Accessibility links

Ауған сайлаушылары дауыстарын сатып жатыр


Сайлауда дауыс беру үшін куәліктерін алуға кезекте тұрғандар. Газни, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Сайлауда дауыс беру үшін куәліктерін алуға кезекте тұрғандар. Газни, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы Марко қалашығы тұрғындары осы күні кәсіптің жаңа түрін меңгерген. Олар алдағы президент сайлауында дауыс беруге арналған сайлаушы картасын сатып нәпақа тауып жүр.

Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятына қарасты Марко атты шағын қалада бума-бума сайлаушы карталарын ұстап, көше кезіп сауда жасап жүргендерді кезіктіруге болады. Қолына бірнеше сайлаушы картасын ұстаған Карим Ага «сауда қызу жүріп жатыр, топтап тапсырыс берушілер бар» дейді.

– Кейде 500-1000 сайлаушы картасын бірден сатып алатындар бар, - дейді ол.

Ол жергілікті тұрғындардың сайлаушы карталарының бір данасын 200 Пәкістан рупийіне (1,89 АҚШ доллары) сатып алып, 500-1000 рупийге дейін (4,73 - 9,50 АҚШ доллары) қымбат бағамен қайта сатады.

– Қазірдің өзінде 500-ден 1000 рупийге дейін сатып жатырмын. Кейде сайлаушылардың карталарын сатып алуға достарым да келеді, - дейді Ага.

Ол сияқты алыпсатарлар бұл жаңа кәсібін заңға қайшы іс-әрекет деп ойламайды.

– Біз заңды бұзып жүрген жоқпыз, бар болғаны өз дауыстарын аз-маз азық-түлікке айырбастауға әзір кедей сайлаушылар мен бай саясаткерлердің арасында делдал болып жүрміз, - дейді олар.

«ТАЛИБАН НЫҒАЮЫ МҮМКІН»

Ауғанстанда 2014 жылы сәуірдің 5-іне жоспарланған президент сайлауына дейін әлі бірнеше ай бар болса да, президенттікке кандидаттардың біразы дауыс беру карталарының жаппай сатылып жатқанына алаңдап, сайлаудың заңды өтетіндігіне күмәнмен қарайды.

Совет танкісі қаңқасымен ойнап жүрген ауған балалары. Жалалабад, Ауғанстан, 16 қазан 2013 жыл.
Совет танкісі қаңқасымен ойнап жүрген ауған балалары. Жалалабад, Ауғанстан, 16 қазан 2013 жыл.
– Үкімет пен сайлау комиссиясынан мұндай бейбастақтықты тоқтатуды талап етеміз. Бұдан бұрынғы сайлауларда дауыс берушілердің өз карталарын 1000 рупийге дейін сатқанын көргенбіз, - дейді Марко қаласының тұрғыны Рахмат Хан.

Егер заңсыздық 2009 жылғы соңғы сайлаудағыдан да көп болса, бұл халықаралық әскери күштер кеткен соң онсыз да соғыстан титықтаған Ауғанстандағы билікті қайта әлсіретіп, Талибанның нығаюына мүмкіндік беруі мүмкін дейді сарапшылар.

2009 жылғы науқанда сайлау комиссиясын басқарған, қазір Ауғанстан президенттігінен үміткер Азизулла Лудин бұл мәселені бақылауға алу қажет деп санайды.

– Халық сайлаушы картасын бір аяқ астың бағасына (5 -10 АҚШ доллары) сатып және сатып алып жатса, Ауғанстанның демократиясы саудаға түсті деген сөз - яғни ол халықтың берген дауысына тәуелді емес. Бұл мәселе бақылауға алынуы керек. Сайлаушылардың карталарын сатып алған үміткер іс жүзінде өз елі мен халқын алдап отыр деген сөз. Бұл – оның шаруасы, - дейді ол.

БҰРЫНҒЫ ДАЛА КОМАНДИРІ – БҮГІНГІ КАНДИДАТ

2001 жылы Талибан режимін құлатуға қатысып, кейін Ауғанстанда демократияны қалыптастыруға көп күш жұмсаған АҚШ бұл сайлау 2014 жылдың соңына қарай халықаралық әскери күштер елден біржола кеткенге дейінгі кезеңдегі ел тарихындағы ең маңызды оқиға болады деп үміттенеді.

Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың туысы Каюм (ортада) алдағы президент сайлауына үміткер ретінде қатысуға тіркелуге келді. Кабул, 6 қазан 2013 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың туысы Каюм (ортада) алдағы президент сайлауына үміткер ретінде қатысуға тіркелуге келді. Кабул, 6 қазан 2013 жыл.
Осы сайлауда жеңіске жеткен кандидат қазіргі президент Хамид Карзайдың орнын баспақ. Конституцияға сәйкес ол үшінші мерзімге президент болып сайлана алмайды.

Президенттіктен үміткерлер қатарында Хамид Карзайдың туған бауыры Каюм, бұрынғы сыртқы істер министрлері Залмай Расул мен Абдулла Абдулла, бұрынғы дала командирі, қазіргі парламент депутаты Абдул Раб Расул Саяф бар.

Кейбір кандидаттар мен олардың қолдаушылары – 1990 жылдардағы азамат соғысы кезінде бір-біріне қарсы күрескендер. Бұл сайлаудағы заңсыздықты одан әрі өршітіп, Талибанды күшейте түсуі ықтимал деген қауіп те бар.

Ауғанстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну процесі осыдан бірнеше күн бұрын ғана аяқталды.

Еркін және әділ сайлау өткізу мақсатында құрылған Тәуелсіз сайлау комиссиясы дауыс берушілер картасын сату ісіне қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Reuters агенттігінің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG