Accessibility links

Қазақстан азаматының сарайлары. Қырғызстаннан шығарылған миллиондар қалай жұмсалды?


Қырғызстаннан аса ірі көлемде ақша шығарылғаны туралы зерттеу мақалалардан кейін Орталық Азиядан шыққан логистика алпауыты Хабибула Әбдіқадырдың есімі жұрт ауызынан түспейтін болды. Азаттықтың Қырғыз қызметі, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop басылымының бірлескен жаңа зерттеуі Хабибулла Әбдіқадырдың АҚШ пен Еуропада жылжымайтын мүлікке ондаған миллион доллар жұмсағанын анықтады.

Зерттеуде Қытайда туған, тегі ұйғыр Қазақстан азаматы Хабибула Әбдіқадыр мен оның отбасының аталған мүлікті "жасырын қаржыгер" Айеркен Саймаити аударған ақшаға сатып алғаны айтылған. Бұған дейін Қырғызстаннан курьерлердің көмегімен ондаған миллион доллар шығарғанын мойындаған Саймаити 2019 жылы қарашада Түркияның Стамбул қаласында кісі қолынан қаза тапқан. Кәсіпкерді тапсырыспен атып өлтіргенге ұқсайды.

Зерттеудің алдыңғы бөлімінде Саймаитидың Әбдіқадырдың отбасына ақшаны жасырын түрде қалай жібергені, кеден қызметіндегі заңсыз схемалар мен Қырғызстаннан "арам ақшаны" шығару жайлы баяндалған. Зерттеу материалдары жарияланғаннан кейін Бішкекте жемқорлыққа қарсы наразылық акциялары өтті.

Бірлескен зерттеудің үшінші бөліміне Саймаитидың қастандықпен өлтірілгенге дейін берген сұхбаттары мен қаржы құжаттары негіз болған.

Жер реестеріндегі ақпарат пен корпоративтік мәліметтерді зерттеген журналистер Әбдіқадыр отбасының соңғы сегіз жылда Германия, Ұлыбритания, АҚШ және Біріккен Араб әмірлігінде кемінде 20 нысанды сатып алғанын анықтаған.

Атап айтқанда, Дубайдағы девелоперлік жобалар, Вирджиния мен Калифорниядағы үйлер, бұған қоса Лондондағы сән-салтанатты резиденциялар туралы сөз болады. Зерттеушілердің дерегінше, отбасы Ұлыбритания астанасындағы жеке меншік Кумби-Парк аумағында орналасқан зәулім үйді 6 миллион долларға сатып алған.

Хабибула Әдіқадыр сатып алған үйлердің бірі. Лондон, Ұлыбритания. Coombe Residential фотосы.
Хабибула Әдіқадыр сатып алған үйлердің бірі. Лондон, Ұлыбритания. Coombe Residential фотосы.

Германияның Аусбург қаласының орталығындағы құрылысы тоқтап тұрған нысан да Әбдіқадыр отбасының иелігінде. Жергілікті тұрғындарға пайдалануға беріледі деп жоспарланған мерзімі әлдеқашан біткен ғимараттың қаңырап тұрғаны ұнамайды.

Зерттеу авторлары Германияның Аусбург қаласындағы құрылысы тоқтап тұрған көпқабатты мына нысан да Әбдіқадыр отбасының иелігінде деп жазады.
Зерттеу авторлары Германияның Аусбург қаласындағы құрылысы тоқтап тұрған көпқабатты мына нысан да Әбдіқадыр отбасының иелігінде деп жазады.

Зерттеушілердің дерегі бойынша, Әбдіқадыр отбасы бұл елдердегі жылжымайтын мүлікке кемінде 65 миллион доллар жұмсаған. Бірақ мұны түпкілікті сома деуге келмейді, себебі оған тағы ондаған миллионға түскен құрылыс құны кірмейді. Бұған қоса жылжымайтын мүлік жайлы мәлімет барлық елде бірдей ашық емес.

Өлерінің алдында Айеркен Саймаити журналистерге өзі "жалған" деп атаған келісімді көрсеткен. Онда Қырғызстандағы Саймаитидың "Абдыраз" деген компаниясы Әбдіқадырға қарасты неміс компанияларының біріне 30 миллион долларды қарызға бергені жазылған. Бұл құжатты Әбдіқадырдың неміс банктеріндегі шотына ақшаның қайдан түскеніне дәлел ретінде ұсынуға пайдаланған.

Ағайынды Әбдіқадырлар. Солдан оңға қарай: Әлімжан Қадыр, Наби Қадыр, Маймаитили Қадыр және Хабибула Әбдіқадыр. OCCRP суреті.
Ағайынды Әбдіқадырлар. Солдан оңға қарай: Әлімжан Қадыр, Наби Қадыр, Маймаитили Қадыр және Хабибула Әбдіқадыр. OCCRP суреті.

Хабибула Әбдіқадыр да, оның іскер әріптестері де олардан пікір сұраған журналистердің өтінішіне жауап бермеді. Сонымен бірге өздеріне қаржының қандай жолмен келгені туралы бұған дейін жарияланған зерттеу мақалаларға байланысты көпшіліктің көзінше пікір білдірген жоқ.

Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP мен Kloop басылымы Саймаитидың мойындау сөзінің негізінде әзірлеген бірлескен зерттеудің бірінші бөлігін жариялағаннан кейін Қырғызстан қаржы полициясы кәсіпкер елдегі банктерден миллиард долларға жуық ақша шығарған деп мәлімдеді.

Хабибула Әбдіқадыр көпшілік алдына шықпайтын, алайда Қырғызстанның саяси элитасы өкілдерімен тығыз байланысы бар адамға ұқсайды. Журналистер Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің 2017 жылы қарашада өткен инаугурациясында түсірілген видеодан шараға қатысқан адамдардың арасында Әбдіқадырдың да болғанын анықтады. Видеода Әбдіқадырдың екінші қатарда президенттің бауыры, Қырғызстанның Украинадағы елшісі Юсупбек Шариповпен бірге отырғаны бейнеленген.

Хабибула Әбдіқадыр (қызылмен қоршалған) Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсіміне қатысып отыр. Бішкек, 24 қараша 2017 жыл.
Хабибула Әбдіқадыр (қызылмен қоршалған) Қырғызстан президенті болып сайланған Сооронбай Жээнбековтің ант беру рәсіміне қатысып отыр. Бішкек, 24 қараша 2017 жыл.

Қастандықпен өлтірілгенге дейін 37 жастағы Қытай азаматы Айеркен Саймаити кедендегі заңсыз схемаларға Әбдіқадырмен бірге Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың да қатысы бар деп мәлімдеген.

Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP мен Kloop басылымы Матраимовтың әйелі Әбдіқадыр отбасымен бірге Дубайдағы девелоперлік жобаға инвестиция салғаны туралы хабарлаған еді. Матраимов заң бұзғаны туралы айыптауларды терістеп, Дубайдағы жобаға байланысты комментарий беруден бас тартқан. Матраимов пен оның отбасы Азаттықтың Қырғыз қызметі мен Kloop басылымын сотқа берген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG