Accessibility links

Ертісбаев Рахат Әлиевтің Тұяқбайды айыптауын “күлкілі” деп санайды


Ермұхамет Ертісбаев - Қазақстан Президенттің кеңесшісі
Ермұхамет Ертісбаев - Қазақстан Президенттің кеңесшісі

Рахат Әлиевтің Қазақстанда нағыз оппозиция жоқ, барлық оппозициялық партияны Ақорда қаржыландырады деген мәлімдемесі күлкілі және түкке тұрмайды, деп мәлімдеді Азаттық радиосына берген сұхбатында президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.

- Ермұхамет мырза, таяуда Азаттыққа берген сұхбатында Рахат Әлиев Жармахан Тұяқбай қоғамды адастырып жүр, оның оппозициялық іс-қимылы көзбояушылық деп мәлімдеді. Қазақстан оппозициясын ресми билік қаржыландырады деген мәліметтер Рахатқа жататын интернет-сайтта да пайда болды...

- Қаржыландыруға байланысты мен ештеңе айта алмаймын. Өйткені, хабарым жоқ. Саяси партиялардың қалыптасуы мен дамуының әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, партиялар қаржыландыру проблемасына көбіне әртүлі бұлақтар тұрғысынан қарайды. Егер бірнеше қаржыландыру көзі болса, қаржыландырудың балама бұлақтары табыла қалса, оны кез-келген саяси партия өз құрылымын қолдау үшін пайдаланады.

Әрине, құдай сақтасын, есірткі долларын немесе сол сияқты тағы басқаның ақшасын емес, заң жолымен... Сол себепті де мен оппозициялық партияның билікпен әріптестік құруынан ешқандай қылмысты, ешқандай бұрыс нәрсені көрмей тұрмын. Одан кейін билік те біркелкі емес. Менің не айтып отырғанымды түсінесіз ғой!?

Биліктің ішінде түрлі элиталық топ бар. Партия қайраткерлерінің ұйымын, баспасөзін қамтамасыз ету – мұның барлығы да қаржыны талап етеді. Сондықтан да Рахат Әлиевтің олар биліктің қаражатын пайдаланады-мыс дегені немесе тағы басқа дегені – күлкілі, түкке тұрмайды. Балшабектер, есіңізде болса, өзінің көздеген мақсат-мүддесі үшін Ресеймен сол кезде соғысып жатқан елдің ақшасын пайдаланды. Бұл әрине тіпті басқа жағдай.

- Рахат Әлиевтің Қазақстанда нағыз оппозициялық партия жоқ, олардың барлығын Ұлттық қауіпсіздік комитеті бақылап-бағып отырады деген мәлімдемесіне не дейсіз?


- Бәлкім, ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары болған кезінде ол біздің және оппозицияның қауіпсіздік комитетінің жөн сілтеуімен өмір сүргенін аңсаған болар. Ал шындығына келгенде, өте күрделі, сан салалы саяси үдеріс бар.

Билік пен оппозицияның түрлі байланысы болады. Сол себепті де қауіпсіздік қызметі қайсыбір сценарийді әзірлеп, оппозиция сол бойынша әрекет етіпті деп бүтін проблеманы жеңілдету – әлбетте ақиқатты бұрмалау болып табылады. Ол шындыққа тіпті жанаспайды.

- Ермұхамет мырза, Қазақстан Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина “Время” газетіне берген сұхбатында егер оппозиция серкелерін қудалау басталса, демек сайлау болады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, әр сайлаудың алдында оппозиция лидерлерін алыстан “аяқтан шалу” басталады. Оған қоса жаңадан қылмыстық істі қозғаудағы нағыз нысана - оппозиция серкелері емес, мемлекет басшысының келешекте терезесі тең қарсыласы бола алатын Ғалымжан Жақиянов деген пікір де бар...

- Президент әкімшілігінің, одан да бұрын мемлекет басшысының, бір сөзбен айтқанда, елдің саяси басшылығының ол іске ешқандай қатысы жоқ. Мен мұны барлық жауапкершілікпен айтып отырмын. Бұл Ішкі істер министрлігінің, менің ойымша, еш ойластырмай қолға алған бастамасы болды.

Не үшін және қандай мақсатпен істеп отырғанын түсініп көру керек. Мысалға сіз бірнеше көзқарасты келтіріп отырсыз. Біреуінің айтуынша, бұл сайлаудың нышаны. Өзгелер болашақ үміткерлерді “алыстан аяқтан шалу” дейді.
Мүмкін Ішкі істер министрлігіндегілердің біріне “қараңыздар, біз жіті қадағалап отырмыз” деп оппозицияда жиі айтылатындай биліктің алдында бас ұрып, құлдық ету керек болған шығар.

Дегенмен да оларда заңдық негіз де болған шығар, оны анықтап көру керек. Президент әкімшілігінің оған ешқандай қатысы жоқ. Біреуді жасырыпты-мыс және т.б. деген белгілі факті бойынша қылмыстық істің қозғалғанына менің өзім де таңқалдым.

Басқа жағынан, оппозициялық саясаткерлерге кез-келген жағдайда, біреу-міреуді қорғаймын деп қол қоюдан бұрын, өзінің абыройы туралы да, өзінің жауапкершілігі жөнінде де мықтап ойлансын деген кеңес берер едім.

Бұл әрине енді басқа мәселе.

- Жуырда ғана Рахат Әлиевтің ықпалындағы интернет-сайтта ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев пен Әділбек Жақсыбековтің дауыстарына ұқсас 2 кісінің және тағы басқалардың телефон арқылы сөйлескен әңгімелерінің таспа-жазулары жарияланды. Әңгімеде Социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың президенттің қабылдауына сұранып жүргені және өз партиясының қаржыландырылуы нашарлығына, оны тіркеу ұзаққа созылып кеткеніне байланысты арызданғаны туралы сөз болады. Сіз осындай телефон әңгімелерінің таспа-жазуына және астыртын жазып алудың жалғасуына қалай қарайсыз?

- Кезінде Рахат Әлиев пен оның жігіттері айтарлықтай көп әңгімені жазып алса керек. Бұл телефон әңгімелерін түпнасқа деп мен кесіп айта алмаймын. Кезінде бір газетке менің де телефонмен сөйлескенімді жариялады... менің депутат Әбілқасымовпен арадағы әңгімемді.

Әлі есімде, ол таспадағы жазудың үштен екісі шындыққа ұқсағаны соншалықты, мен өзімнің үнімді танығандай болдым. Ал газетте мен ешқашан айтпаған қоспасы бар үлгісі пайда болды. Мен жақсы білемін, ол менің сөйлеу мәнерім емес.

Бұл жерде, бәлкім, технологиялық тәсіл, үздік технологияның қулық-сұмдығы бар ма, білмеймін, нақты ештеңе айта алмаймын. Бұл тақырып маған тіпті қызық емес.

Меніңше, кез-келген тақырыптағы жеке телефон әңгімелері – мемлекет тарапынан қорғалатын жеке өмірдің бір бөлігі.

- 22 қыркүйек күні таңертең Вена қаласында ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, генерал Әлнұр Мұсаевты ұрлап алып кетпек әрекеті болды, содан хабарыңыз бар ма?


- Мен ештеңе айта алмаймын. Мен оппозициялық газеттер мен интернеттен ғана оқығаным бойынша жауап бере алмаймын.

Менде шынымен де не болғаны туралы айдан анық, бейтарап және ең бастысы толық ақпарат жоқ. Сондықтан да мен ешқандай түсініктеме бере алмаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

XS
SM
MD
LG