Accessibility links

Тибеттіктер Далай Лама елден қуылып, күшпен басып-жаншылған көтерілістің 50 жылдығын атап өтуде


Үндістандағы тибеттіктер басып-жаншылған көтерілістің 50 жылдығын атап өтуде. 10 наурыз. 2009 жыл.
Үндістандағы тибеттіктер басып-жаншылған көтерілістің 50 жылдығын атап өтуде. 10 наурыз. 2009 жыл.

Бүгін дүниежүзіндегі тибеттіктер Қытай билігіне қарсы көтерілістің 50 жылдығын атап өтуде. Салтанатты жиында сөйлеген Тибеттің рухани көсемі Далай Лама Қытайды тибеттіктерді басып-жаншып келеді деп сынады.Еске алу шараларына байланысты Қытайдың батысы мен Тибеттің өзінде қауіпсіздік жағдайлары күшейтілді.

Тибеттің рухани жетекшісі Далай Лама Тибеттің шын мәнінде автономиялық елге айналуы үшін Бейжіңмен түсіністік табуды көздеп келеді.

Бірақ 1959 жылғы күшпен басылған көтерілістің 50 жылдығындағы Далай Ламаның сөзінде ымыраның белгісі азғантай ғана болды.

Ол жарты ғасырдан аса уақыт Қытай режиміне қарсы шыққан тибеттіктердің мекеніне айналған Үндістанның солтүстігіндегі мыңдаған қолдаушылары алдында сөйледі.
Далай Лама Үндістандағы сарайында ақпарат өкілдеріне қайрылды. 10 наурыз. 2009 жыл


Оның айтуынша, Тибет монахтарының көтерілістерін басып-жаншу оқиғаларынан, оның ішінде Қытайдың бұрынғы басшысы Мао Цзэдунг кезіндегі мәдени төңкерістен тибеттіктер ауыр азап шекті.

Бірақ жүз мыңдаған адамның өліміне әкелген және Тибеттің мәдениетін өшіруге тырысқан ондай саясаттарына қарамастан, тибеттіктердің рухы ешқашан өшпейді деді:

“Менің ойымша коммунистер сананы улап, жалған ақпарат таратып және қандай да бір науқандарға ақша бөлу сияқты, азаптап-қинау, түрмеге салу сияқты түрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланды. Бірақ тибеттіктердің рухы ешқашан өшпейді,”-деді Далай Лама.

Десе де бұл айыптауларымен қоса Далай Лама Бейжіңмен жұмыс істеуге дайын екенін де танытты:

“Біздің болашағымызды қарастыруымыз және өзара тиімділігіміз үшін жұмыс істеуіміз қажет. Біз тибеттіктердің Қытай халық республикасы аясында тұруына мүмкіндік беретін келісім бойынша заңды әрі нағыз автономиялы ел болуды көздейміз”.

Тибет монахтарының өткен жылы Лхасадағы 1959 жылғы көтерілісті еске алу шараларын қауіпсіздік күштері басып тастаған болған. Одан кейінгі күндері оған қарсы наразылықтары провинцияларға дейін тараған. Бұл соңғы ондаған жылдағы тибеттіктердің ең үлкен қақтығысы болды.

Осы жылы Қытай билігі елдің Сычуань сияқты тибеттіктер көп тұратын аймақтары мен Тибетте қауіпсіздік шараларын күшейтіп отыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, бұл өңірлерде қаруланған әскери көліктер әрі-бері жүріп, полиция жиі-жиі жол қарауылдап, тексеріс жасап отыр.

Ресми Бейжің Далай Ламаның айыптаған сөздері өтірік деп, елдің сыртқы істер министрлігі оған баға беріп отыр. Министрлік өкілі Далай Лама айтқан шабуылдарға қарсы ештеңеге тоқталмай, Қытай билігінің Тибетте жүргізген реформасы Тибет тарихындағы ең түбегейлісі болды деп түсіндірді.

Министрлік өкілі сонымен қатар, АҚШ-тың Өкілдер палатасын Қытайдың Тибеттегі репрессиясына алаңдаушылық танытатын Конгресс ұсынған қарардан бас тартуға шақырды.

2009 жылы Қытай билігінің басын қатырып, мазасыз кетіретін тағы басқа маңызды еске алу шаралары бар.

Алдағы маусым айында 1989 жылғы Бейжіңнің Тьянаньмень алаңында демократияшыл жастарды күшпен басқан қанды оқиғаға да 20 жыл толады. Бұл күнді әлемнің құқық қорғаушы топтары жыл сайын атап өтіп, оның соңында мыңдаған адам қамауға алынып, кейбір халықаралық ұйымдардың жұмысына тыйым салынып келеді.

Сонымен қатар, The New York Times басылымы жазып отырғандай, мамыр айының 4-де 1919 жылы империялық режимге қарсы болған студенттердің көтерлісіне де 90 жыл болады.

Жылдың соңында қазанның 1-і күні Қытай халық республикасының құрылғанына 60 жыл толады, бұл күні де ұйымдастырылуы мүмкін шараларға байланысты биліктің көңілі тағы алаңдаулы болады.
XS
SM
MD
LG