Accessibility links

АҚШ үкіметінің діни бостандық туралы есебіне бірнеше қазақстандық та кірді


Түрме жазасы кесілген Валерий Твердохлебті изоляторға апара жатыр. Жақсы ауылы, Ақмола облысы, 8 сәуір 2010 жыл
Түрме жазасы кесілген Валерий Твердохлебті изоляторға апара жатыр. Жақсы ауылы, Ақмола облысы, 8 сәуір 2010 жыл

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті діни наным-сенім бостандығы туралы өзінің жылдық баяндамасын жариялады. Әлемнің 200-ге жуық мемлекетіндегі түрлі дін өкілдерінің жағдайына сараптама жасаған мамандар Қазақстанға да тоқталған.


Құжатта Қазақстанның Конституциясында елде діни көзқарасқа қатысты кемсітушіліктің жоқ деген бап бола тұра, іс жүзінде тіптен олай емес деп жазылған. Елдегі тәуелсіз адам құқығын қорғаушылар да баяндамадағы жайттарды мақұлдайды. Алайда, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар.

ДІНИ БОСТАНДЫҚҚА ШЕКТЕУ ҚОЮ

Әлемнің 200-ге жуық еліндегі жағдайға сараптама жасаған АҚШ департаментінің баяндамасында Иран, Солтүстік Корея және Сауд Арабиясында – азаматтардың діни құқықтары өрескел бұзылатындығы айтылған.

Иран баяндама алғаш жарияланған -1999 жылдан бері жағдайы аса күрделі мемлекет болып танылып келеді. Биылғы баяндамада, Иран билігі шииттерге жатпайтын барлық діни аз топтардың бостандығын қатаң шектеуге алып келе жатқандығын айтады. Солтүстік Кореяда діни бостандық деген мүлдем жоқ. Ал діни белсенділер – түрмеге тоғытылған саяси тұтқындардың бір бөлігі болып табылады.
Солтүстік Кореяда діни бостандық деген мүлдем жоқ. Ал діни белсенділер – түрмеге тоғытылған саяси тұтқындардың бір бөлігі болып табылады.

Сауд Арабиясында жағдайдың аз да болса жақсарғандығы байқалған. Дегенмен, Исламнан өзге діндердің дамуына тыйым әлі бар.
Баяндама 1998-ші жылы Конгресс қабылдаған заңға сәйкес жыл сайын жарияланып отырады. Осы негізде азаматтардың діни сенім бостандығын шектеп, құқықтарын аяқасты еткен елдер АҚШ тарапынан санкцияға ұшырайды.

Құжатта Қазақстандағы діни наным-сенім еркіндігін шектеуге қатысты жапа шеккен үш азамат - Валерий Твердохлеб, Екатерина Дреничева және Виктор Левин аталып өткен. Валерий Твердохлеб - 2005 жылы Ислам дінін қабылдаған этникалық орыс. Оған ҰҚК террористік мазмұнды діни әдебиет таратты деген айып таққан. Твердохлебке қарсы қозғалған қылмыстық істі оның адвокаты қолдан жасалған деп санайды. Бұл туралы Азаттық радиосы бірнеше мәрте жазған еді. АҚШ үкіметінің есебінде Валерий Твердохлеб салафизм ағымын ұстанушы ретінде сипатталған.

Баяндама ауторларының атап өтуінше, мақсат - діни бостандықты шектеп отырған елдерді айыптау емес, әлем елдерін азаматтық бостандықтың осы бір маңызды саласындағы жағдайды жақсартуға ынталандыру екен.

ЕКІЖҮЗДІ САЯСАТ

Биылғы құжатта Қазақстанның жағдайы да баяндалған. Қазақстан Коституциясында «ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына байланысты ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп жариялағанымен, баяндама ауторлары шынайы жағдай мүлдем басқа екендігін айтады.

Мәселен, елде соңғы уақыттары дәстүрлі емес діни ұйымдар өкілдеріне қатысты қысым күшейген. Оларға қатысты ашық сын айтылмағанымен, ұйым өкілдеріне қатысты қылмыстық істер саны көбейе түскен. Мұнымен елдегі адам құқығын қорғаушылар да келісіп отыр.

- Бұл елдегі діни бостандыққа қатысты екіжүзді саясатпен байланысты. Оның алғашқысы, әрі ресми бейнесі – біздің Конституцияда көрсетілген – әр алуандылық және тең құқықтық. Бұл әлем елдері алдындағы Қазақстанның ұстанып отырған имиджі. Ал өмірдегі шынайы саясат – оның барлығының да керегі жоқ екендігін көрсетеді. Қысқасын айтқанда, екі саясат екі бұлақтан бастау алады. Біріншісі – президент әкімшілігінен, ал екіншісі – ұлттық қауіпсіздік қызметінен. Соңғысы Қазақстанда басымдылық екі дінге ғана берілген, ал өзгелері «қоқыс» деп санайды, - дейді Алматылық Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.
ҰҚК Қазақстанда басымдылық екі дінге ғана берілген, ал өзгелері «қоқыс» деп санайды

АҚШ департаментінің баяндамасында, жергілікті ақпарат құралдары, христиан – евангелистер тәрізді миноритарлы жеке діни топтарға қатысты жағымсыз көзқарас қалыпстатыратын мақалалар жариялайтындығын атап өткен. Құқық қорғаушы Фокина да бұл жайтты мойындап отыр.

- Негізінен мемлекеттік немесе билікке жақын ақпарат құралдары жазады. Олар әдетте мемлекеттен түсетін әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Олар «Экспресс-К», «Литер», «Мегаполис» сынды басылымдар. Және соңғы екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан антисектанттық үкіметтік емес ұйымдар. Олар ҰҚК бастамасымен құрылған ұйымдар. Бұған дәлел – аталған ұйымдардың ресми сайттары. Онда Қазақстандағы мұсылман мен христиан дінінен өзгелерінің барлығы «адам психикасына зиян келтіреді, мүлігін заңсыз иеленіп алады, сақ болыңыздар!» деген тұрғыда мақалалар жарияланады, - дейді құқыққорғаушы.

«ЕШҚАНДАЙ ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛІП ЖАТҚАН ЖОҚ!»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни білім және оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуеренбеков, құқық қорғаушылардың айтқанымен келіспейді.

- Бізде дінді ұстанғаны үшін ешбір адам жазаға тартылған жоқ. Тек қана, жекелеген адамдардың басқа қылықтары, террористік немесе заңды бұзған жағдайда жауапқа тартылып жатыр, - дейді басқарма өкілі.

Оның сөзінше, соңғы уақытта болып жатқан дәстүрлі емес мұсылман діни ұйымдар өкілдеріне қатысты соттар қысымға жатпайды.
- Оладың барлығы өздерінің экстремистік қылықтарының арқасында жазаға тартылғандар. Исламды жамылып алған, ал шын мәнісінде мақсаттары саяси немесе жеке бастарының мүддесі, - дейді Әбдімүтәліп Дәуеренбеков.

Алайда, құқыққорғаушы Нинель Фокина, соңғы 8 жылда діни көзқарасы үшін жауапқа тарту күшейіп келеді дегенді айтады. Мәселен, 2002-ші жылдары дәстүрлі емес дін өкілдеріне қатысты әкімшілік жаза тағайындалып келді.
Мұның барлығы келесі жылы қаралуы тиіс діни ұйымдар жөніндегі заңды күшейту мақсатында жасалынып жатқан болуы мүмкін.

- 2005-ші жылдардан бастап рейдерлік саясат қолға алынды. Діни ұйым өкілдеріне қатысты алғашқы сот отырыстары өтіп, 5-8 жылға бас бостандығынан айыру басталды. Ал соңғы бірнеше жылда елдегі негізгі мұсылмандар діни басқармасына бағынғысы келмеген діни ұйым өкілдерін, діни терроризммен байланыстыра бастады. Тіпті осындай айып негізінде 19 жылға түрмеге тоғытылған фактілер де болды, - дейді Нинель Фокина.

Қазақстандағы адам құқығын қорғаушылар, мұның барлығы келесі жылы қаралуы тиіс діни ұйымдар жөніндегі заңды күшейту мақсатында жасалынып жатқан болуы мүмкін деген ой айтады.
XS
SM
MD
LG