Accessibility links

"Илон Масктар еліндегі" бөдене фермасы. Қазақ қайтсе жапоннан озады?


Кәсіпкер Әли Әбдіғали өзі өндірген өнімді көрсетіп тұр.
Кәсіпкер Әли Әбдіғали өзі өндірген өнімді көрсетіп тұр.

"Қазақстандықтар жапондарға қарағанда, бизнес ережесін орындауға, кәсібін елдегі заңға сай жүргізуге құлықсыз, бірден пайдаға қарқ болсам дейді". Қазақстанда туған, Жапонияда көп жыл тұрған кәсіпкер, аграрлық сала маманы Әли Әбдіғалидың пікірі осындай. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен бизнестің өркендеуіне не кедергі? Бұл сұраққа өз тәжірибесіне сүйеніп жауап берген Әбдіғали Азаттыққа Қазақстанда бөдене фермасын қалай ашқаны жайлы баяндады.

Әли Әбдіғали Абай атындағы гуманитарлық университеттің шығыстану факультетін, Қытайдың Шэньян қаласындағы Лияонин университетін бітірген. Біраз уақыт Қазақстандағы қытай компаниясында жұмыс істеген. Университетте бірге оқыған жапон қызы Айкоға үйленген. Жапонияға көшіп, отбасы сонда тұрақтап қалған. Ал Әли фермерлікпен айналысуды қолға алған. Бұл салада еңбек еткеніне он жылдан асты. Мұның бәрі бір кезде Қазақстанда бөдене фермасын ашу туралы идеядан басталған.

"ЕСІРТКІ САУДАСЫНАН БАСҚА КЕЗ КЕЛГЕН ІСПЕН АЙНАЛЫСА БЕР"

Он жыл бұрын, жасым 30-дан асқан кезде өз бетімше жұмыс істеп көрсем деп ұйғардым. Мұндай шешімді бірден қабылдаған жоқпын. Ұзақ ойланып-толғануға тура келді. Әйеліммен ақылдастым. Жеке кәсіптен ештеңе шықпаса, қолымызда жоқ дегенде пәтеріміз қалады ғой, нартәуекел дедік. Ұсақ-түйек затқа дейін түгел есептеп, қандай қауіп-қатер болуы мүмкін екенін ескеруге тырыстық.

Жапонияда тұратын қазақ Әли Әбдіғали.
Жапонияда тұратын қазақ Әли Әбдіғали.

Бірақ бұл менің емес, әйелімнің әдісі, ол – жапон. Жапондар – бәрін бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп, мұқият тексеретін халық. Біз Excel кестесіне қажет деректерді жазып, бәрін есептеп, мерзімін белгілеп, үш жылға бизнес-жоспар құрдық. Ойлағаным жүзеге аспаса, жұмыс тауып, қалған өмірімді артық "әңгімесіз", Жапониядағы компаниялардың бірінде тыныш өткіземін деген қорытындыға келдім.

Шешім қабылданды. Сол кезде Осакаға турист болып келген қазақстандық кәсіпкер жігіттермен таныстым. Әңгіме барысында шағын бизнеспен айналысатынымды айттым. Олар Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысуды ұсынды. "Немен айналысамын?" деген сұрағыма "Мысалы, бөдене фермасын ашуға болады" деп кеңес берді.

Ауыл шаруашылығын жақсы білмейтінімді ашып айттым. Иә, ауылда өстім, қой бақтым, бақшаға қызанақ пен қияр еккенім рас. Үйде сиыр, тауық ұстадық. Бірақ бұл мүлде басқа нәрсе ғой! Сендер маған ферма ашуды ұсынасыңдар, ал бұл – салмақты іс!

Олар қорқатын түгі жоғын айтып, "Жапониядан бөдене фермасын тауып, үйренуге барасың. Кейін Қазақстанға келесің, бәріміз бірігіп, "Узура Фарм " фермасын ашамыз" деп ұсыныс жасады. Жапон тілінен аударғанда "узура" – бөдене, ал ағылшын тіліндегі "фарм" сөзі – ферма деген мағына береді. Көбі фармацевтикамен шатастыратын бұл сөз шын мәнінде "ферма" деп аударылады.

Осы әңгімеден кейін үйге келіп, әйеліме айттым. Ол "есірткі саудасынан басқа көңілің қалаған кез келген дүниемен айналыса бер, ерік өзіңде" деді. Маған біраз уақыт бөлек тұруға тура келетінін, арасында үйге келіп тұратынымды айттым. Әйелім "жақсы, тек балалар сенсіз өседі" деп ескертті.

Әли Әбдіғалидың отбасы.
Әли Әбдіғалидың отбасы.

"СЕН КІМСІҢ? ҚАЗАҚСТАН ҚАЙДА?"

Сөйтіп ферма ашуға бел будым. Осылайша ферма іздеудің жыры басталды. Қазақстанда мекенжайды интернеттен тауып, хабарласып, баруға болады. Жапонияда бәрі басқаша. Ол жақта ферманың телефон нөмерін тауып, хабарлассаң, "Сен кімсің? Қазақстан дегенің қайда?" деп сұрайды. Мен түсіндіре бастаймын. Туған жерімнің қайда екенін түсіндірудің өзіне бір сағат уақыт кетеді.

"Ал, бізден не сұрайсың?" дейді. Мен ойымды ашып айтамын. Олар "жоқ" деп, келіспейді. Еш себепсіз бас тартады. Осылайша бір, екі рет емес, 20 компания бетімді қайтарды. Басында салым суға кетіп, кейін қазақтың тапқырлығына бастым. Тікелей барамын деп шешіп, бөдене өсірушілер институтының жанынан құрылған қауымдастыққа хабарластым, олар "кел" деді.

Қауымдастықта қарапайым жапондар отырады. Профессорлар мен технологтар "Сен сол жақтан осы үшін келдің бе?" деп таңғалды. "Иә". – "Барлығы бар тартты ма?" деп қайталап сұрады. – "Иә". Қауымдастық қызметкерлері "Олардың келіспейтіні балаға да аян, себебі сен шетелдіксің ғой!" деп жағдайды түсіндірді.

Жапониядағы әр ферма – үш-төрт ғасырлық тарихы бар отбасы бизнесі. Ал мұнда бір "шетелдік" келіп, "маған білгендеріңді үйретіңдер" дейді.

Қауымдастық өкілдері маған ешкім көмектеспейтінін ашып айтты. Бірақ мен үш ай бойы олардың қыр соңынан қалмай қойдым. Соңында маған ең үлкен "Тоукай Юки" фермасын тауып берді. Ферма иесі жақында билікті әкесінен алған, Америкада оқыған, бөдене өсірушілердің төртінші буыны саналатын кісі екен. "Мүмкін, сол келісетін шығар" деді.

Жапондар үшін батыста білім алғандар басқа адам болып көрінеді. Қауымдастық өкілдері қолыма ресми хат тапсырды. Үстіме "костюм-шалбар" киіп, хатты алып, фермаға бардым. Барсам, үсті-басы балшық ферма иесі бөденеге жем шашып жүр.

Сені бір жылға жұмысқа алайын, бірақ ақша төлемеймін. Таңнан кешке дейін жұмыс істейсің.

"Кімсің?" деді. "Мынау өзіңіз мүше қауымдастықтан берілген құжат" деп хатты көрсеттім. Жапондар үшін құжат деген маңызды нәрсе. "Сені сол жақтан жіберсе, демек маңызды адамсың!" деді. "Әрине, маңызды! Қазақстаннан келіп тұрмын" дедім ағылшынша жауап беріп. Ол "Ағылшын тілін қоя тұршы, Лос-Анджелесте оқысам да, тілді ұмытып қалдым. Қандай шартың бар?" деп сұрады. "Сізден білгеніңіздің бәрін үйренгім келеді!" деген ойымды ашып айттым. Ол "Жақсы, сені бір жылға жұмысқа алайын, бірақ ақша төлемеймін. Таңнан кешке дейін жұмыс істейсің, жатақханада тегін тұрасың" деді.

"ҮШ АЙ ЖАРТЫ МИЛЛИОН БӨДЕНЕНІҢ АСТЫН ТАЗАЛАДЫМ"

Құл сияқты жұмыс істедім. Таңғы сағат 5-те тұрамын, түнгі 12-де жатамын. Осылай күнде, демалыссыз жұмыс істеп жүрдім.

Арбаны итеріп, барахолкада жүргендей "Жол! Жол!" деп айғайлайтынмын.

Үш ай бойы жемсауытты қалдықтан тазартып, жапон бөденелерінің астын тазаладым. Жұмыс процесі автоматтандырылған, ал менің міндетім – артық затты лентадан алып, қалдықтарды арбамен сыртқа шығару. Арбаны итеріп, [Алматының үлкен базары] барахолкада жүргендей "Жол! Жол!" деп айғайлайтынмын.

Фермада 500 мың бөдене болды. Жарты миллион бөдене дегеннің не екенін білесіз бе? Тіпті елестетудің өзі қиын! Бұл қорқынышты. Үш ай бойы жарты миллион құстың астын тазаладым. Содан кейін ғана ферма иесі мені бөденеге су беруге жіберді.

Осылай екі-үш айдан әртүрлі процесте жұмыс істеп, инкубатордың, етті бөліп, дайындаудың, жұмыртқа тұздаудың қыр-сырын меңгердім. Сұрыптау мен құс саңғырығынан тыңайтқыш жасауды үйрендім. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл мектептен өттім!

Фермадан кететін уақыт та келді. Жапон басшым "Жұмысқа қал, ақша төлеймін" деді. "Бізбен қалсаң, патша боласың!" деген сыңай танытты. Бірақ бұл фермада патша болмаймын деп шештім де, кетіп қалдым. Жапондарша жылы қоштастық, ол әйелім мен балаларыма сыйлық беріп жіберді.

Мен Қазақстанға жолға шықтым.

"БҰЛ ҚАЗАҚСТАН ҒОЙ, ҚАЙТЕСІҢ?!"

Бизнесім Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында болды. Қазақстанда бәрі дайын, тек бұйрық беріп жүремін деп ойладым. Бірақ олай болмады! Ферманың орнына ағаш үйге тап болдым. Серіктестерім ештеңе салмапты. Бұл – қазақша кайдзеннің (жапондардың процесті үздіксіз жетілдіру туралы философиясы – ред.) бір түрі.

Айтпақшы, мені күткені дұрыс болған екен. Өйткені еденнің иілу градусы, қолданылатын құрылыс материалдары, ферма ішіндегі температура мен ылғал мәселесін, ауа алмасу құбырын қайда орнату керегін өзім шештім.

Бизнес серіктестерім – құрылысшылар, олар ферманы менің сызбам бойынша салып шықты. Сәулетші емеспін, бәрін қолдан салдым: "мұнда инкубатор болады, етті мына жерде бөлеміз, ана жерге санитайзерлер қойып, мекеме ішіндегі бөлмелер арасында вирус таратпау үшін дезинфекциялық төсеніш жаю керек" деп жоспар құрдым. Бір сөзбен айтқанда, жапондардың барлық санитарлық және эпидемиялық стандартын енгіздім. Жігіттер осы талаптарға сай келетін шағын ферма салып шықты.

Міне, енді жұмыс басталды деп ойлаған боларсыз. Шыдай тұрыңыз. Біз әлі құжат жинаған жоқпыз! Өрт сөндіру, эпидемиялық, ветеринарлық қызметтен рұқсат алу керек. Ол құжаттарды жарты жыл жинадым. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелдік, кейін ол жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды. Бұл тез болды. Қазақстанда бұл жақсы дамыған екен. Бар қиындық әкімдіктің жер комитетінен басталды.

Қазақстандағы жағдайды айтып берейін. Кеңседе толық жүзді шенеунік отырады. Мен оған патриоттық сезіммен "Аға, әйелім мен екі баламды тастап, Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосайын деп келдім. Мен қазақпын! Қолымда Қазақстанның төлқұжаты бар. Нені тәрк етіп келіп тұрғанымды түсінесіз ғой – балаларым менсіз өсіп жатыр. Оларды үш жыл көрген жоқпын" деп жағдайымды айттым.

Ал шенеунік ыңыранған дауыспен"Иә-ә-ә… Қандай жақсы жігітсің! Бізге осындай патриоттар көбірек керек. Бірақ өзің де түсінесің ғой, білесің ғой… Міне-е-е..." деді.

Бірақ мен дым түсінбедім!

Шенеуніктер артымнан жүгіріп, мені қолдауға міндетті. Барлық құжатты мен емес, солар жинауы керек.

Серіктестерім "Осылай да осылай, бұл Қазақстан ғой, қайтесің…" деп түсіндіруге тырысты. Мен оларға "Жоқ, мұндайды түсінбеймін, президент ауыл шаруашылығын, шағын бизнесті дамытуды тапсырды. Шенеуніктер артымнан жүгіріп, мені қолдауға міндетті. Барлық құжатты мен емес, солар жинауы керек. Мен мемлекет қазынасына салық төлеймін ғой. Адамдарды асыраймын. Неге мен шенеунікке ханның алдына барғандай иілуім керек?!" дедім.

Қырсығып, барлық құжатты өзім жинап шықтым. Әрине, бұған біраз уақыт кетті. Бірақ бәрін заң бойынша істедім.

Қазақстанда бәрін адам сияқты жасауға болады. Мемлекеттік құрылымдарда прогреске кедергі келтіретін бюрократтар бар. Бірақ бәрі ондай емес.

"БӘСЕКЕЛЕСІМІЗ – ӘЖЕЛЕР"

Өзіміз өндірген алғашқы өнімді базарға шығара бастадық. Бұған тағы да қосымша құжаттар керек болды. Базарға өнім шығару үшін санитарлық-эпидемиялық, ветеринарлық құжаттарды талап етеді. Бәрін талапқа сай дайындадым. Одан бөлек, өнім құрамы туралы жапон лицензиясын жасаттым. Бұл үшін Жапонияға арнайы барып, зертханаға өтініш бердім.

Жапондар біздің өнімді мақтады. Өнім барлық жапон стандартына сай келетінін айтты. Жапон зертханасының қорытындысын сатып алу мүмкін емес. Біздің "көке", "тәте" дегеніміз ол жақта жүрмейді.

Базардағы бәсекелесіміз – үйінің алдындағы шағын қорада құс ұстайтын әжелер болды. Олар жем нормасын сақтамай жұмыс істейді, салық төлемейді, жұмысшылары жоқ. Сондықтан өте арзан сатады. Ал бізде бәрі бағаға қосылған. Сальмонелла жұқпасын деп, базарға апаратын әр жұмыртқаны арнаулы сұйық затпен жуатынбыз.

Әли Әбдіғалидың бөдене фермасының өнімі.
Әли Әбдіғалидың бөдене фермасының өнімі.

Саудамыз біртіндеп жүре бастады. Өнімді басқа қалаға көтерме бағамен алып кететін азаматтар, тұрақты клиенттеріміз пайда болды. Біраз уақыттан кейін серіктестерім "Мұның бәрін базар үшін бастаған жоқпыз ғой. Қорапқа салып, азық-түлік дүкендеріне шығарайық" деді. Лицензия мен штрих-код алдық. Бұған үш айдай уақыт кетті.

Ең бірінші "Тоймарт" дүкенімен сөйлестік. Оларға өте маңызды тұлға сияқты киініп бардым, ал олар "Бизнес жоспарың қайда?" деп сұрады. Одан кейін "Рамстор", "Смолл" дүкендерімен байланыстық, осылай процесс жолға қойылды.

"ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҚСЫ ШӘКІРТ ТАБУДЫҢ ӨЗІ ҚИЫН"

Бірақ мен Қазақстанда қалып қойдым, ал балаларым менсіз өсіп жатыр. Елден кетпес бұрын білгенімді басқа адамға үйретіп, орныма қалдыруым керек еді. Қазақстанда жақсы технологтар жоғын түсіндім. Мамандарды өзім дайындап көрдім, бірақ бұған өте көп уақыт кетті. Ал кейін директор мен менеджер табылмады. Сондықтан қалуға тура келді. Бірақ өкінбеймін. Өйткені осы уақыт ішінде Қазақстанда тұрып, туыстарыммен араластым.

Сонда да бір жайсыз нәрсені мойындайық. Қазақстанда жақсы маман былай тұрсын, жақсы шәкірт, жақсы жұмысшы табудың өзі қиын. Бұл – үлкен проблема! Ондай қиындық өз басымда болды. Жұмысшы табу үшін көп ақша мен уақыт жұмсадым.

Жұмысшы бір аптадан кейін келіп, "Аға, ауылға қайтуым керек. Жалақымды беріңізші" дейді. "Не болды? Бір апта ғана жұмыс істедің ғой" десем, "Той болып жатыр, бармасам болмайды" дейді. Оны "Жақсы, бірақ қайтып келмей-ақ қой" деп шығарып саламын.

Бөденеден әзірленген ас.
Бөденеден әзірленген ас.

Келесі адамды жұмысқа аламын. Жаңа жұмысшы мерзімінен бұрын жалақы сұрап келеді. "Сен бұған дейін де жалақыңның бір бөлігін алдың ғой" десем, "Иә, айфон сатып алдым, соған енді құлаққап қосып алмақпын" дейді. "Ата-анаңа беру үшін ақша жинауың керек қой" деген жанашыр лебізіме "Оларда бәрі бар, мал бағады. Ал мен джинсы, айфон сатып алып, киінгім келеді" деген жауап естимін.

Түсінесіз бе, олар құдды бала сияқты! Олармен әуре болып, "Өмірде кез келген жағдай болуы мүмкін. Еңбегің мен ақшаңды бағалау керек. Бұл сақтандыру қағазы сияқты. Қиын кезде көмек болатын қауіпсіздік қоры" деп, ақша жинап үйрену керегін түсіндіруге тырыстым. Бірақ олар маған басқа ғаламшардан келген адам көргендей қарады.

Жапонияда ақшаға ұқыппен қарайды. Өйткені сен ақша табу үшін көп уақыт, ресурс, күш-қайратыңды жұмсайсың.

Жұмысшыларымның ешқайсысы ақшаны бағалаған жоқ. Бұл қатарға жатпайтын бірнеше адам ғана болды. Қазір жұмысшылар туралы айтып отырмын. Бірақ бұл мәселе менеджерлер мен технологтар сияқты басқа деңгейдегі қызметкерлерге де қатысты. Олар да жұмысшылардан алыс ұзай қоймайды. Бұған қатты таңғалдым.

"СОНДА ҒАНА ҚАЗАҚСТАН ЖАПОНИЯДАН ОЗАДЫ!"

Бәрін дұрыс түсінетін адамдар бар. Бірақ мұнда бизнеспен айналысу қиын. Осыны түсіндім. Мәселе – өзімізде. Жұмысқа немқұрайды, жауапсыз қараймыз. Жұмысқа ғана емес, жеке өмірге деген көзқарас та сондай. Фермада істейтін адамға "жұмысқа уақытында келу керек" деген ескерту жасасаң, ол саған ренжіп, "ұнамаса, жұмыстан шығамын" деуі мүмкін.

Оған жұмысқа байланысты ескерту жасап едім, ол бәрін тастап кетіп қалды. Тіпті ескерткен де жоқ. Олардың 99 пайызы осылай жасайды. Бірақ Қазақстанда кәсіп жүргізуге мүмкіндік көп. Бұған өз міндетін жақсы атқаратын жұмысшылардың аздығы себеп.

Қазақстанда кәсіпкерлік саласы әлі толық игерілмеген. Пандемияға қарамастан, бизнесті көтеруге болады. Бір жаманы, жауапты қызметкер табу қиын.

Сталинді суқаным сүймейді, бірақ ол "Бәрін кадр шешеді" дегенді өте дұрыс айтқан. Бұл барлық жерде жұмыс істейді. Қазақстанда мүмкіндік көп. Кез келген іспен айналыссаңыз болады, сізге бәсекелес табылмайды.

Фермамызға жауапкершілікке негізделген жапон жүйесін енгіздік. Оған сәйкес, әркім өз міндетін уақытылы орындап, ережені бұлжытпай орындауы керек.

Бірақ бізге "ережені сақтау" қиын екені ДНК-мызда жазылған. Маска тағу, қол жуу, өзге адамнан кемінде бір метр алыс тұру. Қиын! Біздің артықшылығымыз да, кемшілігіміз де – осы.

Мен Жапонияда тұрамын. Жапонияны кітап, YouTube желісіндегі видео немесе фильм арқылы емес, елді ішінен танитын адам ретінде жақсы білемін. Сонда тұрамын, сол мәдениеттің ішінде біте қайнасып жүрмін. Жапон қоғамы барлық жетістікке еңбекқорлығы мен тапсырманы бұлжытпай орындайтын қасиетінің арқасында жетіп отыр. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Өз міндетін жақсы атқару деген жақсы, әрине. Алайда қоғамның кем дегенде бір пайызын қалыптасқан шектен шығып, ағынға қарсы жүзетін адамдар құрауы керек.

Енді қазақтарды алайық… Біз бұл жерде алдымызға жан салмаймыз ғой! Шекара мен шаблондардың кез келгенін бұзып шығамыз. Кәсіби карьерам туралы жапонға айтсам, ол мұны "ақылға сыймайтын әрекет" деп бағалайды. "Бұл шытырман оқиғалы хикаяға ұқсайды" дейді. Ал соны қазаққа айтсам, "Тәйірі, сол ғана ма? Мен одан да жақсы істей аламын" дейді. Ол мұны сүт қосылған шай ішіп, диванда жантайып жатып айтады.

Мен плюрализмді қолдаймын, қоғамда бәрі бірдей физик немесе лирик бола алмайды. Қоғамға гуманитарлық және техникалық мамандық өкілдері бірдей керек. Бірақ ең бастысы, тепе-теңдік сақталғаны дұрыс.

Жапондарға ағынға қарсы жүзетін адамдар жетіспейді. Мысалы, Илон Маск сияқты. Оған "Бұл саланы Роскосмос жаулап алған" деді, ал ол дегенінен қайтпай, талайдан қалыптасқан ережені бұзды. Өзгелер "электромобильдің болашағы жоқ" деді, ал ол болса көліктің осы түрін трендке айналдырды.

99 пайызы Илон Маск сияқтылардан тұратын қоғамды алсаңыз тура Қазақстан болып шығады.

99 пайызы Илон Маск сияқтылардан тұратын қоғамды алсаңыз тура Қазақстан болып шығады. Олардың арманы асқақ, бәріне әп-сәтте қол жеткізсем дейді. Бірақ оның бәрін кім жүзеге асырады? Илон Маск көздеген мақсатына қалай жетеді? Өйткені оның ақылға сыймайтын идеяларын жүзеге асыратын қатардағы қызметкерлері бар.

Біз – Илон Масктар еліміз! Бізге керемет ойымызды шындыққа айналдыратын қарапайым жұмысшылар жетіспейді.

Бәріне қол жеткізуге болады. Коронавирус індеті ерте ме, кеш пе, бітеді. Қазақстанда жай ғана ережемен жұмыс істеу керек. Бір күн ғана емес, күн сайын. Болды! Артық ештеңе керек емес! Өз жұмысыңды істеп, сол үшін жауап беруге дайын бол. Сонда Қазақстан жетістікке жетіп, Жапонияны басып озады!


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG