-төркіні – спорттық өмірдің тым шолақтығында. Мұнымен қоса, кәсіби спорттың өзі денсаулықты үнемі арттыра береді деген де ұшқары пікір. Себебі, өз мансаптарының соңында көптеген атлеттер мүгедек болып қалатын жағдайлар кездеседі. Ендеше, спортшылардың осындай жай күйзелісін кім елеп жатыр?
Олимпиада чемпиондарының өзін сыртқа теуіп, өгейсіткен оқиғалар да болған. Оған мысал ретінде Олимп шыңына шыққан саңлақ Шәміл Серіковтың қайғылы қазасын айтсақ та жеткілікті.
XS
SM
MD
LG